24 Ақпан, 2016

Атаулар ажарын ашқан акция

280 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Атаулар сыр шертеді» жобалар байқауының аясында «Менің көшемнің тарихы» акциясы өткізілді. Акцияның мақсаты туған өлкесінің, елді мекендер мен көшелердің тарихы туралы жастар танымын арттыру және тарихты зерттеуге үлес қосуын қалыптастыру, облыстың топонимия кеңістігіне ғылыми негіз жасауына қатыстыру болып табылады. Шараға қатысушыларға «Оно­мас­тика тіл білімінің ажырамас бөлігі» тақырыбында облыстық тілдерді дамыту басқармасының атқарған жұмыс­тарын қамтитын бейне ролик ұсы­нылды. Акция Ақтөбе қаласындағы Пацаев атындағы көшенің тарихына арналды. Облыстық қоғамдық саяси кеңес төрағасының орынбасары, облыстық ономастика комиссиясының мүшесі Еркін Құр­манбек «Мәңгілік Ел – мұратымыз» атты тақырыпта, облыстық Планетарий директорының орынбасары Бибігүл Мұстафина жерлесіміз космонавт-ұшқыш В.Пацаевтың өмір жолы жайлы әсерлі әңгімеледі. Жиналғандар В.Пацаев туралы «Звездный путь Виктора Пацаева» деп аталатын бейне-роликті тамашалады. Қ.Жұбанов атындағы өңірлік мемлекеттік университеттің тарих факультетінің студенті Бану Жұманазарова «Ақтөбе көшелерінің тарихы туралы», Ақтөбе қаласындағы Н.Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Айбар Шаймұханов «Хазірет Меңдіғалиев атындағы көше» деген тақырыптарда өз зерттеу материалдарын көпшілікке ұсынды. Акцияға қатысушылар Мәңгілік Елдің өз Отанымыздан басталатынын, оған жастардың белсенді атсалысуы, отансүйгіштік, патриоттық тәрбие бағытында ой қозғады. Жастардың «Атаулар сыр шертеді» жобасына қатысушылар саны жыл сайын артып келеді. Бұл жобаға 2013 жылы 120 жас, 2015 жылы 203 студенттер мен мектеп оқушылары қатысып елді мекендер мен көшелер атауларын зерттеді. 2013 жылы байқауға 67 жоба, 2015 жылы 86 жоба сарапқа салынды. Акция аясында жобалар байқауының жеңімпаздары Қ.Жұбанов атындағы өңірлік мемлекеттік университетінің студенті Нұрболат Тілегеновке, Ақтөбе қаласындағы №9 мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушылары Данил Резяев пен Диана Рогозниковаға бас жүлде, ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Сонымен бірге, «Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге, қазақстандық рухани бірлікті қалыптастыруға зор үлес қосқаны үшін» номинациясы бойынша жастарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында мектептерде жауынгерлік даңқ мұражайларын ашып, Германия және Австрия жерінде қаза тапқан қазақстандықтарды «Естелік» кітабынан іріктеу ісіндегі еңбегі үшін «Флот бауырластығы» қоғамдық ұйымының төрағасы Марат Сердалиев, өңірдегі жер-су атауларын тарихи тұрғыдан реттеу ісінде жүйелі жұмысты ұйымдастырғаны үшін облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Алмат Пангереев, ел үшін қаза тапқан жауынгерлердің сүйектерін туған жеріне жеткізіп, есімдерін ұлықтап, ұрпақ жадында жаңғыртудағы патриоттық тағылымы үшін «Қазақстан Республикасы Ауғанстан ардагерлерінің одағы» қоғамдық ұйымы Ақтөбе филиалының басшысы Гумер Галеев, қазақ тілін оқыту әдістемесін халықаралық деңгейде насихаттағаны үшін Ақтөбе қаласындағы №9 орта мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нұргүл Қадырова ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Облыстық тілдерді дамыту басқармасы алдағы жылдары бұл жобаны Ақтөбе өңірімен шекаралас аудандардағы елді мекендердің атауларының тарихын зерттеуге арнамақ. Жоба қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізілетін болады. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.