Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов баспасөз мәслихатын өткізді. Ол облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде әңгімелеп, журналистерді толғандырған сұрақтарға жауап берді.
Былтырғы жылы жалпы өңірлік өнім бойынша шамамен 2 пайыздық өсім болғанын айтқан аймақ басшысы, өткен жылы әлеуметтік-экономикалық дамуда оң өзгеріс бар болғанын жеткізді. Сөйтіп, 2015 жылы 668 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілгенін тілге тиек етті. «Негізі, өңірде индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы басталғалы құны 228,5 млрд. теңгені құрайтын 164 жоба іске қосылып, 14 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Іске қосылған жобалардың 94 пайызы жоспарланған қуаттылықтың 90-100 пайызына жетті. Бұл көрсеткіш бойынша облыс республикада алдыңғы қатарда», деді әкім.
Енді индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығында 20 мың жұмыс орны ашылады екен. «Индустрияландырудың екінші бесжылдығында 869 млрд. теңгені құрайтын 115 жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Нәтижесінде 20 мың жаңа жұмыс орны пайда болады. Нақтылай түссем, ағымдағы жылы 35,2 млрд. теңгеге бағаланған 22 жобаны іске қосуды жоспарлап қойдық. Ал енді облысқа инвестиция тарту ісіне келсем, былтыр ОҚО-да инвестиция көлемі 416 млрд. теңгені құрады. Оның жартысынан астамын, яғни 61,2 пайызын шағын кәсіпорындар салды. Нақты айтқанда, олар 254,8 млрд. теңгені облыс экономикасына бағыттады», деді Б.Атамқұлов.
Қазіргі таңда облыста индустриялық аймақтарды әр қалада, әрбір ауданда құруға күш салынып жатыр екен. Осы күнге дейін 11 индустриялық аймақ құрылып, 151 жоба айқындалыпты. Осы орайда 163 млрд. теңге инвестиция тартылып, 13 мың тұрақты жұмыс орны құрылыпты. «Жеті индустриялық аймақ бойынша инфрақұрылым толық тартылып, 50 кәсіпорын іске қосылды. Ағымдағы жылы 20,1 млрд. теңге сомасында 29 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Бұл бағытта 1 323 жаңа жұмыс орнын ашу қарастырылған», деді әкім.
Еліміздің оңтүстігі туралы пікір жүргізгенде бау-бақша мен жеміс-жидекті сөз қылмауға болмайды. Бұл жөнінде әкім батыл сөз айтып, жергілікті жеміс, көкөніс облыс халқын толықтай қамтамасыз етіп отырғанын жеткізді. «Ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі жыл сайын 20 млрд. теңге деңгейінде тұрақты өсімді көрсетіп отыр. 2015 жылдың қорытындысы бойынша оның көлемі 345 млрд. теңгені құрады. Жергілікті өнім облыс аумағындағы жеміс-көкөніске деген сұранысты толықтай қамтамасыз етіп отыр және республиканың елеулі бөлігіне де өнім шығарылуда», деген ол, 773 мың гектар егіс көлемінің ішінде суармалы жерлердің аумағы 440 мың гектарға жеткенін айтты. Сөйтіп, өткен жылы 115 гектар жерге жылыжай салынып, жылыжайлардың жалпы ауданы 1 025 гектарға жеткізілгенін білдірді. Осы орайда республикадағы жылыжайлардың 87 пайызы оңтүстіктіктердің үлесінде екенін тағы да атап өтті.
