24 Ақпан, 2016

Қазақстан қоғамын ұйыстыру маңызды

332 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
23-02-01Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Отырыста Қазақстанның Ұлт­тық қауіпсіздік страте­гиясының 2015 жылғы жүзеге асырылу барысы, сондай-ақ, көші-қон саясатын жүргізу жайы қарастырылды. Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет әлемдік экономикалық дағ­дарыстың теріс ықпалына қара­мастан, мойнына алған әлеуметтік міндеттемелерді мүлтіксіз орындап, қорғаныс қабілеттілігінің, қауіпсіздіктің және құқық тәрті­бінің қажетті деңгейін сақтап қала­тынын атап өтті. Қа­зақстан Президенті эконо­микалық өсімнің қарқынын бәсең­дететін жаһандық факторлар ықпа­лын, көршілес өңірлердегі діни-экс­тремистік және террорлық сипаттағы қатерлердің арта түсуін елеулі қауіптер мен сын-қатерлер қатарында атады. Мемлекет басшысы, сондай-ақ, қалыптасқан жағдайда дағ­да­рыс құбылыстарына лайықты түр­де қарсы тұру үшін Қазақстан қоға­мын ұйыстырудың маңыз­ды­лығын атап өтті. Президенттің көмекшісі – Қауіп­сіздік Кеңесінің хатшысы Н.Ермекбаев өз баяндамасында мемлекеттік органдардың 2015 жылғы жұмыс қорытындыларына баға берумен қатар, алдағы кезеңнің басымдықтары мен міндеттеріне назар аударды. Ол, сондай-ақ, әлемдегі экономикалық ахуалдың тұрақсыздығы жағдайында Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар экономиканы әртараптандыру және қазақстандықтардың тұрмыс деңгейін сақтау жөніндегі шараларды жүзеге асырып жатқанын атап өтті. Н.Ермекбаев құқық қорғау ор­гандарының қызметін бұдан әрі жетілдіру, азаматтардың құқық­тарын қорғау және қоғамдық тәр­тіпті сақтау бағытындағы қадамдар туралы әңгімеледі. Күн тәртібіндегі екінші мәсе­ле бойынша Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Т.Дүй­сенова және Ішкі істер министрі Қ.Қасымов сөз сөйледі. Көші-қон үдерістерін реттеудің маңызды екі мақсаты бар екені атап өтілді. Бір жағынан, экономикалық өсімді ынталандыру үшін еңбек ресурстарын, соның ішінде қайта оралған қандастарымызды және жоғары білікті шетелдік мамандар легін ел ішіне жүйелі түрде орналастыру қажет. Екінші жағынан, Қазақстанға халықаралық террор­лық топтардың идеологтары мен үгіт­шілерінің, қылмыс әлемі өкіл­дерінің, заңсыз мигрант­тардың келуіне жол беруге болмайды. Отырыс барысында елімізде Конституция бойынша қос азамат­тықтың мойындалмайтынын, соған байланысты мұндай жағдай­ларға жол бермеу қажет екені атап өтілді. Жер телімдерін өздігімен басып алудың, бекітілген ережеден тыс бей-берекет құрылыстардың жолы кесілуі тиістігі де айтылды. Сонымен қатар, іс-шараға қа­ты­сушылар ұйымдастырылған ішкі көші-қонның маңыздылығына назар аударды. Бұл азаматтардың ел аумағында орналасудағы тең­сіздігін жоюды, сондай-ақ, Қазақстанның әлеуметтік-эконо­микалық даму мақсаттарына жетуді қамтамасыз етеді. Қазақстан Президенті Қауіп­сіздік кеңесі отырысының қоры­тындысы бойынша Үкіметке және мүдделі мемлекеттік орган­дар­ға бірқатар тапсырма беріп, олар­дың орындалуын бақылауды Қауіп­сіздік Кеңесі аппаратына жүктеді. Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.