24 Ақпан, 2016

«Кәусарым»

390 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Студент өз ауылы туралы түсірген шығармасын осылай атады Қостанайда «Кәусарым» атты қысқа метражды фильмнің тұсаукесері өтті. Оның режиссері Жәнібек Кәрбозов Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының 2 курсында оқиды. Студенттің бұл шығармасы Фейсбук әлеуметтік желісі арқылы көрермендердің сүйіспеншілігіне ие болып үлгеріпті. Жарты сағаттан сәл асатын фильмнің мазмұны да күрделі емес, бірақ айтары бар – ауылдың гүлденген ертеңін армандайды. Қалада компьютермен тел өсіп жатқан Бекжанды қысқы каникул басталғанда анасы «менің ауылға барғым келмейді, онда не қызық бар?» дегеніне болмай, құлағынан сүйрегендей етіп ауылға алып келеді. Торғай өңіріндегі сонау Қабырға өзенінің бойындағы кішкентай ауылда анасының төркіні тұрады. Қаңтардың қақаған аязы, қалың қар жамылған ауыл бұйығып жатқандай. Бірақ бұл сырт көзге ғана екен. Нағашысының өзі қатарлас жасөспірім ұлы Айдармен бірге қыс қызығына тоймайды. Айдар жиені Бекжанды ертіп алып, ауыл балаларымен бірге сырғанақ тебеді, түйеге мінеді, қорадағы жас төлдерге қарайды, шөмеленің басына шығып ойнайды. Қабырға өзеніне барып, ауыл адамдарының мұздан балық аулағанын қызықтайды. Ауыл клубында ауылдастар жаңа жыл шыршасын өткізеді. Ауыл баласы Айдар қаладан келген Бекжанға қарағанда пысық, оған ауылдың тарихын айтып береді. Осының барлығы да ауылдан шығып, қазақтың атын көкке көтерген халқымыздың талай мықтысының балалық шағына тән көрініс. Фильмде Бекжанның ауылдағы Кәусар деген қызға балалық махаббаты да шынайы, әдемі суреттеледі. Кәусардың жеңгесі арқылы халқымыз дәстүрлерінің, мінезінің ауылда әлі сақталғанын қуана жеткізгендей болады. Ал аппақ қар үстінде балалардың ән, биін мюзикл жанрында беруімен фильм режиссері бүгінгі бұйығы қазақ ауылы құрымайды, қайта гүлденеді деген ой айтқысы келеді. Бір қызығы, қысқа метражды фильмге режиссер Жәнібек актер іздемепті. Онда ойнап жүрген кейіпкерлердің барлығы да өзінің анасы Салтанат, әкесі Манат, інісі Сәруардан бастап, өзінің ауылдастары, ауыл балалары. Фильмнің тұсаукесерінде облыстық мәслихат хатшысы Сайлаубек Есжанов, белгілі ақын Ақылбек Шаяхмет және тағы басқалар болашақ режиссер Жәнібек Кәрбозовтың тырнақалды туындысына ризашылығын айтып, өнеріне өріс тіледі. Нәзира Жәрімбетова, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.