Бойы бар бізден гөрі биігірек,
Тіп-тік боп абыройын тұрған тіреп.
Қасым АМАНЖОЛОВ.
Облыстық ономастикалық комиссияның «арқасында» Әлия мен Мәншүкке, Батыр атамыз – Бауыржанға сегіз-тоғыздан көше атаулары бұйырды. Былтыр облыстағы Баянауыл, Успен, Железин, Шарбақты, Май, Павлодар аудандарындағы 30 көшеге Отан соғысына қатысқан батырлардың, ардагерлердің есімдері берілді. Бұл шара Жеңістің 70 жылдығына арналған тапсырмаға орай жүзеге асырылды. Облыстық тілдерді дамыту басқармасының мәліметінше, соғыс ардагерлерінің есімдерін көшелер мен нысандарға беру жалғасады. Ойсыздық, ойланбаушылық па? Батырларымызды қалай, қандай деңгейде құрметтеу керек екенін облыстық ономастикалық комиссияның білмегені ме?! Отан соғысында ерлігі бүкіл елге әйгілі қазақстандық басқа да батыр ұл-қыздарымыз жетеді. Бір ғана біздің облыстан Отан соғысына қатысып ерлік көрсеткен аталарымыз жайлы «Боздақтар», «Жеңімпаздар» атты екі том кітап шықты. Осындағы әрбір майдангер ауылдардан аттанды. Ономастикалық комиссияға бұл ұсыныс алдағы уақыт үшін. Шалғайдағы шағын ауылдардың көшелеріне (көше деуге келсе, егер) Батыр Бауыржанның, Әлия мен Мәншүк апаларымыздың есімдерін берген соң, шаңынан арылтып, тасын төсеп, асфальтін жарқыратып, айналасын көгалдандырып, жарық шамдарын жағып, күтіп-баптау да керек. Бюджет қаражатын үнемдеңдер дейді, бұл өзгертулер аудан әкімдіктеріне, әрине, біраз салмақ салары сөзсіз. Облыс орталығына қарасты Ленин кенті бар. Сол Ленинде Әлия мен Мәншүк атындағы көшелерге асфальт төсетіп, көгалдандырып, жарық жаққыза алмай 85 жастағы Махмет Демесінов атамыз қаншама жылдар бойы әкімдердің есігін қағып жүр. Қалаға қарайтын кенттің көшелерінің күйі осындай болса, түкпірдегі Батыр атамыздың, Әлия, Мәншүк атындағы көшелерінің тағдыры не болады?!. Ономастикалық комиссияда ізденіс көрінбейді, жер-су атауларына, көшелерге атаулар берерде жергілікті жердегі ғалымдардың, зерттеушілердің, жазушылардың, журналистердің, ақсақалдардың пікірлеріне құлақ асқандары жөн еді. Жергілікті ғалымдардың, зерттеушілердің жазғандарына үңілсеңіздер екен. Бұл – бір. Екіншіден, облыс орталығында Б. Момышұлы, Әлия мен Мәншүк есімдеріне неге көшелер атаған жоқпыз?.. Мәскеу үшін шайқасқан Батырдың есімі шалғайдағы Башмачино, Богатырь деген ауылдардың көшелеріне ғана лайық па?.. Бауыржан атамыздың кім екенін білу үшін Әзілхан ағамыздың «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогін оқып шығыңыздар. Ал бірқатар аудан әкімдіктері, аудандық мәслихаттар жергілікті ауыл, ауданнан шыққан соғыс батырларының, соғыс ардагерлерінің есімдерін ауыл көшелеріне беріп, дұрыс шешім жасады. Мысалы, Майқайыңда «Даңқ» орденінің толық иегері Бақыт Хайдаров, «Даңқ» орденді Василий Христенко, соғыс ардагері Әубәкір Қабылбеков, Успен ауылында соғыс ардагерлері Неғмат Нәукенов, Мария Яременко, Галкино ауылында Гакаша Жакишев, Махмет Қайырбаев, Серікбай Мүткенов, Павлодар ауданы бойынша соғыс ардагерлері Қайырбек Жүсіпов, Сахан Аштаевтың есімдері көше аттарына берілді. Екібастұзда да көшелерге соғыс ардагерлері Болат Шәпеновтің, Қазбек Нұралиннің, Социалистік Еңбек Ері, атақты шахтер Станислав Куржейдің есімдері берілмек. Ұрпақтары көздеріне жас алды. Батыр Бауыржан, Әлия мен Мәншүктің есімдері облыс орталығының көшелеріне өзі-ақ сұранып тұр. Ал біздің ономастикалық комиссияның қазақ үшін қастерлі есімдерді төмендеткені ұят. Батырларымызға ауыл көшелерінен «орын тауып» берген бір ғана Железин ауданында Башмачное, Березовка, Михайловка, Церковная, Татьяновка, Пятирыжск, Безводное, Моисеевка, Захаровка, Прииртышск, Груздевка, Степное, Новомир, Веселая роща, Михайлов, Озерный, Лесной деген мән-мағынасыз ауыл атаулары қаптап тұр. Бұл ауданда соғыс ардагерлері Сейіт пен Татьяна Бегежановалар тұрды. Біз «Егеменде» «Қазаққа он бала тауып берген Таня» деп мақала жаздық. Екеуі соғыс кезінде табысып, украин қызы ауылға келеді. Соғыс ардагерлерінің махаббаты, өмірлері жас ұрпаққа үлгі-өнеге. Ономастика мәселесі мәнді де маңызды. Біз ылғи да ауыл, жер-су атауларын Тәуелсіздік талаптарына сай байырғы атауларына қайта оралту қажеттігін жиі айтамыз. Өкініштісі, ойланбаған, көпшілікпен ақылдаспаған асығыс шешімдер алдыңнан шығады. «Мәңгілік Ел» деген – біздің Тіліміз, Еліміз, Жеріміз. Осы ойды санамызға мықтап сіңіре алсақ, жер-су атауларының құдіретін, батырлардың рухты есімдерін аласартпай, биікке көтеретініміз күмәнсіз. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». Павлодар облысы.