Баспасөз мәслихатында өңір басшысы агроөнеркәсіптік кешенді дамыту стратегиясы жөнінде айтып берді. «Облыс экономикасының құрылымында аграрлық сектор елеулі үлес алып отырғанын және халықтың жартысынан астамы ауылдық жерде тұратынын ескере отырып, саланың тиімділігін арттыру өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі факторы болып табылады. Онда бірінші бағыт, әрбір ауданның әлеуеті мен климаттық ерекшеліктері зерттеліп, 2020 жылға дейінгі нақты индикаторлар бекітілді. Екіншіден, фермерлерге төмен пайызбен берілетін несиелердің көлемін арттыру қарастырылған. Үшінші, әрбір ауылдық округте арнайы кооперативтер құрылып, онда машина-трактор стансаларын ашу көзделген. Төртіншіден, суармалы жерлердің жағдайын жақсартып, жаңадан суармалы жерлерді айналымға қосу қарастырылды. Бесінші, ауыл шаруашылығы саласында ғылымның жетістіктерін мейлінше енгізу қамтылған. Яғни, әрбір ауданда сол жердің ерекшеліктерін ескере отырып, кәсіпкерлік мектептерінің базасында шаруаларға ғылыми-консультациялық қызмет көрсететін орталықтар ашылмақ», деді Б.Атамқұлов.
Өңірдегі жылыжайлар жағдайына да арнайы тоқталып өтті. «Еліміздегі жылыжайлардың 87 пайызы бізге тиесілі екенін айттым. Соның 50 пайызы Сарыағашта орналасқан. Аталған ауданға барғанда банан өсіріп жатқан шаруаларды көрдім. Шынымды айтсам, таңғалдым. Өздерінен сұрағанда тәжірибе ретінде өсіріп жатқандарын айтты. Сол сияқты жылыжайлардың неше түрі бар. Бұл әрекеттерді мен қолдаймын», деді әкім.
Шара барысында Шымкентте қоқыстан электр энергиясын өндіретін станса салынатыны да мәлім болды. Мұндай станса 2014 жылы Шымкент қаласының маңында пайдалануға берілген қоқыс іріктейтін зауыттың базасында салынып, ол қалаға қосымша 50 МВт электр энергиясын беретін болады екен. «Қазіргі уақытта Шымкент қаласының аумағы жылдан жылға ұлғайып келеді. Бүгінде қалаға 40 елді мекен қосылды және 81 шағын аудан құрылған. 2014 жылы іске қосылған қоқыс өңдеу зауыты барлық қоқысты өңдеп үлгере алмай жатыр. Оны толыққанды қоқыс өңдейтін зауыт деп айтуға келмейді. Сондықтан оны қоқыс іріктейтін зауыт деп отырмыз. Былтыр ол зауыт Шымкент қаласының коммуналдық шаруашылық меншігіне қайта берілді. Аталмыш кәсіпорынның иесі болып табылатын инвестормен келіссөздер жүргізілуде. Инвестициялық жоспар бойынша, олар бұл іріктеу зауытын толыққанды өңдеу цикліне көшіру үшін зауытты кеңейтуді көздеп отыр. Осы кезде әкімдік пен зауыт Гонконг пен Сингапур тәжірибелерін зерттеді, келешекте біз барлық қоқысты электр энергиясына айналдырып отыруды жоспарлаудамыз. Қоқыс өңдеу стансасы 50 МВт электр энергиясын шығаратын болады. Мұнымен бірге, қосымша жылу энергиясы да өндіріледі», деді облыс басшысы.
Өткен жылы облыста кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары 68 мыңнан астам бизнесменге консультация беріпті. «Барлық аудандар мен қалаларда кәсіпкерлерге қызмет көрсетудің орталықтары ашылды. Олар «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Орталықтар құрылғалы бері 68 126 кәсіпкерге түрлі қызмет көрсетілді. Осыған орай облыста кәсіпкерлікті қолдау бойынша өңірлік бастамалар табысты жүзеге асырылып жатқанын атап өткім келеді. Мәселен, «Максимум» аймақтық инвестициялық орталық пен шағын несиелік «Ырыс» ұйымы өздерінің тиімділігін байқатты.
Қабылданған шаралардың арқасында бюджетке түсетін қаржы көлемі артып отыр», деді әкім.
