26 Ақпан, 2016

Джанни Инфантино ФИФА президенті болып сайланды

240 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

26-02-16-infantino

АСТАНА. 26 ақпан. Бүгін Швейцарияның Цюрих қаласында УЕФА-ның бас хатшысы, швейцариялық Джанни Инфантино екінші турда Халықаралық футбол федерациясының президенті болып сайланды. Бұл туралы ТАСС-қа сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. ФИФА-ның жаңа басшысы сайлауда 207 дауыстың 115-не ие болды. «Мен сайлаудың қорытындысын және орынтақты қабыл аламын», - деді Инфантино сайлаудан кейін. Сайлауға одан басқа Азия футбол конфедерациясының басшысы, Бахрейн шейхі Салман бен Ибрагим Әл-Халифа, Иордания ханзадасы Әли бен әл-Хусейн, ФИФА президентінің бұрынғы орынбасары Жером Шампань қатысты. Тегі итальян швейцариялық азамат Джанни Инфантино ФИФА тарихындағы тоғызыншы президент болып отыр, Бұған дейін ұйымды француз Робер Герен (1904-1906), ағылшын Дэниел Вулфолл (1906-1918), француз Жюль Римэ (1931-1954), бельгиялық Рудолф Селдрейерс (1954-1955), ағылшын Артур Дрюри (1955-1961), ағылшын Стенли Роуз (1961-1974), бразилиялық Жоао Авеланж (1974-1998), швейцариялық неміс Йозеф Блаттер (1998-2015) басқарды. ФИФА-ның келесі сайлауы 2019 жылы өтеді. Осылайша Инфантино өзінің алдындағы Блаттердің мандатын алды. Бұлардың соңғысы 2015 жылғы мамыр айында осы орынтаққа қайта сайланған еді. Бірақ ұйым төңірегінде көтерілген жемқорлық жанжалына байланысты артынша қызметінен кетуге мәжбүр болды. Джанни Инфантино 1970 жылғы 23 наурызда Швейцарияның Вале кантонындағы Бриг қаласында туған. УЕФА-да 2000 жылдың тамыз айынан жұмыс істей бастады. 2009 жылғы қазанда ұйымның бас хатшысы болып тағайындалды. Ол УЕФА президенті Мишель Платинидің «оң қолы» болды. Инфантино Еуропа чемпионатының финалына қатысатын құрамалар санын 16-дан 24-ке дейін көтерудің бастамашысы еді. Руслан Игілік. Дерек, фото: ТАСС.