24 Ақпан, 2016

Коммунистер – елдің жоғын жоқтаушылар

425 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
КоммунистерКеше Көк­шетау қаласында Қа­зақ­стан Коммунистік халық партиясының сайлауалды үгіт-наси­хат жұмыстарына арналған ай­мақ­тық партиялық форумы болды. Форум «Ортақ ісімізді оңалтайық!» деген ұранмен өтті. Онда ҚКХП хатшы­сы Владислав Косарев ком­му­нис­тердің алдағы сайлауға баратын бағ­дарламасына тоқталып өтті. «Біздің бүгінгі форумымыз тектен тек «Ортақ ісі­мізді оңалтайық!» ұранымен өтіп отыр­ған жоқ. Коммунистердің сайлауал­ды бағдарламасы осындай атауға ие. Бұл бағдарлама коммунистік идеология­ны дамытуға, халықтың мұң-мұқта­жын жоқтауға және қазақстандық пат­риотизмді күшейтуге бағытталған», – деді ол өзінің сөзінде. Әрі қарай В.Косарев бағдарла­маның негізгі бөлімдеріне тоқталып, халық­тық коммунистердің ұстаным­дары мен мін­деттеріне, коммунистік тәрбие, «ба­тыс­тық құндылықтардың» кері әсері деген мәселелерге тереңірек тоқ­талды. Со­нымен қатар, ол елдегі әлеуметтік әді­лет­тіліктің сақталуына коммунистік пар­тияның сүбелі үлес қосып жүргенін атап өтті. Бесінші сай­ланымға депутат бо­лып сайланған ком­мун­истердің осы тарапта үлкен жұмыстар атқарғанын да санамалап берді. Одан кейін сөз алған партия же­тек­шілерінің бірі Тұрғын Сыздықов марксизм-ленинизм идеяларына тоқталып, оның коммунистік партиялардың бүтін, дәйекті ғылыми көзқарасы екенін атап өтті. «Коммунистік идеологияның озық­тығы сонда – ол халықтың әл-ауқа­тын арттыруды көздейді, адам­дар­дың тең тұрмыста болуын қалайды. Со­нымен бірге, барлық әлеуметтік мә­се­­ле­лердің әділетті жолмен шеші­ліп, адам еңбегінің лайықты бағалан­ғанын талап етеді. Мұндай идеология ли­бералдық капиталистік қоғамға ұнама­ғанымен, халық осындай әділеттік­терді күтеді. Сондықтан да біздің бағдарламамызды қолдап, коммунистерден елдегі ең жоғары өкілді органға өз депутаттарының болуын қалайтынына сенімдіміз. Біз әрқашанда халық мүддесін қорғаймыз. Партияның идеологиялық тұжырымдамасы Карл Маркстің іліміне сәйкес, қоғам дамуындағы жаңа фактілер мен құбылыстарды жинақтап, қоршаған әлемдегі өзгерістер негізінде үнемі даму үстінде», – деп қорытындылады сөзін Т.Сыздықов. Іс-шараның соңында қатысу­шы­лардың бәрі ҚКХП бүгінгі таңда елі­міз­дегі аса биік құндылықтар – әлеумет­тік әділеттілік, экономикалық тұрақ­тылық пен ұлтаралық және конфес­сияаралық келісімді сақтауда үлкен күш екенін бірауыздан атап өтіп, оның осы бағыттағы жұмыстарын қолдай­тындарын білдірді. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы.