Кеше Жоғарғы Сотта Қайрат Мәмидің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы Халықаралық кеңестің алғашқы отырысы өтті. Отырыстың күн тәртібіне сәйкес инвестициялық даулар ұғымдарын анықтаудың тәсілдері, сондай-ақ, Әдеп кодексінің жаңа жобасы талқыланды.
Оның жұмысына Халықаралық кеңестің мүшелері, Жоғарғы Соттың және Астана қаласы сотының судьялары, Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің, сондай-ақ, Қазақстан Судьялар одағының басшылығы қатысты. Кеңестің шетелдік мүшелерінен Дубай Халықаралық қаржы орталығы соттарының тіркеушісі, Сот әкімшілігі бойынша халықаралық қауымдастықтың президенті Марк Биир, Корея Республикасының «Юльчон» заң компаниясының өкілі Хвачжун Ли, «Бейкер и Маккензи – Си-Ай-Эс Лимитед» компаниясы филиалының директоры, «Шетел инвесторларының қазақстандық кеңесі» қауымдастығы басқармасының хатшысы Куртис Мастерс қатысты. Бұған қоса, отырысқа Дубай Халықаралық қаржы орталығы сотының судьясы Дэвид Стил сарапшы ретінде шақырылды.
Отырысты ашқан Жоғарғы Соттың Төрағасы Қ.Мәми кеңес мүшелерін Жоғарғы Сот жанындағы Халықаралық кеңестің құрамына сайлануымен құттықтап, кандидаттарды іріктеу кезінде олардың заң саласындағы және сарапшылық қызметтегі жұмыс тәжірибесі мен беделінің ескерілгендігін атап өтті. «Өткен жыл еліміздің сот жүйесі үшін Мемлекет басшысы «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында айқындаған міндеттерді іске асыруға бағытталды. Енді қазақстандық сот жүйесінің алдында сот төрелігінің, соның ішінде, инвестициялық және коммерциялық даулар саласына озық халықаралық стандарттарды енгізуге байланысты жаңа міндеттер тұр», – деді Қ.Мәми.
Жоғарғы Сот жанынан Халықаралық кеңес құру және оның бірінші отырысын өткізу Ұлт Жоспарының 25-қадамын тәжірибе жүзінде іске асыру болып табылады. Жоғарғы Сот Төрағасы отырыс қатысушыларына айтқан сөзінде: «Жоғарғы Сот Кеңес мүшелерінен қазақстандық соттардың тәжірибесіне, нормашығармашылық қызметіне, сондай-ақ нақты инвестициялық даулар бойынша сот төрелігінің халықаралық стандарттарын одан әрі енгізу мәселелері бойынша сапалы сарапшылық қорытындылар күтетін болады», – деп атап өтті.
Бүгінгі кеңеске қатысушылар барлық мәселелер бойынша халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, сындарлы пікір алмасты. Қатысушылар әзірлеген ұсыныстар отырыстың хаттамалық шешімдерінде көрініс тауып, сот қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі ұсыным ретінде қолданылатын болады. Жоғарғы Соттың ресми интернет-ресурсының «Халықаралық ынтымақтастық» айдары шеңберінде «Жоғарғы Сот жанындағы Халықаралық кеңес» атты қосымша парақ ашылды. Кеңес жұмысы туралы барлық қажетті материалдар осы айдарда үш тілде (мемлекеттік, орыс және ағылшын) орналастырылады.
Еске сала кетейік, Жоғарғы Соттың ағымдағы жылғы 15 қаңтарында өткен жалпы отырысының қаулысымен Халықаралық кеңес және оның құрамы туралы ереже бекітілді. Кеңес отандық сот төрелігі жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша сарапшылық консультациялар береді. Белгілі қазақстандық ғалымдардан бөлек, оның құрамында беделді шетелдік заңгерлер де бар. Кеңесті Жоғарғы Сот Төрағасы басқарады. Оның мүшелері бір жыл мерзімге сайланады. Отырыс жылына кемінде екі рет өтетін болады.
«Егемен-ақпарат».