Әлібек Нұркеш – Назарбаев Университеттің 5-ші курс студенті. Экономика және халықаралық қатынастар мамандықтары бойынша білім алып жатқан жастың бойынан талмай іздену, жақсылыққа ұмтылу, оқуға құштарлық секілді қасиеттерді бірден байқап, бағамдауға болады. Алматы облысына қарасты Панфилов ауданында дүниеге келген ол, 2010 жылы Жаркенттегі Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепті Алтын белгіге бітіреді. Мектепті аяқтағаннан кейін бір жыл мемлекеттік грант бойынша Қазақ-Британ техникалық университетінде оқып, кейін Назарбаев Университетке құжаттарын тапсырады. Сәті түсіп, алғыр да креативті жас сынақтан мүдірмей өтеді.
Ал өткен жылы Әлібек америкалық миллиардер Стивен Шварцман атындағы халықаралық грантты жеңіп алды. Грант – Қытайдың Цинхуа университетіне оқуға жол ашатын бірден-бір мүмкіндік. Бұл – Стивен Шварцманның ұйымдастыруымен өткен жылы тұңғыш рет қолға алынған бастама. Америкалық миллиардер 2013 жылдан бастап осы бағдарламаны қолға алып, әлемнің президенттерімен алдын ала келіссөздер жүргізеді. Грант бойынша оқитын 100 студентке арналған жеке ғимарат салуға нұсқау береді. Цинхуа университеті – Қытайдағы 2 үздік университеттің бірі. Аспанасты елінің бұрынғы төрағасы Ху Цзиньтао мен қазіргі мемлекет басшысы Си Цзиньпиннің осы оқу ордасын бітіруінен-ақ, бұл университет бәсінің қаншалықты жоғары екенін аңғара беріңіз. Әрине, халықаралық грант болғандықтан, оны иелену үшін 3 мыңнан астам адам құжат тапсырып, олардың тек 300-ге жуығы ғана арнайы сұхбатқа шақырылады. Кейін 300 адамның ішінен 100-і ғана іріктеледі. Әлібек Нұркеш – сол жүздіктің ішіне кірген бірден-бір талантты да талапты жас. «100-дің ішіндегі 50 азамат АҚШ-тың түрлі университетінен келгендер, 25-і Қытайдан болса, қалған 25-і дүниежүзінің басқа мемлекеттерінен құжат жіберіп, бақ сынағандар. Ал ТМД елдерінің ішінде Әзербайжаннан бір жас грантқа іліксе, Қазақстаннан менің бағым жанды. Сынақтың өзі 2 айналымнан тұрды. 1-ші айналымда 4 эссе жаздық. Алғашқы эсседе әлемдегі ең көкейкесті деген мәселеге талдау жүргізіп, шешілу жолдарын ұсындық. Одан кейінгі эсседе үміткерге өз өміріндегі ең маңызды кезеңді, мәселен, көшбасшылық қасиеттерін таныта білген кездер жайында баяндап беру керек болды. Үшінші эсседе: «Бұл грантты не үшін иеленгің келеді?» деген сауалға жауап іздеп, сол жөнінде өз ойыңды жазу талап етілді. Төртіншісінде еркін тақырып берілді. Мен ол эсседе өзімнің елімді таныстырып, ата-анам жөнінде жаздым», – дейді біздің кейіпкеріміз.
Әлібек өзін жақсы жағынан байқатып, 1-ші айналымда жоғары нәтиже көрсетеді. Ал 2-ші айналымда Лондонға барып, арнайы сұхбатқа қатысады. Әңгіме жүргізуге Исландияның президенті Оуловюр Рагнар Гримссон, Ұлыбританиядағы Morgan Stanley және Barclays секілді банктердің төрағасы болған Дэвид Уолкер, сонымен бірге Стивен Шварцманның өзі келеді. «Бұл кісілер грантты иеленуге ниет танытқандардың әрқайсысын жеке-жеке қабылдады. Бір сағат көлемінде әртүрлі, оның ішінде мамандығыңа, ой-өрісіңе қатысты, сондай-ақ, психологиялық сұрақтар қойды. Екінші күні жүзбе-жүз сұхбат жүргізілді, ал үшінші күні топтық жұмыстар ұсынылды. Соңғы сынақ барысында олар біздің өзгелермен қалай тіл табыса алатынымызды қарап, байқады. Мен сынақ тапсыруға өткен жылдың қараша айында барған едім, ал осы жылдың қаңтар айында грантты иеленгенім туралы қуанышты хабарды естідім»,– дейді Әлібек.
Жалпы, Стивен Шварцман атындағы халықаралық грантпен оқу бір жылға созылмақ. Студенттер бөлек бағдарлама бойынша білім алғанымен, оқуды аяқтағанда Цинхуа университетінің дипломын алып шығады. Сондай-ақ, аталмыш жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін оған өз таңдауы бойынша тағы бір жыл Оксфорд университетіндегі Said business school мектебінде оқуға мүмкіндік беріледі.
– Шварцман халықаралық гранты бойынша оқу жүйесі үш бағытта жүргізіледі. Олар – экономика және бизнес, мемлекеттік басқару мен халықаралық қатынастар. Мен экономика және бизнес мамандығын таңдап отырмын. Цинхуа университетінен бір жылдың ішінде экономика және бизнес, әлемдік экономиканың құрылу тарихы және оған Қытайдың әсері, Аспанасты елінің тарихы мен мәдениеті төңірегінде терең білім алып қайтқым келеді. Ол жерде сөзсіз, көп елден, түрлі университеттерден жастар келеді. Әрқайсысының жеке тәжірибесі, өз көрген-түйгені болады. Солармен ой, тәжірибе алмасу ойымда бар. Ең бастысы, елімнің мәртебесін биікке шығарып, өзіме артылған жауапкершілік жүгін абыроймен көтеріп жүргім келеді, – дейді Әлібек.
Бүгінде Назарбаев Университетте оқып жатқан дарынды жас өзінің сана көкжиегінің кеңейгенін сезеді. Әлібектің ойынша, кез келген жас өзін бар жағынан шыңдай түсуі ләзім. Ол тек оқу бағдарламасымен ғана шектеліп қалған студент емес. Мәселен, қазір жазушы Әкім Таразидің «Көк аспанда қырағы көз бар» атты еңбегін оқып жүр. Өзге де отандық, әлемдік әдеби-классикалық туындылармен әрдайым сусындап отыруды қажет деп санайды. Ол өзін шектеулі шеңберге «қамап қойғысы» келмейді. Ал уақыттың құнын шын ұғынатын мұндай жастың болашағы да жарық болары анық.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА.