29 Ақпан, 2016

Атырауда шекарадан заңсыз өтуші елден шығарылды

269 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
29-02-2016-atyrau 01АТЫРАУ. 29 ақпан. Атырау облысының Құрманғазы аудандық соты Ресейде көші-қон заңдарын бұзып, Қазақстан аумағына заңсыз кірген Өзбекстан азаматына айыппұл салып, елден шығару жазасын тағайындады. Бұл туралы Атырау облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Өзбекстан азаматы Ж.Каримов биылғы қаңтарда Ресей Федерациясы жағынан Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы Қиғаш ауылы тұсындағы шекараның сым қоршауының астымен Қазақстан Республикасының аумағына өтуге әрекет жасаған. Сол кезде оны еліміздің шекарашылары ұстаған. Мұны Ж.Каримовтің өзі де толық мойындапты. Ол өзінің мұндай заңсыз әрекетке баруына Ресей Федерациясында көші-қон заңдарын бұзғаны, сол үшін өзіне Ресейден шығару қатері төнгенін айтқан. Шарасы таусылған өзбекстандық амалсыз шекара бекетін айналып өтіп, Қазақстан Республикасы аумағына заңсыз кіруді көздепті. Құрманғазы аудандық соты Ж.Каримовті тағылған айып бойынша кінәлі деп таныды. Дегенмен, Өзбекстан азаматының ел аумағына заңсыз кіру әрекетіне өкінуі мен қылмыстық жауапкершілікке алғаш рет тартылуы да ескерілді. Сөйтіп, оған 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынып, Қазақстан Республикасының аумағынан 5 жыл мерзімге шығару жазасын қоса тағайындады. Жолдасбек Шөпеғұл. Дерек: Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі. Сурет: pravdaurfo.ru.