Әкімдердің облыс тұрғындары алдында жылды қорытындылап есеп беру міндеттілігіне сай, Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев өзінің есепті баяндамасын жария етті.
Есепте әкім 2015 жылы Маңғыстау облысын әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамыту үшін жасалған жұмыстарды, көрсеткіштерді баяндап берді.
Өңір экономикасының дамуы 1,2%-ға өсті. Адам басына шаққандағы өңірлік өнім көрсеткіші бойынша облысымыз республикада 4-ші орында. Өндірістік өнеркәсіп көлемі 1,6 трлн.теңгені немесе нақты көлем индексі 96%-ды құрады. 2015 жылы соңғы үш жыл ішінде бірінші рет табиғи газ өндірісі 24%-ға өсіп, оның көлемі 2,5 млрд.шаршы метрді құрады, деген облыс әкімі, бұл көрсеткішке Бейнеу ауданында «Шағырлы-Шөмішті» газ кен орнының іске қосылуы нәтижесінде қол жеткізілгендігін атап өтті.
Маңғыстау облысындағы мұнай өндіруші компаниялар өткен жылы 18,5 млн. тонна мұнай өндірген, сондай-ақ, мұнай бағасының әлемдік нарықтағы төмендеуіне байланысты, бұрғылау және жөндеу жұмыстарына арналған шығыстар қысқартылған.
Энергоресурстар бағасының төмендеуі біздің мұнай компанияларының қызметіне де әсерін тигізді. Сондықтан, мұнай компанияларының қаржы жағдайын төмендетпеу мақсатында, өткен жылы біз олардың салықтық төлемдерін азайту мәселелері бойынша нақты шаралар қабылдадық. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде бүгінгі таңға экспорттық кеден салығының мөлшері тоннасына 80 доллардан 40 долларға дейін төмендеді. Ал, осы жылдың наурызынан бастап мұнайдың әлемдік нарықтағы бағасына сәйкес, кеден салығы өзгертіледі, деді А.Айдарбаев.
А.Айдарбаевтың есебінде облыстағы жергілікті және республикалық маңыздағы жол құрылысы мәселесі қамтылды. Маңғыстау облысының транзиттік әлеуетін кеңейтіп, теңіз арқылы да, құрлық арқылы да әлемнің бірқатар елдеріне шығып кете алатын қақпа ретінде мүмкіндігін лайықты пайдалану үшін жасалып жатқан жұмыстар таныстырылды.
Индустрияландыру картасының бесжылдығын қорытындылап, былтыр екінші бесжылдықтың жарияланғандығын айтқан облыс әкімінің айтуынша, осы мерзім ішінде Маңғыстауда 225 млрд. теңгені құрайтын 33 жоба жүзеге асырылып, 3 мыңнан астам жұмыс орны құрылған. Жаңа бесжылдықтың алғашқы жылы, яғни былтыр өңірде 700 жаңа жұмыс орнын ұсынған 50 млрд. теңгенің 11 жобасы енгізілген. Өңірде жұмыс жасайтын «Жаңаөзен сүт зауыты», «Берекет-Ф», «Ақтау сүт» және «Милина фуд продакшен» компаниялары сынды сүт өнімдерін өндіретін 4 ірі кәсіпорын өз тауарларымен өңір сұранысының 30%-ын қамтамасыз етіп, жергілікті қамтуды көбейтуге үлестерін қосып келеді. Сондай-ақ, облыстағы 116 шаруа қожалығы тұтынушыларын жеміс-жидек және бақша өнімдерімен 50 пайызға қамтамасыз етеді. «Бейнеу астық терминалы», «Мага бред» және «Берекет-Ф» сияқты 2 ірі зауыты және 30-ға жуық нан пісіруші орындар нан өнімдері және ұнмен ішкі сұранысты 100%-ға қамтамасыз етіп отыр. Маңғыстау облысындағы іргелі істердің қатарында «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағынан салынған «Азерсун» өндіріс және логистикалық орталығын, «Софи Медгрупп» көпсалалы клиникасын, Ақтау теңіз солтүстік терминалын атады.
Әкімнің айтуынша, аймақтың дамуында тұрғын үйлер құрылыстары белсенді бағыттардың бірі болып табылады. Құрылыс жұмыстары есепті мерзімде 180 млрд. теңгені құрап, салада инвестиция көлемі 8 пайызға өскен. Облыста 645 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген, бұл 2014 жылмен салыстырғанда 10%-ға көп. Бұл жұмыстар нәтижесінде 5 мыңнан астам тұрғындар жаңа баспанаға ие болған.
Маңғыстау өңіріндегі маңызды мәселелердің бірі – ауызсу. А.Айдарбаевтың есебінен бұл тұрғыда облыстың елді мекендерін орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету жұмыстары кезең-кезеңімен іске асырылуда екендігін білдік. «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында 20 млрд. теңге инвестиция салынған 57 жоба жүзеге асырылған. Соңғы үш жылда облыс тұрғындарын ауызсумен қамту 70 пайызға жеткен.
А.Айдарбаев Түпқараған, Бейнеу, Маңғыстау, Қарақия, Мұнайлы аудандары мен Ақтау, Жаңаөзен қалаларының даму барысына қысқаша тоқталып өтті. Сондай-ақ, өңірдің ауыл шаруашылығы, азық-түлік тауарларының баға индексі, өңірлік тұрақтылық қоры, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, тұрғын үй құрылысы, мәдениет, денсаулық сақтау, білім беру және туризм салалары, жұмыссыз жастардың мәселесімен айналысатын «Жаңа серпін» бағдарламасы туралы баяндады.
Есеп беру соңы әдеттегідей сұрақ-жауапқа ұласып, арнайы ашылған орталықтарға келіп түскен сауалдарға он күн ішінде жауап берілетіндігі айтылды.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы.