24 Ақпан, 2016

«Қысқы кеш»

348 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
сұлулық пен мейірімділік салтанат құрды А.Байтұрсынов атындағы мемле­кеттік университетте дәстүрлі «Қыс­қы кеш» ойын-сауық және би кеші өтті. Биыл төртінші рет өтіп отыр­ған бұл шара еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Қостанай облы­сының 80 жылдығына арналды. Онда студенттердің 42 жұбы классикалық, осы заманғы билерді билейді, соны­мен қатар, студенттер облыстың ме­рей­лі жылы болғандықтан үшінші биді «Қостанай вальсі» әуенімен биледі. Сонымен қатар, «Қысқы кеш» би кешінде университет студенттері үл­кен қайырымдылық шарасын да ат­қарды. Қостанай қаласының кішкентай тұрғыны 4 жасар Айша Қабылбекова ауыр науқасқа шалдыққанына 2 айдан аса айдай уақыт болды. Құлындай құлдыраңдап ойнап жүрген Айшаның жүзіне аранын ашып қарап тұрған ажалды кейін серпуге студенттер де қол­дан келген көмегін аямауға бе­кінді. Ақ қан ауруына шалдыққан сәбиді емдету үшін көп мөлшерде қар­жы керек екені белгілі. – Осы кеште Айшаның ертегісі үзілмесін, тәуір болып кетсін деген үміт­пен «Ертегіге саяхат» деген атау­мен жеті команда жеті түрлі ертегі қой­ды. «Қысқы кеш» өткен орынға, универ­ситетке «Көмекке бар әлемді қос!» деген ұранмен баннер қойдық. Онда Айша қарындасымыз туралы, оның шоттары секілді ақпарат түгел берілген. Енді репост жасау ар­қылы Айшаға көмек акциясын бүкіл әлемге таратамыз, – дейді универ­ситеттегі Жастар бастамаларын дамыту орта­лығының директоры Болат Қалиев. – Студенттердің би кеші мыңда­ған жастар білім алып жатқан универ­ситеттегі тамаша дәстүрдің бірі. Сіз­дер ертең еліміздің маманы болып шы­ғасыздар. Ал Тәуелсіз елдің бәсе­кеге қабілетті жастары тек білікті маман ғана емес, жан-жақты болуы тиіс. Әдемі сөйлеу, әдемі киіну, сұлу болу, билей білу артық етпейді, рухани азық маманды өсіре түседі, – деді университет ректоры Хұсейін Хасенұлы. «Қысқы кеште» билеген би жұпта­рының, ертегі командаларының өне­рін та­разылауға облыстағы бел­гілі өнер адам­дары да келді. Бірақ студент­тер­дің осынау үлкен шарасында тек коман­далар немесе би жұптары ғана емес, достық, өнер және мейірім мен қайырым­дылық жеңді. Сұлулық салтанат құрды. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.