24 Ақпан, 2016

Құрыш құлақты Берік

340 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Ел ішінде ерекше адамдар көп қой. Әдетте адамдар қары талғанша, кір тастарын қолдарымен кезек-кезек көтеріп, елді таңғалдырып жатады емес пе?! Ал Жамбыл облысы, Қаратау қаласының тұрғыны Берік Әбілханұлы осынау зіл батпан кір тастарын құлақтарымен көтереді. Тіпті 26 килоға дейінгі кір тастарын құлағымен көтеріп, құлағымен көлік те сүйрейді. Жастайынан спортты серік еткен Берік – бүгінде Қаратау қалалық спорт мектебінде шахмат және дойбы ойындары бойынша жаттықтырушы. – Алғаш рет әкімшілік ғима­раты­ның алдында жиналған жұртшы­лықтың көзінше бір көлікті 3 метрге дейін құлағыммен сүйреп көрдім. Бұл өнеріме өзім де таңғалдым. Қазір жаттығулардың арқасында 3-5 метр­ге дейін тарта беремін, – дейді бұл жөнінде Берік Әбілханұлы. Ауылдағы ағайын Берікті «Құрыш құлақты Берік» деп атайды екен. «Әкем дәнекерлеуші болып жұмыс істейтін. Содан, жасымызға қарай түрлі салмақта көтеріп шынығатын кір тастарын жасап беретін. Соны көтеріп, шынығып өстік. Мен бұл өнерім арқылы жас ұрпаққа алдыңа мақсат қойып, талмай жаттықсаң, арманыңа қол жеткізесің дегенді ұқтырғым келеді. Үш қыз, екі ұл тәрбиелеп отырмын. Бір балам осы өнерімді жалғастырып, ол да құлағымен кір тасын көтереді», – дейді құрыш құлақты Берік. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы.