Елбасы Қазақстан халқына арнаған «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында «Біз рецессияға жол бермедік, өйткені, не істеу керектігін білдік және мұны жедел істедік. Ұлы Неру бір кездері былай деген екен: «Табыс кім батыл қимылдаса, соның үлесіне жиі түседі». Ал біз батыл қимылдадық. Біз төтеп бердік. Енді біз 2020 жылға дейінгі Даму стратегиясын орындауға кірісеміз» деп атап көрсеткен болатын. Иә, әлем таныған реформатор Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқаны әдеттегідей-ақ ақиқатқа айналды. Қазақстан экономикасы ең беделді халықаралық сарапшылар бірауыздан мойындағандай, «қазақстандық экономикалық даму құбылысының» жаңа ғажайыптарын таныта бастады. Оны үдемелі индустриялық-инновациялық даму бесжылдықтарының алғашқы бетбұрыс жылы болып табылатын – 2010 жылдың қорытындылары айқын дәлелдеп отыр. Экономикалық сараптама көтеріңкі теңеулі сөздерден гөрі, нақты дәлелдер мен бұлтартпас цифрлармен сөйлегенді ұнатады. Ендеше, сол цифрлар мен фактілерден тұратын дәйектемелерге жүгініп көрейік.
Еліміздің өнеркәсіп өндірісі 2010 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша, 2009 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 10,5 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 18,8 пайызға өсті. Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің өсімі 7,5 пайызды құрады. Өндірістің осындай жоғары қарқынмен өсуіне ішкі және сыртқы рыноктардың конъюнктурасының жақсаруы бірінші себеп болса, ел Үкіметінің әлемдік дағдарысқа қарсы жасаған іс-қимыл бағдарламасының тиімділігі мен Индустрияландыру картасына кіретін жаңа өндіріс нысандарын іске қосу үрдісінің ерекше игі ықпал еткендігі және ақиқат. Мәселен, қаңтар-қазан айларындағы еліміздің сыртқы сауда айналымы 2009 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, 43,1 пайызға артса, тауар экспорттау көлемі 52,6 пайызға көбейді.
2010-2014 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберіндегі инвестициялық жобалардың ел экономикасының әлеуетін көтеруге мейлінше қуатты қарқын беретіндігі даусыз. Оны бесжылдықтың алғашқы жылындағы нәтижелер де көрсетті. Атап айтар болсақ, 2010 жылдың алғашқы жартыжылдығында елімізде жалпы құны 381 млрд. теңге болатын 72 жаңа инвестициялық ірі жоба іске қосылып, 12 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Ал екінші жартыжылдықта, тура ел Тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында Мемлекет басшысының өзі сәттілік тілеп, бір мезетте жалпы құны 450 миллиард теңгеден асатын 80 ірі индустриялық нысанның тұсауын кесті. 12 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Сөйтіп, индустрияландыру бес жылдығының алғашқы жылының өзінде елімізде жалпы құны 800 миллиард теңге болатын 152 ірі индустриялық-инновациялық жобалар іске қосылды. Бір жылдың ішінде 152 ірі индустриялық нысанының іске қосылуы бұрын-соңды ешқандай мемлекеттің тарихында болып көрмеген. Бұл Қазақстанның шын мәнінде индустриялық өрлеу дәуіріне қадам басқанының айшықты көрінісі.
Осы іске қосылған ірі нысандар қатарында Ақмола облысындағы жылына 60 миллион керамикалық кірпіш шығаратын зауытты, Ақтөбе облысындағы «Син-ойл» ЖШС-ның мұнай өнімдерін өңдейтін кешенін, Шығыс Қазақстан облысындағы «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ-тың титан құймаларын және балқымаларын шығаратын зауытын, Жамбыл облысындағы «Жаңатас» металлургиялық комбинаты» ЖШС-ның болат қорыту өндірісін, Қостанай облысындағы макарон өнімдерін шығаратын өндірісті, Қызылорда облысындағы асфальт-бетон зауытын, Солтүстік Қазақстан облысындағы «Леонов» шаруа қожалығының 320 бас сауын сиырға арналған сүт кешенін және басқаларды атап айтуға болады.
Елімізде соңғы жылдары мұнай, газ және тау-кен өнімдерін өндіру қарқыны барған сайын артып келеді. 2010 жылдың 11 айында республикамыздың мұнай өндіру компаниялары 72 488 мың тонна мұнай және газ конденсатын өндірсе, жыл аяғында осы көрсеткіш 80 миллион тоннаға жеткізілді. Еліміздің мұнай өңдеу зауыттары 12 416,7 мың тонна шикі мұнай өңдеп, 2 633,4 мың тонна бензин, 3 759,3 мың тонна дизель отынын, 3 436,9 мың тонна мазут, 441,3 мың тонна авиакеросин шығарды. Кеше ғана тарих қойнауына кірген жылы елімізде газ өндіру көлемі 37,5 миллиард текше метрге жетті. Қантар- қараша айларында 19,4 миллиард текше метр тауарлы газ өндірілді.
