25 Ақпан, 2016

Өнімділік арта түсуде

342 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Инвестициялар және даму министрлігінің Индустриялық даму және өндіріс қауіпсіздігі комитетінің төрағасы Аманияз Ержанов баспасөз мәслихатын өткізді. Ол еңбек өнімділігін арттыру үшін жасалған «Өнімділік-2020» бағдарламасы жөнінде әңгімеледі. Инвестициялар және даму ми­нистрлігі аталған бағдарламаны «Қазақстандық индустрияны дамыту институты» акционерлік қоғамымен бірлесе жүзеге асырып жатқанын айтқан комитет төрағасы, қазіргі таңда еңбек өнімділігін арттырумен қатар, кәсіпорындардың тиімді жұмыс істеуіне де баса назар аударылып отырғанына тоқталды. «Осы күнде әлемдегі жоғары стан­дартқа қол жеткізу бойынша нақты еңбек өнімділігіне қатысты саясат жүргізіліп отыр. Осынау сая­сатты жүзеге асыруға байланыс­ты министрлік пен институт бір­лесе отырып, «Өнімділік-2020» бағ­дар­ламасын тағы да жетілдіре түсті. Бұл бағдарлама озық елдердің тәжірибелерін зерделеген соң ғана дайындалғанын айтқым келеді. Қолға алынған бағдарлама отандық өнім шығарушылар мен қарапайым жұ­мысшылардың қызметін үйлес­тіріп, жақсы нәтижелер көрсетуде», деді ол. Бағдарлама 2011 жылы жасалып, содан бері жүзеге асыры­лып келе жатқаны мәлім. Бүгінде ол же­тілдіріліп, жаңа талаптар енгі­зіле бастаған. Осыны негіз­ге алған ведомство басшысы өнді­ріс орындарын жаңғыртумен қа­тар, маңызды жұмыстарды атқа­ра­тын қызметкерлердің білік­тілік­терін үнемі арттырып отыру аса қажет екенін айтты. «Бүгінде бірінші кезекте индустрияландыру картасының жобаларына арналған техникалық-экономикалық негіз­де­мелерді әзірлеу мен оны үнемі сараптап отыратын жүйе енгізу керек­тігін атап өтті. Сондай-ақ, кадр­ларды, оның ішінде, топ-менед­жерлерді даярлау мен қайта даяр­лау ісіне баса назар аудару қажет екенін жеткізді. Бұлармен бірге, әлемдегі ең мықты сарапшы­лар­ды тарта отырып, өндірістік тәжіри­белерді толыққанды пайдалану ләзім, деді. Комитет төраға­сы консалтингтік, жобалау және инжи­нирингтік ұйымдардың қызме­тін салаға тарта отырып, басқару­шылық және өндірістік технологияларды мүмкіндігінше ертерек енгізген жөн болатынын айтты. «Жоғарыда айтылған шарттар жүйеленіп енгізілгенде ғана еңбек өнім­ділігі екі еседен де артып, Мем­лекет басшысы жүктеген тапсырма толық орындалған болады», деді ол. Осы күнге дейін «Өнім­ді­лік-2020» бағдарламасы аясында 140 кәсіпорынға 27 млрд. теңгеге мем­ле­кеттік қолдау көрсетіліпті. «Өнім­ділік-2020» бағдарламасы аясын­да қолдау көрсетілген кәсіп­орын­дарға тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отырамыз. Оны іске асы­ру­дың бірінші кезеңінде 140-тан астам кәсіпкерлік субъектісіне сома­сы 27 млрд. теңгеге мемле­кет­тік қолдау көрсетілді. Со­ның ішінде 25 млрд. теңгеге 13 инвес­ти­циялық жоба бойынша ұзақ мерзім­ді жергілікті лизинг берілді. Осы ша­ра­лардың нәтижесінде лизинг­тік қаржыландыру алған кәсіп­орындарда еңбек өнімділігі 1,5-2 есеге дейін өсті», деді А.Ержанов. Ведомство басшысының тағы бір маңыз беріп айтқаны, бағ­дар­ламаның жаңа форматы бо­йынша келіп түскен өтініш орташа есеппен 8 жұмыс күні ішінде қарастырылады. Сонымен қатар, құжаттарды нотариалды куәландыру талабы алынып тасталған. Онда кәсіпорын басшысы кепілдік берсе, соның өзі жеткілікті болады екен. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».