29 Ақпан, 2016

Жамбыл облысындағы макарон цехында тәулігіне 15 тонна өнім өндіріледі

508 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
29-02-2016 macaronТАРАЗ. 29 ақпан. Жамбыл облысындағы макарон цехында тәулігіне 15 тонна өнім шығарылады. Сапалы тауар Алматы, Астана қалаларына тасымалдануда. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Байзақ ауданы Қызыл жұлдыз ауылындағы Rola-7 жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылғанына 8 жылға жуық уақыт болды. Алғашында бұл маңайда бір ғана «Чабрец» жайма цехы жұмыс істеген. Арада екі жыл өткенде екінші жайма цехы ашылды. 2011 жылы құрғақ кеспе жасайтын үшінші цех өз жұмысын бастады. Бұл кезде мұнда жұмысшылар саны да арта түсті. 2012 жылы кәсіпорынға өнімдері халықаралық «Халал» стандарт талабына сай екендігін айғақтайтын арнайы куәлік берілді. Жұмыс дұрыс жолға қойылды. Кәсіпорынның сапалы өнімдеріне сұраныс ұлғайды. Мұнда бүгінде жоғары, бірінші және екінші сұрыпты ұн шығарылады. Жоғары және бірінші сұрыптар макарон мен кеспе әзірлеуге жұмсалады. Ал екінші сұрыпты ұн Тәжікстанға экспортталады. Қазір үш ауысымда 155 адам жұмыс істеп, тәулігіне 15 тонна макарон және кеспе шығарады. Бүгінде Rola-7 өнімдері Астана, Алматы қалаларына және бірнеше облыстарға жөнелтіледі. Мұнда макарон өнімінің 20 түрі шығарылады. Кәсіпорында 18 автокөлік тұрақты жұмыс істеп тұр. Жұмысшылар мен кәсіпорын басшылығы арасында жасалған келісімшарт бар. Кейінгі жылдары жұмысшылар саны үш есеге ұлғайған. Былтыр жайманың жылдам дайындалатын түрі бойынша тағы бір цех ашылды. Алдағы уақытта өнімдерді сырт елдерге де шығаруы мүмкін. Мұнда жұмысшыларымызға қажетті жағдайдың барлығы жасалған. Тәртіпті қадағалау, жұмыс белсенділігін назарда ұстау мақсатымен бейнебақылау қойылған. Серіктестік «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша «Халық Банкі» акционерлік қоғамынан 14 пайызбен жалпы сомасы 165,5 млн. теңге көлемінде несие алуға қол жеткізді. Оның 35 млн. теңгесі жаңа цех құрылысына, 38,5 млн. теңгесі айналмалы қорды толтыруға және 92 млн. теңгесі қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға жұмсалады. Алынған несиенің 50 пайызы аталған бағдарлама аясында субсидияландырылды. Оралхан Дәуіт. Дерек, сурет: egemen.kz.