Өңірде туристік кластерді дамыту шарасы да жұрт назарын аударды. «Бүгінде негізгі туристік сала тарихи бағыттарға негізделген. Сондықтан, Отырар мен Түркістанның орны ерекше. Қазіргі таңда, Қазақстанның және шетелдің туристері археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген жерлерге ерекше қызығушылық танытуда. Бұл бағытта Сауранның да орны бөлек. Тек өткен жылы Түркістан 1 миллионнан астам туристі қабылдады», деген облыс әкімі, Мемлекет басшысы «Сарыағаш» курортын халықаралық деңгейге шығаруды тапсырғанына тоқталды. Ол бұл бағытта қазіргі уақытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Мұнымен бірге, өңірдің бірегей табиғаты Төле би, Түлкібас, Қазығұрт аудандарында таулы демалыс орындарын дамыту үшін мүмкіндік беретінін айтты. Оған қоса, жаздың жылы маусымының ұзаққа созылуы мен судың жылы болуы және ауаның тазалығы Шардара су қоймасы жағалауында да туризмді дамытуға қолайлы болып отырғанын жеткізді.
Болашақта Шымкент қаласы қандай деңгейде болатыны да назардан тыс қалмады. «Шымкент қаласы төрт агломерациялардың бірі болып айқындалғаны белгілі. Сондықтан қалада өңірдің өнеркәсіптік және ғылыми әлеуеті шоғырланып, тиісті инфрақұрылым құрылады. Қазіргі кезде Шымкентті ірі қазіргі заманғы мегаполиске айналдыру бағытында жұмыс істеудеміз. Бұл тұрғыда шаһар жақын орналасқан өңірлер үшін өсім нүктесіне айналып, бизнеске қолайлы жағдай жасалады. Қауіпсіздікке ерекше мән беріліп, көгалдандыру шаралары тыңғылықты жүргізіледі. Негізі, Шымкент қаласы зияткерлік орталыққа айналып, стартаптар мен инновациялардың шаһары болуын қалаймыз», деді Б.Атамқұлов.
Былтыр Шымкентте «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында 4271 пәтерлі 74 тұрғын үй пайдалануға беріліпті. Ал ағымдағы жылы облыс бойынша 1 816 пәтерлі 115 үйді тапсыру көзделіпті. Әкімдік таратқан мәліметке сенсек, биыл тапсырылатын үйлердің 35-і, яғни 1260 пәтер Шымкент қаласында пайдалануға беріледі екен. Оған қоса, өңірде балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 80,5 пайызды құрайтыны тілге тиек болды. «Биыл облыстағы 1022 жалпы бiлiм беру мектебінде 584 мың оқушы бiлiм алып жатыр. Былтыр 66 нысан – 50 мектеп, 11 балабақша және 5 қосымша нысан пайдалануға берiлдi. Нәтижесiнде, 30 апатты және 3 үш ауысымды мектептiң мәселесi шешiлдi. Бұл мәселе 2017 жылға қарай толықтай шешiмін табады деп отырмыз. 2014 жылмен салыстырғанда мектепке дейiнгi мекемелер саны 108-ге артты», деген ол балабақшалардың жартысына жуығы мемлекет-жекеменшiк серiктестiгі негiзінде жұмыс iстейтінін атап өттi.
2020 жылға дейiн облыстың шамамен 2,5 млн. тұрғыны газбен қамтамасыз етiлетінін айтқан өңір басшысы, аталған межеге дейiн қала халқының – 100, ауыл тұрғындарының 80 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылатынын жеткізді. Сондай-ақ, облыс мақта өсiрумен айналысатын республикадағы жалғыз өңiр екенiн айтып, еліміздің осы өнiмге деген сұранысын 100 пайызға қамтамасыз етiп отырғанын атап өттi. Сөйтіп, ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен табысы бар азаматтардың үлесі едәуір азайғанына тоқталды. «Мұндай азаматтардың үлесі айтарлықтай төмендеді. Олардың саны 5 пайызды немесе 141 мың адамды құрайды. Мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмыспен қамтуға ерекше мән беріліп отыр. Өткен жылы 2545 адам жұмысқа орналасты», деген ол, «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасын қолдау шараларымен 58 мың адам қамтылғанын білдірді. Ал биыл 63 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр екен.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».