Жыл қорытындысында еліміздің қайта өңдеу өнеркәсібінің де қуатты қарқынмен дами бастағанына да жетті. Атап айтқанда, өткен жылдың 11 айында бұл саланың өсімі 2009 жылдың сәйкес мерізімімен салыстырғанда 18,8 пайызға артты. 2009 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда азық-түлік өнімдерін өндіру 113,8 пайызға, тоқыма өнімдерін шығару – 130,3, мұнай өнімдерін өндіру – 113,1, химия өнеркәсібі – 137,6, металлургия өнімдерін шығару –148,7 және мәшине жасау 158,8 пайызға артқан.
Еліміздің ауыл шаруашылығы саласы да өткен жылдың ауа-райының қолайсыздығына қарамастан ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Еліміздің бірқатар өңірлерінде қатты куаңшылық орын алғанымен, мемлекет тарапынан жасалған үлкен қаржылық көмектің арқасында диқан қауымы озық агротехникалық шараларды тиімді қолдану нәтижесінде 13 миллион тоннадан астам астық бастырды. 2010 жылдың 1 желтоқсанына дейін еліміз 8,1 миллион тонна астық және ұн экспорттады. Бұл 2009 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, 2,1 миллион тоннаға артық. Республикамызда дәнді дақылдар, майлы дақылдар және басқа да өнімдер бойынша халқымыздың сұранысын толық қанағаттандыратын өнім қоры жиналды.
Есепті мерзім ішінде мал өнімдерін өндіру көлемі 690,0 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 3,1 пайызға артты. 2010 жылдың 1 желтоқсанында 2009 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда ірі қара мал басы 1,0 пайызға артып, 6 493,0 мыңға, оның ішінде сауын сиыр 2 813,9 мыңға, қой 3,7 пайызға артып, 16 083,9 мыңға, жылқы 3,8 пайызға артып 1 563,7 мың басқа жетті. Құс саны 2,0 пайызға артты.
Әлемдік қаржы дағдарысы дүние жүзінің құрылыс саласын тұралатып кеткені шындық. Бұл келеңсіздік Қазақстанның да құрылыс индустриясына салқынын тигізді. Алайда, ел Үкіметі тарапынан жасалған жан-жақты қолдау еліміздің құрылыс саласын рецессиядан аман сақтап қалды. Өткен жылдың ақпан айынан бастап отандық құрылыс индустриясы тоқыраудан шығып, аз да болса даму ырғағына түсе бастады. Құрылыс жұмысының көлемі өткен жылдың 11 айында 2009 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 0,2 пайызға өсті. 2010 жылдың қаңтар-қараша айларында мемлекет тарапынан құрылыс саласына 278,5 миллиард теңге қаржылық қолдау көрсетілді. 2007 жылдан бастап үлескерлердің қатысуымен салынып жатқан құрылысты жандандыру мақсатында мемлекет тарапынан барлығы 505,809 миллиард теңге қаржы құйылды. Оның ішінде республикалық бюджеттен және Үкімет резервінен 265,809 миллиард теңге, Ұлттық қордан 240 миллиард теңге қаржылық көмек көрсетілді.
2009 жылы әлемдік дағдарыс салдарынан сауда саласында тұтынушылар сұранысының төмендеп кеткені белгілі. Өткен жылы бұл көрсеткіш күннен-күнге артып, қайтадан дағдарысқа дейінгі даму ырғағына келе бастады. Мәселен, 2010 жылдың қантар-қараша айларының аралығында бөлшек сауда тауар айналымының көлемі 2 665,7 миллиард теңгеге жетіп, бұрнағы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 12,4 пайызға артты.
Еліміздің экономикасының жандануы және Елбасының тікелей бастамасымен іске қосыла бастаған инвестициялық жобалар үдерісі көлік және коммуникация саласының да жедел дамуына ықпал етті. 2010 жылдың 11 айында барлық көлік түрлерімен тасылатын жүк көлемі бұрнағы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 16,0 пайызға артты. Атап айтқанда, темір жол көлігімен 241,7 миллион тонна жүк тасылды. 11 айдың қорытындысында темір жол саласының тасымалдан түскен пайдасы 524,6 миллиард теңгені құрап, 2009 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 39,8 пайызға өсті.
Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан индустриялық-инновациялық бағдарлама, «Жол картасы» аясында атқарылған іс-шаралар жұмыссыздық көлемін азайтуға жол ашты. Есепті кезеңде жұмыспен қамтылған тұрғындар саны 8,1 миллион адамға жетіп, 2009 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 2,6 пайызға артты. Жұмыссыздар саны жыл басынан бері 54 мың адамға азайтылып, 481,6 мың адамды құрады. Осыған сәйкес жұмыссыздық көлемі 5,6 пайызға дейін төмендеді.
Индустрияландыру бесжылдықтары бастау алған алғашқы стратегиялық жыл болып танылған – 2010 жылы ел экономикасында орын алған осындай жоғары даму қарқыны алдағы уақытта ел экономикасының табысты да нәтижелі жетістіктерге жететіндігіне берік тұғыр болмақ. Демек, жаңа басталған 2011 жылдан да күтер үміт үлкен.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.