01 Наурыз, 2016

Шымкенттік «Москвич-412» көлігі Афина көшелерінде жүр

277 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
29-02-2016-Шымкент сурет 01Таяуда «Motor.kz» порталында бір қызық фото жарияланды. Онда кәдімгі кеңес үкіметі кезінде шығарылған ескі «Москвич-412» Шымкент нөмірімен түсі­ріліпті. Былай қарасаң, қызық факт. Грекия­ның жүрегі – Афина қайда, Қазақстанның күн сәулетті Шымкенті қайда?! Осы Афинада Олимпиада ойындары өтті. Қазақстандық спорт делегациясының құрамында барған Зияддин деген жігіт ағасы, бүгінде марқұм, бір қызық әңгіме айтып беріп еді. – Афинада даудырап бір топ қазақ әңгіме айтып бара жатыр едік, – дейді Зәкең, – Көшеде отырған бір ақсақал орнынан атып тұрып, таза қазақша: «Япырай, қазақсыңдар ма?», – деді. «Қазақпыз. Шымкенттенбіз», – дедік таңырқап. «Онда іштеріңде құлшығаш бар ма?». Зияддиннің өзі қоңырат тайпасының құлшығаш руынан ғой. Біраз жігіт келемеждеп күлген. Ол ант-су ішіп тү­сіндірді. Сөй­тсе, әлгі ақсақал Шымкенттің Кен­тауында тұрыпты. Қаратаудың тә­жі атанған Кентау – Еуропаның көне қа­ла­­ларына өте ұқсайды. Қазақстан қа­ла­ла­рының ішінде төбеде аспалы шам ор­натылған велосипедке арналған жолды осы Кентаудан көргенбіз. Кентауда гректер тұрған. Тағдыр талайымен Қазақстанның осы қаласына жер аударылып, өткен ға­сырдың 90-жылдарында тарихи Отанына қайтқан гректер қазақтармен тонның ішкі бауындай араласып кеткен. Әлгі Афинадағы грек құлшығаштың бір азаматымен замандас болып, жілік ұстатқан дос екен. Кеңестік кәрі тарлан «Москвичтің» иесімен Грекияға сегіз мың шақырым жүріп келуін осылай түсіндіруге болады. Гректер Отанына қайтқан 90-жылдары «Москвич» бүгінгі «Мерседестей» бағалы еді. Бүгінде әлі шымкенттік нөмірі шешілмеген ИЖ-412 Афинаның Tharipou көшесіндегі №12 үйде 2009 жылдан бері тұр деседі. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». ШЫМКЕНТ.