01 Наурыз, 2016

Exit-poll зерттеуі жүргізілді

503 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Кеше Астанада Бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Жек­сен­байдың және «Медиа Консул» әлеу­меттік агенттігінің директоры Юрий Черкасовтың қатысуымен алдағы 20 наурызда өтетін сайлау күні exit-poll зерттеуін жүргізу туралы брифинг өтті. Брифинг барысында Б.Жексенбайдың айтуынша, Бас редакторлар клубы Қазақстанның 200-ден астам БАҚ басшылары мен бас редакторлары кіретін қоғамдық бірлестік ретінде электоратты науқан мониторингі арқылы сайлау науқанына қатысуды маңызды деп санайды және сайлау күні экзит-полл зерттеуін жүргізуге тапсырыс берген. Зерттеуді «Медиа Консул» әлеуметтік агенттігі жүргізеді. – Экзит-полл – дамыған мемлекеттерде кеңінен таралған халықаралық тәжірибе. Бұл бірегей әлеуметтік мәліметтер алуға мүмкіндік береді. Мұндай зерттеулер сайлаудың айқындылығын, сондай-ақ, тұтастай электораттық мәдениетті арттырады, – деді Б.Жексенбай. Ю.Черкасов сайлау барысында облыс орталықтарында, шағын қалалар мен ауылдық округтерде 225-тей дауыс беру учаскесінде сауалдама жүргізілетінін атап өтті. – Зерттеу аясында Астананың және Алматының, сондай-ақ, әрбір өңірдің қалалық және ауылдық халқы тепе-тең ұсынылады. Сауалдаманы өткізуге 250-ге жуық сұхбат алушы тартылады. Олардың жұмысын 16 өңірлік менеджер үйлестіреді. Сайлау туралы заңнамаға сәйкес, экзит-полл қорытындысы БАҚ пен қоғамға 21 наурызда сағат 00:00-ден кейін ұсынылады, деді Ю.Черкасов. Мұнымен қоса, ол сайлауалды кезеңде мониторингтік талдау жүргізілетінін айтты. «Біз халық арасында жүргізілген сауалдама арқылы жиналған мәліметтерді ұсынамыз», – деді «Медиа Консул» директоры.