Облыс орталығындағы «Атамекен» мейрамханасында өтетін ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Біз біргеміз» атты қайырымдылық акциясына уақытынан сәл ертерек келгенбіз. Ондағы ойымыз жеке адамдармен сөйлесіп, материал алу болатын. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдауға, олардың өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінулеріне жағдай туғызуға бағытталған шараға қатысушылардың арасынан қоларбадағы ашаң жүзді, жұқалтаң жігіт жылы ұшырай кетті. «Түсі игіден түңілме» дегендей, амандасып, әңгімеге тарттық. Бұл Темірбек Матаев деген азамат болып шықты. Мүмкіндігі шектеулі белсенді 150 адам шақырылған акцияға ұлы Ержанмен келген екен.
Мұндайда тағдыр тауқыметіне қалай ұшырағанын сұраудың өзі қиын. Туабітті қайсар жан әңгіме тізгінін өзі алмағанда әлде де қиналар ма едік, кім білсін.
...1982 жылғы 22 ақпанда Қызыл Армия күніне орай ауыл жастары топ-топ болып бастаңғы кеш ұйымдастырады. Темірбектің қатарлары да бір үйге жиналады. Бұлардан бір-екі жас ересек балалар келіп, шатақ шығарады. Бұлар төрт жігіт болып, оншақты жігітке қарсы шығады. Көптің аты көп, олардың таяққа жығып кеткені өз алдына, біреуі Темірбектің ту сыртынан пышақ ұрады. Ол жұлынды зақымдап кетеді. Осыдан бастап-ақ, тағдырмен тайталас басталады. Ақтөбедегі медициналық жедел жәрдем ауруханасының нейрохи-рургия бөлімінде төсекке таңылған алты айда қайта-қайта жасалған операциядан да үміт болмайды, қозғалмай қалған екі аяққа жан бітпейді.
Ол аяққа мініп кетуден үміт үзіп, ауылға келгенде жұрт көзіне түсуге арланды, олардың бәрі оны мүсіркеп тұрғандай көрінді. Шыны керек, иығына тағдыр тауқыметі түскенде туысқандары, достары, сыныптастары келіп қолдау көрсетті. Көңілі құлазыған кездерде олардың қолтықтан демеуі кәдімгідей күш берді.
Сөйтіп жүргенде өмірлік жары Мәдинаны жолықтырды. Ақтөбе медициналық жедел жәрдем ауруханасында ол да басындағы қан қысымынан емделіп жатыр екен. Алғашқы сәттен-ақ тез тіл табысып, ұғынысты. Жүректерінің қалауларымен екі жарты бір бүтін болуға уәделесті. Сөйтіп, 1989 жылғы 25 тамызда Мәдинаға үйленген Темірбек Қарашатауда үш жыл тұрғаннан кейін қалаға қоныс аударуға шешім қабылдады. Сөйтіп, ерлі-зайыпты Мәдина мен Темірбек 1990 жылы Ақтөбе қаласына қоныс аударды. Келе салысымен Ақтөбе қалалық әкімдігіне жеңілдікпен пәтер алуға кезекке тұрды. Дүниеге Әйгерім мен Ержаны келді. Қазір қызы Әйгерім Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетін грантпен оқып бітіріп, ферроқорытпа зауытында еңбек етеді. Ержаны тоғызыншы сыныпта оқиды, өзіне қолғанат.
Бастапқыда Темірбектің бақытына сал ауруларына ұшыраған азаматтардың құқын қорғау қоғамының төрайымы Құралай Бәйменова сияқты қазақтың ізгі жүректі қайсар қызы жолыға кеткенін көрмейсің бе? Өзі де қоларбаға таңылған ол бұған үйде отырып істейтін жұмыс тауып берді. «Рамазан» ЖШС-нің пакеттеріне фирмалық жапсырма қағазды желімдеумен айналысады. Бұл отбасының тіршілігіне қажетті азды-көпті қаржы көзі болды.
Сәтін салып, кезегі келіп, үш бөлмелі пәтерге де қол жеткізді. Шыны керек, мүмкіндігі шектеулі жан ретінде тегін берілген пәтерді Үкіметтің қарасқаны деп бағалайды әлі күнге.
Тәуекелі мықты Темірбек өз бетінше іс қылудың қамын ойлап, бұдан үш жыл бұрын «Ниссан Санни» жеңіл автокөлігін несиеге сатып алып, тағы бір қырынан көрінді. Ауған соғысының ардагері Талғат Мүсірепов арқылы жеңіл автокөлікті қолмен басқаруға икемдеп беретін шеберлерге тапсырыс беріп жасатты. Қазір осы қолмен басқарылатын «Ниссан Санни» жеңіл автокөлігімен жолаушылар тасып, такси жүргізуші болып жүр.
– Қай істің де өзіндік қиындығы болады. Соның ішінде мүгедек адамға жолаушылар тасумен айналысу оңай шаруа емес. Дегенмен, адамдардың көбі бізге түсіністікпен қарайды, көмек қолын созуға дайын. Кезінде 400-600 метрге қоларбамен спорттық жарыстарға қатысып жүрдім. Алматыдағы өткен қоларбашылар жарысында бірінші орын алдым, ал Қырымға тынығуға барып, 20 шақырымдық қоларбашылар марафонына қатысып, екінші орынды иелендім. Қазір үстел теннисімен айналысамын. Жалпы, спорт адамның бойында жігерлілік қалыптастырады, өмірге деген құштарлығыңды оятады, – дейді Темірбек.
Қазір сал ауруларына ұшыраған азаматтардың құқын қорғау қоғамы арқылы көптеген жарымжан жандардың әртүрлі курорттық сауықтыру орындарына барып, тынығып жүргенін еліміздегі экономикалық даму мен саяси тұрақтылықтың нәтижесі ретінде бағалайды. Жергілікті биліктің мүгедектерге деген қамқорлығының аясы жыл сайын кеңейіп келе жатқанын айтады.
Жолаушылар тасымалдап, кешкісін үйге оралғанында пәтеріне көтеріле алмай қиындық көріп жүр екен. Міне, сол қайырымдылық акциясы барысында оған «Динар-Электромаш» ЖШС іс басқарушысы Сергей Решняк Атымтай жомарттық танытып, өз қаржысына ол тұратын үйге пандус салып беруге демеуші болуға уәде берді. Қашанда қайырымдылығымен көзге түсіп жүрген азамат бұл шаруаны жер аяғы кеңіген соң іле-шала қолға алмақшы. Бұған біз де қуанып қалдық. Қаншама тағдыр тауқыметі алдынан шықса да қайырымы мол адамдардың қолдауын сезініп, өмірге құштарлығы күшейе түскен Темірбек Матаев ініміз егемен еліміздің ертеңі бүгінінен де шырайлы болатынына сенімді.
– Елімізде өз өмірін жақсартамын деген адамға қолдау жасалуда. Біз бұған шынайы алғысымызды білдіреміз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған үйлер салуға, олардың өз ісін ашуларына, шығармашылықпен айналысуларына деген қамқорлықты айқын сезініп отырмыз. Бүгінгі акцияның өзінде қаншама адам қаржылай көмек алды. Шыны керек, еліміздегі тұрақтылық пен даму әрбір қазақстандықтың тұрмысын жақсартуға бағытталуда, – дейді ол.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы.