06 Қаңтар, 2011

ШарАйна

538 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
ГУБЕРНАТОР ОҚҚАҒАРЫНАН АЖАЛ ҚҰШТЫ Пәкстанның Пенджаб провинциясының губернаторы Салман Та­сир­ді сейсенбі күні өзінің оққағары атып өлтірді. Бұл жөнінде жур­налистерге Пәкстан ішкі істер министрі Рехман Малик хабарлады. Губернатор оққағарының аты-жөні – Хасан Кадри. Оны сол жерде губернатордың өзге күзетшілері қарусыздандырып, поли­цияға тапсырған. Оққағардың мойындауынша, ол губернаторды ел президентін Мұхаммед пайғамбардың атын балағаттағанына байланысты Пәкстан сотының үкімімен өлім жазасына кесілген Асия Бибиге кешірім жасауға жариялы түрде шақырғаны үшін атқан. МЕДВЕДЕВТІҢ САПАРЫ КЕЙІНГЕ ШЕГЕРІЛДІ Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяхудің пікірінше, Ресей Президенті Дмитрий Медведевтің Израильге са­пары­ның кейінге шегерілуі екі мемлекет ара­сындағы қатынастарға салқынын тигізуі мүмкін. Үкімет басшысының кеңесшісі Алекс Сельскийдің хабардар етуінше, Израиль премьер-министрі шетел істері жөніндегі парламенттік комиссияда сөз сөйлеп, Дмитрий Медведевтің сапарының ауыстырылуы Израиль сыртқы істер министрлігі қызметкерлерінің ереуіліне байланысты екендігін мәлімдеген. Үкімет басшысы кеңесшісінің сөзіне қарағанда, Д.Медведевтің Израильге сапарына байла­ныс­ты жұмыстар жалғасатын болады. ТЕРРОРШЫЛ ҰЙЫМ МҮШЕЛЕРІ ЖОЙЫЛДЫ Тәжікстан ішкі істер министрлігінің штаб бастығы Тохир Норматовтың мәлімдеуінше, халықаралық терроршы, «Әл-Каиданың» мүшесі Аловиддин Давлатов пен оның жеті серігінің күш құрылымдарының арнайы операциясы бары­сында көзі жойылған. Олардан бөлек Давлатов бандасының бір мүшесі тұтқынға алынған, сондай-ақ үлкен көлемдегі қару-жарақ қолға түскен. Ал арнайы операция Душанбе қаласынан 180 шақырым жердегі Раш ауданында жүзеге асырылған. Ресми деректерге қарағанда, 40 жастағы Давлатов бұған дейін ел аумағында бірқатар қарулы қақтығыстарға басшылық жасапты. ХРИСТИАНДАР ҚАРСЫЛЫҚ АКЦИЯСЫН ӨТКІЗДІ Ассошейтед пресс агенттігінің тарат­қан ақпараттары бойынша, сейсенбіде Еги­петтің Асьют қаласында 500-ге жуық христиан дінін ұстанатындар қарсылық акция­сын өткізген. Акция барысында олар ел үкіметінің христиандарды қорғау шараларының өз дең­гейінде жүргізілмейтіндігін айыптап, полицейлерге тас лақ­тырған. Бұдан бұрын мұндай қарсылық акциясы Каир мен Александрияда өткен болатын. Египет Президенті Хосни Мубарактің пікірінше, жаңа жыл түнінде 21 адамды опат еткен террорлық әрекетті шетелдік ұйымдар ұйымдастырған көрінеді. ИРАН ШАХЫНЫҢ ҰЛЫ ӨЗІНЕ-ӨЗІ ҚОЛ САЛДЫ Бұрынғы Иран шахы Мохаммед Реза Пехлевидің кіші ұлы Алиреза Пехлеви Бостон қаласындағы үйінде өзін-өзі өлтірген. Бұл жөнінде Реза Пехлевидің үлкен ұлы өз сайтында хабарлаған. Алиреза Пехлеви Гарвард университетінде оқыған, бакалавр дәрежесін алуға тиіс болатын. Ассошейтед пресс агенттігінің ақпараттарына қарағанда, бұрынғы Иран шахы Реза Пехлеви 1979 жылы ислам төңкерісінің барысында тақтан тайдырылған. Оның отбасы мүшелері шет елдерге жер аударылған. Ал үлкен ұлы қазіргі кезде АҚШ-та тұрады. ЖАҢА ЖЫЛ МЕРЕКЕСІНДЕ БАНК ТОНАЛДЫ ВВС News агенттігінің хабарлауынша, жаңа жыл түнінде Аргентинаның Буэнос-Айрес қаласындағы мемлекеттік банк филиалының бірінде ұрылар ондағы жүз­ден астам жәшікті алып кеткен. Оны банк қызметкерлері жаңа жыл мерекесінен кейін бір-ақ білген. Полицияның мәліметтері бойынша, ұрылар банк қоймасына жету үшін жер астын кемінде алты ай бойы қазған. Осы мақсаттарын жүзеге асыру үшін ұрылар 2010 жылдың шілдесінде банк ғимаратына жақын орналасқан орын-жайды жалға алған көрінеді. Жер астымен қазылған тоннельдің ұзындығы 30 метр, онда электр жарығы мен желдеткіш те орнатылған. Қолды болған құнды­лықтардың нақты көлемі әзірге белгісіз. ЗАҢСЫЗ МИГРАНТТАР СУҒА БАТЫП КЕТТІ Йемен ішкі істер министрлігінің таратқан ақпараттарына қарағанда, Африкадан Араб түбегіне жетпек болған заңсыз қоныс аударушылар мінген қайықтар суға батып кеткен. ВВС News агенттігінің хабарлауынша, олар мінген қайықтар ашық теңізде жүзуге сәйкес жабдықталмаған. Із-түзсіз кеткендердің көпшілігі Эфиопия азаматтары, олардың ішінде, сондай-ақ Сомали азаматтары да бар. Көргендердің айтуынша, бір қайықта 46 адам, екіншісінде 40-қа жуық адам болған. Оларды іздестіру шаралары жалғастырылуда. ЕУРООДАҚ ЕЛДЕРІНЕ БАРА АЛМАЙ МА? Беларусь Президенті Александр Лукашенконың және осы елдегі бірқатар шенеуніктердің Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттерге баруларына тыйым салынуы мүмкін. Бұл туралы Швеция сыртқы саясат ведомствосының басшысы Карл Бильдт хабарлады. Швеция министрінің хабардар етуінше, бұл Белоруссияда өткен президенттік сайлаудан кейінгі жағдайларға байланысты. Елде президенттік сайлау өткен жылдың 19 желтоқсанында болып, онда Александр Лукашенко айқын басымдықпен жеңіске жеткен еді. Бұл оппозицияны қанағаттандырмады, сол күні-ақ Минскіде рұқсат етілмеген шеру ұйымдастырылып, оның соңы Үкімет үйіне басып кіруге әрекет жасау шараларына ұласты. Ал акцияға қатысқан жүздеген адам ұсталды, олардың ішінде оппозицияның жетекшілері де бар. Интернет материалдары негізінде әзірлеген Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.