20 ақпан күні Орал өңіріне Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының мүшесі, осы палатаның жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Азат Перуашев келді.
Ол ең алдымен өздерінің сайлауалды науқаны өзге емес, нақ осы облыстан басталып отырғаны кездейсоқтық емес екеніне тоқталды. Аталған партия төрағасының мәлімдеуінше, Қазақстан барынша батыстық және еуропалық өркениетті, табысты бағыттар бойынша дамуы қажет. Ал Батыс Қазақстан облысы республиканың еуропалық бөлігінде орналасқан. Яғни, бұл аймақ Қазақстан үшін еуропалық бөлікке апаратын қақпа, ал еуропалықтар үшін Азияға ашылатын кілт іспеттес. Нысандық түрде қарастырғанда үгіт-насихат шараларын Оралдан орауымыздың орайы осындай. Өйткені, біздің партияның бағдарламасы батыстық дамудың еуропалық векторына бағытталған, деді ол.
Біз бүгін өңірдегі кәсіпкерлер палатасы филиалы ғимаратында бас қосып отырмыз. Бұл да тектен тек емес. Бұлай болатын себебі «Ақ жол» партиясының басты мақсаты – кәсіпкерлікке кең жол ашу. Сондай-ақ, мұндай көзқарас дағдарысқа қарсы бағдарламаның басты бір құралы рөлін де атқара алады. Бүгінде сыртқы рыноктағы біздің шикізатымыздың бағалары төмендеп барады. Оның ең басында мұнай шикізаты тұр. Бұл жайт ұлттық валютамыздың тұрақтылығына салқынын тигізуде, деді бұдан әрі Азат Перуашев. «Ақ жол» көшбасшысы өз ой-пікірін былайша тұжырымдады.
Біздің экономикамыздың тек бір жақты шикізаттық базаға тіреліп қалуы игілікке жеткізбейді. Сондықтан өндірістік және өнеркәсіптік экономиканы өркендетуге бірінші кезекте бағыт ұстап, бұған даңғыл жол ашу қажет. Түйіп айтқанда, бұл әзір өнімдер мен бәсекелестікке төтеп бере алатын тауарлар деген сөз. Дағдарыс кезінде адамдарды бірінші кезекте толғандыратыны – күнделікті тұтынатын тауарлар бағасы мен коммуналдық қызмет тарифтерінің өсуі. Шынтуайтына келгенде, ауыздықталмайтын, асу бермейтін және сеңі бұзылмай тұрып алатын бірде-бір дағдарыс болмайды. Кез келген дағдарыстың өз шешімі табылады. Оны реттеудің басты жолдарының бірі – алып-сату мен тұтынушылыққа емес, керісінше, терең өңдеу мен дайын өнімдер шығаруға негізделген өндірістік экономика құру.
Сайлауалды науқан шеңберінде «Конденсат» АҚ компаниялар тобының төрағасы, Батыс Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасы аймақтық кеңесінің жетекшісі Валерий Жүнісов, «Жайық ДЕНТ» және «Цветущие сады» ЖШС-лерінің директорлары Меруерт Мусина мен Елена Уланова, жеке кәсіпкер Ольга Мякушина мен «Сертификация орталығы» ЖШС-нің директоры Нәдір Құрымбаев сөз алып, өндірістік экономика құру мен жеке бизнесті жүргізу жөніндегі партия төрағасының сөзіне қолдау көрсетті.
Сонымен бірге, олар бизнеспен шұғылдану қауіпсіз әрі тартымды іске айналуы қажеттігін атап көрсетті. Сайлауалды үгіт-насихатқа арналған кездесу кезінде ақжолдықтар кез келген мемлекетті ішінен үңгіп жейтін құрт іспеттес қауіпті дерт – сыбайлас жемқорлық көріністері сол мемлекеттің басты жауы деп санайтындықтарын жеткізді. Сонымен бірге, бұл ой-пікір бизнесті одан әрі дамытуға қатысты да айтылды. Өйткені, сыбайлас жемқорлық мемлекеттік ресурстарды талан-таражға салып, кәсіпкерлікті тұншықтыратын қауіпті құбылыс, деді сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына арналған сөз түйінінде партия төрағасы Азат Перуашев.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
ОРАЛ.