23 Ақпан, 2016

Науқан акциямен басталды

305 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
КоммунистыПартия мүшелері шетелдік өнердің, әсіресе, киноиндустрияда «Батыстың мәдениетсіздігі» өрескел қы­лықтар арқылы өзін өзі әшкерелеп келетінін бірауыздан жария етті. Сол себепті де Есентай өзенінің жағасына жиналған партияның жас толқын белсенділері таудай етіп үйілген шетелдік кинофильмдер жазылған бейнекассеталарды қызыл трактордың доңғалағымен аяусыз таптап, өздерін де таныта түсудің пиар-акциясын жасады. Акция үстінде «Батыс мәде­ниетсіздігі» бүгінгі жас ұрпақтың тәрбиесіне кері әсерін тигізіп отырғаны, жастардың үлкенді сыйлау, жаңаға талпыну, патриотизм секілді дәстүрлерден айырылып қалғаны туралы кейістікпен айтылды. Акцияның басы-қасында партия белсендісі, белгілі танымал қоғам қайраткері Жамбыл Ахметбеков және басқалары жүрді. Қазақстан Компартиясы жаңа сайланатын Парламент Мәжілісі мүшелерінің қатарына алдын ала өз белсенділерінің тізімін енгізді. Олардың қатарында Парламент Мәжілісінің бірнеше дүркін депутаты болған Владислав Косаревтің партиялық жақтастары – Жамбыл Ахметбеков пен Айқын Қоңыров, өткен жылғы Президент сайлауына қатысқан Тұрғын Сыздықов, Парламент Мәжілісінің соңғы шақырылымының депутаттары Тұрсынбек Өмірзақов, Галина Баймаханова, Борис Сорокин бар. Сол күні коммунистердің бір шоғыры «ҚазТрансГаз Өнімдері» ЖШС еңбек ұжымымен бірлесіп, партияның сайлауалды бағдарламасын талқылады. Сондай-ақ, Алматы коммунистері сайлау науқаны басталған осы күні коммунистік идеологияның көсемі Лениннің саябақтағы ескерткішіне гүл шоқтарын қоюды да ұмытпады. Ал кеше Астанада ҚКХП атынан депутаттыққа кандидаттар «Тұ­ран-Профи» академиясының оқыту­шы­ларымен кездесті. Коммунистер бұл аудиторияны бекерден-бекер таңдаған жоқ. Бесінші шақырылымдағы Мәжіліс депутаты Галина Баймаханованың атап көрсетуінше, қазіргі кезде Қазақстанда жастар тәрбиесіне көп көңіл бөлу керек. 90-шы жылдары елімізде жастар мәселесі кенже қалды. Біз сол кездегі буынның тәрбиесін әлсіретіп алдық. «Елімізге орта буындағы кәсіпкерлер қажет. Алайда, берілген білімнің тең жартысы тәрбие болуы тиіс», – деді ол. ҚКХП ОК хатшысы Тұрғын Сыз­дықовтың айтуына қарағанда, Қазақ­станда көппартиялы жүйені қолдау қажет. Дегенмен, бұл үдерістің қызы­ғына түсіп кетпей, оны заң аясында қадағалаған абзал. Мәселені Қыр­ғызстан мен Украинадағы жағдайға жеткізбеу керек. «Біз әлеуметтің әлжуаз тобының мүддесін қорғауға тырысамыз. Біз заңның қарапайым халыққа қызмет еткенін қолдаймыз», – деді Т.Сыздықов. Бесінші шақырылымдағы Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров та оның сөзін тірілтіп, халықтың әлжуаз топтары туралы кеңінен баяндады. Ол өткен сайланымда «халықтық коммунистер» фракциясы ғана ашық түрде Қазақстан әйелдерінің зейнет жасын ұлғайту заңнамасына қарсы шыққанын айтты. Өкінішке қарай, заң жобасын кері қайтару мүмкін болмады, дегенмен, қоғамдық пікірдің әсері қатты болды. Заң жобасы кейінге қалды. Ал оның жүзеге асырылуы қалай болады, оны уақыт көрсетеді», – деді ол. Сонымен қатар, А.Қоңыров коммунистер жол қозғалысы жүйесіне жүргізілген реформаларға қатысты пікір білдіргенде жүргізушілердің мүддесін қорғағанын жеткізді. «Ауыл шаруашылығы кооперациялары туралы» заң жобасы талқыланғанда да белсенділік таныттық. Біз заң­дар­ды адамдардың оқуына, жұмыс істеуіне, жақсы өмір сүруіне және дамуы­на ыңғайлы етіп өзгерткіміз келеді. Парламентке осы мақсатқа жету үшін барамыз. Біз сіздердің қолдау­ларыңызға сенеміз!», – деп қорытты сөзін А.Қоңыров. Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.