Өскеменде өңірлік сарапшылар форумы өтті. «Дедеман» қонақүйінде өткен алқалы жиында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қабылдаған бес институттық реформа мен Ұлт Жоспары аясында өңірлерді дамытуға арналған маңызды міндеттер талқыланды.
Аталған шараны Қазақстан Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырды. Форум жұмысына еліміздің жетекші саясаттанушылары мен қоғам қайраткерлері, белгілі сарапшылар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Басқосу барысында бес институттық реформа шеңберінде өңірлерді дамытудың басым бағыттары сараланды. Аталған шараға қатысушылар жергілікті өзін өзі басқару жүйесін одан әрі дамыту және аймақтардағы өзекті мәселелерді шешуге ықпал етуде алдағы мәслихаттар сайлауының маңызды екендігін атап өтті.
– Мәслихаттарға өзіндік табанды ой-пікірі бар және оны тиісті орынға жеткізе алатын адамдар келсе, жергілікті бірқатар мәселелердің шешімін табатынына сеніміміз кәміл. Ең бастысы, билік пен азаматтық қоғам өзара бірігіп, көп мәселеде ортақ жетістікке жетуге болады, – деді саясаттанушы Берік Әбдіғали.
«Еуразия әлемі» қоғамдық қорының төрағасы Эдуард Полетаев жуырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында қаралған шаралардың шарапатын алдымен өңірлер сезінетінін, яғни тұрғын үй, құрылыс, инфрақұрылым және жаңа жұмыс орындарының құрылуы сияқты жаңа экономикалық өсіммен қамтамасыз етуге оң әсер ететінін жеткізді.
Форум соңында сарапшылар мұндай басқосудағы пікірталастар Ұлт Жоспарын іс жүзіне асыруда өз нәтижесін беретінін жеткізді. Сондай-ақ, мемлекеттік реформаларды сараптау бойынша өзара іс-қимылды өрістете беруге уағдаласты.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
Өскемен.