Кеше «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы республикалық қоғамдық штабының мүшелері «Александров» кәсіпорнының еңбеккерлерімен жүздесті.
Етті өңдеп, одан шұжық пен өзге де ет өнімдерін дайындайтын өндірістік цехта ұйымдастырылған бұл шарада «Ауыл» партиясының мүшелері кәсіпорын қызметкерлерін «Ауыл дәстүрін жаңғыртамыз» атты сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, ондағы негізгі басымдықтарға назар аударды.
Бірінші кезекте сөз алған партия төрағасы Әли Бектаев ауыл шаруашылығы саласына қатысты мәселелерге көбірек тоқтала келіп, «Еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту, соның ішінде кәсіпкерлерді қолдап, ауыл-аймақтардағы тауар өндірушілерге кәсібін кедергісіз жүргізуге жағдай жасау басты міндеттеріміздің бірі», – деді. Сондай-ақ, ол соңғы жылдары ауыл мен ауылшаруашылық саласын қолдауға мемлекет тарапынан нақты қадамдар жасалып отырғанын айта келіп, бұл бағытта шешімін күткен түйткілдер де баршылық екенін жеткізді.
Сонымен қатар, Ә.Бектаев партияның отандық агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған негізгі міндеттерді жақын келешекте жүзеге асыру мақсатында еңбектенетінін мәлім етті. «Біздің партиямыздың белсенділері ірі шаруа қожалықтарын, үлкен кәсіпорындарды аралап қана қоймай, шағын кәсіпкерлердің де мұң-мұқтажын тыңдап, олардың қажеттіліктерін өтеуге тырысады. Біз өндіріс орындарын үлкен, кіші деп бөлмейміз. Олардың барлығына бірдей қараймыз. Біздің негізгі мақсатымыз – ауылшаруашылық саласын дамыту және осы бағытта көбірек жұмыс орындарын ашу. Біз үшін аталған салаға көмек көрсету маңызды», – деді партия төрағасы.
Ал кәсіпорын қызметкерлері мен жұмысшылары да кездесу барысында өз ойларын жеткізді. Олардың айтуынша, кәсіпорын негізгі шикізатты тек қазақстандық өндірушіден алып отырады. Себебі, отандық өнімнің дәмі тұтынушыға жақынырақ әрі арзанырақ. Сондықтан, кәсіпорын ет жеткізетін жергілікті кәсіпкерлердің тұрақты қызметіне мүдделі болып отыр.
Жиын барысында цех қызметкерлері мен жұмысшылары сайлау науқанының еліміз үшін маңыздылығын жете түсінетіндерін жеткізе келіп, ауыл шаруашылығы қазақстандық экономиканың қозғаушы күші болуы тиіс екенін, сондықтан «Ауыл» партиясының саяси науқаннан тыс қалмағанын орынды деп есептейтіндерін айтты. Мәселен, цех жұмысшысы Хамит Шалданбаев «Ауыл» партиясының бағдарламасына көңілі толатынын, онда өте орынды мәселелер қамтылғанын жеткізді.
Кездесу соңында партия белсенділері 50 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорынның жұмысына сәттілік тіледі.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан».