АЛМАТЫ. 23 ақпан. Алматы қаласында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен 26 ақпан күні еліміздің 7 облысында мектеп бітіруші түлектер арасында республикалық «Ы.Алтынсарин-2016» пәндік олимпиадасы өтеді. Бұл туралы «Қыздар университеті» медиа орталығына сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Бағын сынап көремін дейтін 11 сынып оқушыларына жақсы мүмкіндік беретін білім сайысының басты мақсаты – мектеп бітірушілерге мамандық таңдауға көмектесу, дарынды оқушыларды айқындау, жастар арасында іргелі ғылыми білімді дамыту, білімді жастардың өз қабілеттерін жүзеге асыруына көмектесу, дарынды талапкер қыздарды Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне шақыру. Биыл да олимпиада сегіз пән бойынша: қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, физика, биология, география, дүниежүзі тарихы, химия пәндері бойынша өткізіледі. Олимпиаданың ерекшелігі – оған тек қана қыз балалар қатысады.
Олимпиада облыстық білім басқармаларымен, аудандық білім бөлімдерімен белгіленген аймақтарда бірлесе отырып өткізілмек. Олимпиада атап айтқанда, Алматы облысы бойынша Алматыда, Талдықорғанда, Жаркент қаласы мен Райымбек ауданының Кеген ауылында; Жамбыл облысы бойынша Тараз қаласы мен Қордай ауданында; Оңтүстік Қазақстан облысының Шымкент және Түркістан қалаларында; Қызылорда облысы бойынша Қазалы, Жаңақорған, Қармақшы аудандарында, Қызылорда қаласында; Шығыс Қазақстан облысы бойынша Семей және Өскемен қалаларында; Қарағанды облысы бойынша Қарағанды қаласында; Батыс Қазақстан облысы бойынша Орал мен Атырау қалаларында өтеді.
Қазіргі уақытта олимпиадаға қатысуға тілік білдіруші оқушыларды тіркеу жалғасуда. Айта кетейік, ниет білдірушілер Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің сайтында тіркеле алады.
Естеріңізге сала кетейік, былтырғы өткен «Ы.Алтынсарин-2015» олимпиадасына 3956 мектеп бітіруші қатысса, оның 24-і ректор грантына ие болып, 10 пайыздық жеңілдікке 700-ге жуық оқушы іліккен.
Айнаш Есали.
Дерек, сурет: «Қыздар университеті» медиа орталығы.