01 Наурыз, 2016

Дәрігерге сенім – таптырмайтын ем

395 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Кардиологиялық орталық....Ота жасау тәжірибесін терең меңгерген қызылжарлық хирургтердің болашақтағы мақсаты – жүрек ауыстыру Елбасының тікелей тапсырмасымен медицина саласы бойынша арнайы бағдарлама түзіліп, әр облыста кардиологиялық қыз­­мет көрсететін орталықтар ашу міндеттелгенін жұртшылық ұмы­та қоймаған болар. Сондай құрылымның бірі Петропавлдағы № 2 қалалық аурухана негізінде 20 орынға лайықталып жасалған болатын. Кейін төсек саны молайып, қазір кардиорхирургия, қарқынды терапия, үш кардио­логия, қан тамырлары хирургиясы, сәулелі диагностика, рент­­ген-эндоваскулярлық хирургия, жансақтау бөлімшелері, клиникалық-биохимиялық лаборатория жұмыс істейді. Жылына 6,5 мыңға жуық науқас қарала алады. Оларға жедел де сапалы медициналық көмектер мен ем-домдар көрсетіледі. Ауруынан айығып кеткен адамдардың шат­тыққа толы жүздерін көргенде ақ халатты абзал жандардың заман ағымына лайықты кәсіби шеберлігіне еріксіз тәнті бола­сың. Өмір мен өлім тайталасып, адам жаны қыл үстіне тұр­ғанда ажал тырнағынан арашалап қалу қаншама қажыр-қайрат пен тәуекелді қажет ете­ді екен деген ойға келетінің, кеселден құлан-таза айығуға зор мүмкіншілік тудырған мем­лекеттің қамқорлығына мың қайтара алғыс айтарың анық. Қази Дәулетбаев деген елге сыйлы ақсақалды ертеден білетінбіз. Ол шау тартқан шағында жүрек кеселіне шалдығып, қатты қи­налды. Балалары шетелде емделуге кеңес бергенде кейістік білдірді. «Қазақстаннан артық жер жәннаты жоқ, туған жерімнен бір қарыс та аттап шықпаймын. Өлсем, сүйегімді алыстан тасып әуре болмайсыңдар», деп жертабандап тұрып алды. Жер­гілікті дәрігерлер күрделі ота­ны сәтті атқарып, аз уақыттың ішінде аяғынан тік тұрғызды. 80-нің сеңгіріне көтерілген ақсақал бү­гінде екі бетінен қаны тамып, шауып жүр. Мұндай мысалдарды ондап емес, жүздеп келтіруге болады. Дімкәс адамға шетелге бару машақатын былай қояйық, шытырлатып ақша санап беруге шамалары жете ме? Жарайды, қарызданып-қауғаланып сапарлады делік. «Пәлен жерде алтын бар, барса, бақыр да жоқтың» кебін кисе, «жығылған үстіне жұдырық» болмай ма? Қазақстанда бір отаның құны шамамен екі миллион теңге тұ­рады. Қаржы шығыны мемлекет есебінен өтелетіндіктен, жүрек оталары тегін атқарылады. Өңір тұрғындарымен қоса, Қостанай, Маңғыстау, Ақмола облыстарынан да келіп жатады. Тіпті, Ресейден, басқа да елдерден ат ізін салатындар аз емес. Олар үшін ақылы, дейді кардиологиялық орталықтың бас дәрігері Азамат Мағзұмов. Оның айтуынша, мәселен, аортокоронарлық шунт қою 2,5 миллион теңгеге дейін жететін көрінеді. Мұндай оталар кепілді медициналық көмек санатына кіретіндіктен, дәрі-дәрмекке дейін ақысыз. Жыл өткен сайын меке­ме­нің материалдық-техника­лық базасының нығая түс­кені аң­ғарылады. Жоғары техно­логияға негізделген замана­уи құрал-жабдықтарды әр бө­лім­шеден кезіктіруге болады. Бұрындары өң түгіл түске енбейтін ангиограф, жасанды қан айналдыратын, сәулелі диагностика ап­­параттары қос-қостан тұр. Об­лыстық әкімдіктің қаражат бөлуі арқасында жеке жарық беру қондырғысы орнатылған. Былтыр лизинг, мекеменің жеке қаражаты және жергілікті қазына арқылы 100 миллион теңгенің медициналық қондырғылары әкелінген. Олардың ішінде жүрек пен өкпенің қызметін алмастыра алатын аппараттардың орны бөлек. Жуырда облыстық мәслихат­тың шешімімен контрапульсатор және экстракорпоральдық жаб­­­дықтар сатып алуға қара­жат бөлініпті. Бір сөзбен айт­қанда, дағ­дарыс қысымына қара­мастан тұрғындарға сапалы медицина­лық қызмет көрсету үрдісі дәйектілік­пен жалғасын тауып келеді. Мемлекеттік бағдарлама шең­­­берінде бой көтерген кар­диологиялық орталықта 50 жоғары білімді дәрігер, 157 мейір­бике жұмыс істейді. Олардың алды өз тәжірибелерін Литвада, Израильде шыңдап, кәсіби шеберліктерін жетілдіріп келген. 2009 жылы 542 коронаро­графия жасалса, 2015 жылы оның мөлшері 1500-ге жеткен. Жүрек-қан тамырларына стенд қою 17-ден 500-ге дейін, қолқа қалқаншасын шунттау 43-тен 200-ге дейін көбейген. 2011 жылы туа бітті жүрек ауруына 21 ота жасалса, былтыр оның саны 56 болған. Айналасы алты жылдың ішінде 3,5 мыңнан астам адам денсаулығын түзеп шығу мүмкіндігін иеленген. Осылайша еліміздегі кардиологиялық орта­лықтар бо­йынша үздік бес­тікке кіретін мекемеде миокард инфаркт ауруынан болатын өлім-жітім бес есеге дейін кеміген. Кадрлардың біліктілігі мен білімін арттыру мақсатымен шетелдерде іс-тәжірибе алмасу оң үрдіске енген. Былтыр 37 маман АҚШ-та, Жапонияда, Италияда, Оңтүстік Кореяда, Ресейде, Беларусьта, Испанияда, Голландияда болған. Солардың бірі Дмитрий Те Ве­нецияда өткен халықаралық форумда ағылшын тілінде баяндама жасап, Қазақстаннның медицина сала­сындағы жетістіктерін паш еткен. Қазір дәрігерлер жұдырықтай жүрекке жабық, ашық ота жа­саудың әдіс-тәсілдерін жетік мең­герген. Алдағы мақсат – ба­ла­­лардың кардиологиялық ор­талығын ашу, одан әрідегі жос­пар – жүректі ауыстыру отасын жасау. Азаттықтың ақ таңы арайланған еліміздің оған да жетері күмәнсіз. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.