27 Ақпан, 2016

Экономиканың ілгерілеуі бизнесті дамытуға тәуелді

248 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Сурет,5Өңірде партиялардың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары қыза түсті. Кеше Қазақстан Парламенті Мәжілісі депутаттығынан үміткер, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев бастаған топ «Қа­зақ­стан темір жолы» Ұлттық компания­сы» АҚ филиалы – Ақтөбе теміржол бө­лім­шесінде партияның белсенді мүше­лерімен және сайлаушылармен кездес­ті. Кездесуге ақтөбеліктермен бірге, көр­шілес Маңғыстау, Атырау, Қызылорда облыстарынан да өкілдер қатысты. Алғашқы болып сөз алған Мәжіліс де­путаттығынан үміткер Азат Перуашев үгіт-насихат жұмыстарын дабыралатпай, байсалды жүргізіп жатқандарын тіл­ге тиек ете келе, партияның сай­лауал­ды бағдарламасындағы басым бағыттарға тоқталды. – Тәуелсіздікті нығайту мен ұлттық құндылықтарды қорғауға баса маңыз бе­ріледі. Шынайы нарықтық экономи­ка­ны құру және жеке бизнесті дамыту да күн тәртібіндегі өзекті мәсе­ле ре­тінде назарда ұсталады. Кәсіпкер­лікті тұншықтыратын жемқор­лықпен күресті күшейтуге бағыт ұста­лады. Сондай-ақ, көлеңкелі экономика арқылы жиналып, елімізден сырт жер­ге шығарылған мил­лиардтаған қаржы­ны қайтару да пар­тия қолға алатын шаруа­лардың басында тұр. Осындай мақсат­тарға тек демократиялық ұстаным­дар­ды дамы­ту, мықты Парламент пен би­лік ор­гандарының қоғам алдын­­дағы жауап­кершілігін арттыра оты­рып, есептілікті қалыптастыру нәтиже­сінде ғана жетуге болады. Міне, осы қа­дам­дар­дың астарында қыруар жұмыс­тар жасауға тура келеді. Біздің пар­тия­лық ұстанымымыз да, нақты жұ­мы­сымыздың басым ба­ғыт­тары да осылар­дан арна тартады. Біз бұл кездесуде қоғамды дамытуға бай­ла­нысты ұсыныс­тарды жинақтауды да қапер­де ұстау­дамыз. Ол біздің алдағы уа­қыт­­тағы жұмыс­тары­мызға бағдар бе­ре­­рі сөзсіз, деген А.Перуашев пар­тия­ның жұмыс жос­пар­ларымен таныстыра кетті. Кездесуде сөз сөйлеген Қазбек Иса алаштың арысы Ахмет Байтұрсыновтың «Сауатты болу үшін оқуымыз керек, бай болуымыз үшін кәсіппен айна­лы­­суымыз керек, ал мықты болу үшін ауыз­біршілігіміз мықты болу керек» деген қанатты сөздерін жадыда жаңғыртып, «Ақ жол» туы астында бірігуге шақырды. Партияның елдің ертеңі жарқын болуы жолындағы ұстанымдарының ұлттық мүддені көздейтінін атап өтті. Облыста «Ақ жол» партиясының 10 мыңнан астам мүшесі бар. Солардың арасынан облыстық мәслихатқа – 3, қала­лық мәслихатқа – 5 және аудандық мәс­лихаттарға 7 үміткер сайлауға түсу­де. Ақжолдықтар осылай күш біріктіре қимылдауға әзір екендіктерін бұл жолы да көрсетті. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.