Ақтөбелік Константин Пашаевтың шағын шеберханасын қолөнер бұйымдарының көрмесі деуге болады. Ол соңғы он жылдың ішінде қалдық ағаштардан 200-ден астам мүсін жасап шығарған. Шебер жасаған кәдесыйлар достары мен көршілерінің көңілдерінен шығып жүр. Сондай-ақ, ағаш ұстасы өзі қашап, желімдеп жасаған мүсіндерден коллекция жасауды да ұмытпайды. Кезінде құрылыс саласында еңбек еткен Константин Георгиевич аталған бұйымдарды жасауға негізінен жеміс-жидек салатын ағаш жәшіктерін пайдаланады. Оның қолына түскен ағаштар өмірге екінші рет жолдама алып, басқа түрге еніп, әсем мүсін болып шыға келеді.
Ағаш мүсіндер идеясы да аяқ астынан ойына сап ете түседі. Жаңалықтардан елімізде ерлі-зайыптылар арасында ажырасулар көп екенін естіп еді, шексіздік символын жасай қойды. Кезекті кітапты парақтап отырып, оның басты кейіпкерлерін жасауға көңілі кетті. Еліміздің Кедендік одаққа кіргенін естісімен, Қазақстанның, Ресейдің және Беларусьтің мемлекеттік туларымен өрнектелген ағаш мүсіні пайда болды. Міне, қарт ағаш шебері жасайтын мүсіндердің негізгі желісі осылай туып жатады.
Сексеннің сеңгірінен асқан шебер әрекетсіз отыра алмайды, қашанда қолынан арасы мен қашауы түспейді. Кәнігі құрылысшы ретінде барлық ағаштардың сапасын да бір кісідей ажырата алады. Ал мүсіндер жасауға қажетті жеміс-жидек салатын ағаш жәшіктерін ағаштан түйін түйген қартқа таяу маңдағы дүкендердің өздері ұсынады. Оларды кептіреді, кеседі, шикізат дайындайды, содан кейін өзіне қажетті композицияны жинайды.
– Соңғы жылдары шикізат табу қиындап кетті. Себебі, шетелден жеткізілетін жеміс-жидектер бұрынғыдай ағаш емес, пластик жәшіктермен әкелінеді. Алайда, шикізат қорым әзірге жетеді. Ең бастысы, ағаштан қиюластырып жасаған кәдесыйларым адамдарға ұнаса болғаны. Мен әр мүсінді шын жүрегіммен беріліп жасаймын, – дейді Константин Пашаев.
Зейнетке шықса да, еңбектен қалмаған қарттың бұл қадамы тек өзін ғана қанаттандырып қоймайды, айналасындағыларға да қуаныш сыйлайды. Сондықтан болар, ол қолынан шыққан мүсіндердің көз тартарлық болуына көп көңіл бөледі.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.