25 Ақпан, 2016

Алып шаһар алға қарай адымдайды

304 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
BEK_2340Алматыда қала әкімі Бауыржан Байбек қаланың экономикалық даму қорытындылары жөнінде халық алдында есеп берді. Азаттықтың алтын бесігі атанып, отандық экономиканың ұйытқысы әрі локомотиві, еліміздің рухани ордасы, ел білімі мен ғылымының, спорт пен кәсіпкерліктің орталығы болған Алматы қаласының келешегі мен дамуы тек алматылықтар үшін ғана емес, жалпы қазақстандықтар үшін ерекше маңызға ие екендігін айтып өткен қала әкімі Бауыр­жан Байбек алып мегаполистің ел дамуына қосып отырған үлесі туралы кеңінен баяндады. Өзінің алғашқы есептік баяндамасында әкім өткен 2015 жылдың барша адамзатқа оңай соқпағандығын, бірақ әлемдік қаржы дағдарысының қала дамуында жаңа мүмкіндіктер ашуға түрткі болғандығын айтты. Әлемдік қаржы дағдарысының теріс әсеріне қарамастан, қала 2015 жыл­дың қорытындысы бойынша өзінің даму қарқынын сақтап, әлеуметтік-экономикалық оң көрсеткіштерге қол жеткізді. Мемлекеттік бюджетке түсетін барлық салықтық және салықтық емес түсімдердің 27 пайызын қамтамасыз ете отырып, қала ел қазынасына 1,36 трил­лион теңге қаржы аударды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда, 10 пайызға артық. Бүгінде Алматы елі­міздің ішкі жалпы өнімінің бестен бір бөлігін береді. Жалпы, өңірлік өнімінің мөлшері алғаш рет 8,9 триллион теңгеге жетіп, 3 пайызға артты. Соңғы 5 жылда қала бюджеті 1,5 есеге өсіп, 486 миллиард теңгені құрады, деді Б.Байбек. Қала басшысының айтуынша, Ал­маты 5 институттық реформаны және Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын жүзеге асыру, қала мен ел дамуын жаңа және барынша заманауи форматқа көшіруге мүмкіндік беретін бірден-бір қарыштап дамушы шаһар боп қала береді. Бүгінгі таңда Алматы ел бойынша ішкі жалпы өнімнің 5/1 бөлігін, ел бюджетіне түсіп отырған барлық түсімнің 26,3 пайы­­зын, шағын және орта кәсіп иелері шығарған өнімдердің 24,7 пайызын, өнімді жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерліктің 15 пайызын, еліміз бойынша несиелік портфельдің 66,3 пайы­зын, көтерме тауар айналымының 27,5 пайызын, сыртқы сауда айналымының 17,2 пайызын, тұрғызылатын тұрғын үйлердің 15,4 пайызын, сондай-ақ, ел аумағы бойынша құрылыс жұмыстары көлемінің 9,7 пайызын құрап отыр. Қалада өнеркәсіп өнімдері өндірісінің көлемі 646,3 миллиардқа, бөлшек тауар айналымының көлемі 1 754,0 миллиард теңгеге, көтерме тауар айналымы 7782,1 миллиард теңгеге, ал байла­ныс қызметінен түсетін кіріс көлемі 398,0 миллиард теңгеге көтерілген. Мем­лекеттік бюджетке кіріс кіргізу көрсеткіші бойынша Алматы тағы да алда келеді. Алматыда биылғы жылы 26 қалалық муниципалдық кәсіпорын жекешелендіруге шығарылады. Біз алдымен шағын кәсіпорындарды шығарамыз. Қала тұрғындары бұл шараның оң нәти­­жесін көруі қажет. Содан кейін барып, ірі кәсіпорындарды да сатылымға шығара бастаймыз. Бүгінгі таңда Ал­матыда заңдастырылған активтердің көлемі республикалық көлемнің 60 пайызын құрайды. Ал бұл, бюджетке 1 миллиард теңге көлемінде салықтың түсуіне септігін тигізді. Яғни, заңдастыру арқасында Алматыда қалалық бюджетке 1 миллиард теңге қосымша қаржы келіп түсті, деді қала басшысы. Алматыда 2016 жылы әлеуметтік салада 25 балабақша, 4 мектеп және бір емхана салынатын болады. Бұған 34,5 миллиард теңге бөлінбек. Сонымен қатар, қала басшысы 2015 жылы тұрғын үй құрылысы қарқынды дамығанды­ғын атап өтті. Алматыда «Нұрлы Жол» инфра­құрылымдық даму бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Нәтижесінде, жаңа шағын аудандар салынып, қаланың батыс жағына қосылған жаңа аймақтар ауызсумен қамтамасыз етілді. 2015 жы­лы тұрғын үй құрылысы 3,2 пайызға өсті. Бір жыл ішінде 1 373,7 мың шаршы метр тұрғын үй, яғни 3 мыңға жуық пәтер пайдалануға берілді. Қолжетімді баспана көлемі 1,4 есеге көбейді. Алдағы уақытта тағы 4 мыңға жуық пәтер салынады, деді Б.Байбек. Қалада балабақша мәселесінің әлі күнге күн тәртібінде тұрғанын баяндай келе, әкім мұны Алматы қаласы мен қала маңына өзге өңірлерден көптеп қоныс аударушылар легінің толастамауы­мен түсіндірді. Сондықтан да, бұл мәселе ешқашанда 100 пайыз шешімін таппайтынын түсіндіре отырып, қала билігі балабақша бағасын төмендету мен жекеменшік үйлерден шағын бала­бақшалар ашуды, кей отбасылар осындай кәсіппен айналысуды қолға алу үрдісінің жолға қойыла бастағанын жеткізді. Сонымен қатар, әкім мемлекет-жеке­меншік әріптестігі аясында Ал­матыда басқа да ауқымды жобалар қолға алынатындығын жеткізді. 2016 жылы жалпы сомасы 37,6 миллиард теңгеге 16 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Осы жобалар арқылы 4300 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Сонымен қатар, қала басшысы Ал­­­­­матыда қала тұрғындарының табысы 3 пайызға өскендігін жеткізді. Жұмыссыздық 0,2 пайызға қысқарған. 2015 жылы қалада жаңадан 29 000 жұмыс орны ашылып, қала әкімдігінің жүргізген дұрыс саясаты барысында 260 000-нан астам жұмыс орны сақталып қалған, яғни қалада тұрақтылық бар. Сонымен қатар, өткен жылы 1 миллиард теңгеге 4 300 жұмысшы алдында жалақы бойынша қарыздар өтелген. Алматы қаласында шағын және орта бизнес қарқынды түрде дамып жат­қандығын жеткізген қала басшысы бірқатар көрсеткіштерге де тоқталып өтті. 2015 жылы жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 4,7 пайызға өсіп, 185 185 бірлікті құрады. Бұл салада бүгінгі таңда 584,6 мың адам жұмыс істейді. Бұл қала халқының 66 пайызын құрайды. Қала тұрғындарының мәселе­лері оңтайлы шешілуі мұқият қа­да­ғаланатынын ескерткен Бауыржан Байбек барлық аудан басшыларына үлкен жауапкершілік жүктеді.  Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.