«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы республикалық қоғамдық штабының мүшелері Астанада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросы (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ) Парламент Мәжілісі сайлауын байқау жөніндегі миссиясының жетекшісі Борис Фрлецпен жүздесті.
ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының саяси мәселелер жөніндегі сарапшылары және «Ауыл» партиясының белсенділері қатысқан шарада республикалық қоғамдық штаб жетекшісі Рүстем Жоламан шетелдік байқаушыларды Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлау науқанына дайындық барысымен таныстырды.
«Қазіргі таңда «Ауыл» партиясының республикалық қоғамдық штабы барлық қажетті кадрлық, материалдық және қаржылық ресурстарға ие және саяси додаға лайықты деңгейде қатысуға дайын. Барлық аймақтық штабтар толық жабдықталған және жұмысқа қабілетті. Біз аймақтық штаб жетекшілері мен мүшелерін сайлау науқанының бүге-шігесімен таныстырып, оларды оқытуды жалғастырып келеміз. Орталық штаб тарапынан оларға барлық қажетті ұйымдастырушылық, әдістемелік және ақпараттық қолдау көрсетіліп, тиісті нұсқаулықтар мен кітапшалар, үгіт-насихат материалдарымен қамтамасыз етілді», – деді Р.Жоламан.
Сонымен қатар, ол ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясы сарапшыларына партияның сайлауалды бағдарламасының басым бағыттары тұрғысында әңгімелеп берді.
ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының басшысы Борис Фрлец өз кезегінде бүгінгі кездесуді ұйымдастырған тарапқа алғысын білдіріп, миссия сарапшыларының басты жұмыс бағыттарымен таныстырып шықты. Сонымен бірге, кездесу кезінде сайлау науқанына қатысты нормативтік-құқықтық база, үгіт-насихат шараларын өткізудің қыр-сыры талқыланды.
Шара соңында қоғамдық штаб жетекшісі Р.Жоламан партияның барлық халықаралық байқаушылар үшін ашық және алдағы сайлау науқанының заң талаптарына сай өтуіне мүдделі екенін жеткізді.
Тағы бір айта кетер жайт, өткен жексенбіде «Ауыл» партиясының ұйытқы болуымен Өскемен қаласындағы «Жекпе-жек» сарайында тоғызқұмалақ, дойбы және шахматтан жастар арасында сайыс ұйымдастырылды.Спорттық шара барысында республикалық қоғамдық штаб өкілдері қатысушыларға партияның сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарын түсіндіріп берді. Сондай-ақ, жиында халқымыздың дәстүрлі құндылықтары мен қоғамның рухани дамуы тұрғысында сөз болды. Шараға қатысушылар ұлттық салт-дәстүрді жаңғыртуды қолға алған «Ауыл» партиясының қадамын құптады. Сайыс аяқталған соң, жүзден жүйрік шыққандарға арнайы дипломдар табыс етілді.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан».