Қызылорда облыстық сайлау комиссиясында барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды тіркеудің қорытындысын, кандидаттар мен саяси партиялардың үгіт жұмыстарын жүргізудің шарттары мен тәртібін жариялау және саяси партиялардың облыстық филиалдарының өкілдерімен таза сайлау меморандумына қол қоюы рәсімі өтті.
Жалпы, облыста мәслихат депутаттығына ұсынылған 498 үміткердің 464-і округтік сайлау комиссияларының шешімімен тіркелді. Ал 32 кандидат өз өтініштерін қайтарып алды, 2 үміткер құжаттарын түгел тапсырмауына байланысты округтік сайлау комиссиялары оларды тіркеуден бас тартқан. Бұл дегеніңіз, аймақ бойынша 1 мандатқа 4 кандидат бәсекелес болып тұр деген сөз.
Оның ішінде 86 адам облыстық мәслихатқа тіркелген. Олардың орташа жасы – 49. 316 азамат аудандық мәслихаттарға үміткер саналады. Бұлардың орташа жасы – 45. Ал 62 үміткер қалалық мәслихатқа тіркелді, орташа жасы – 42. Өңірдегі ең жас – 22 жастағы және ең егде – 69 жастағы кандидаттар Жаңақорған аудандық мәслихатының депутаттығына үміткер.
Тіркелген 396 кандидат жоғары білімді, олардың ішінде 137 мұғалім, 93 инженер, 41 экономист, 24 заңгер, 14 дәрігер, 14 ауыл шаруашылығы саласының маманы, 73 өзге саланың мамандары бар. 50 кандидаттың арнаулы орта, 18 кандидаттың орта білімі бар.
Үміткерлердің 52,6 пайызы мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметкерлері болса, 39 пайызы коммерциялық құрылымдарда жұмыс атқарады, 2,4 пайызы саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің қызметкерлері, 9 кандидат уақытша жұмыссыз және 19 кандидат өзге салаларда қызмет атқарады.
Барлық тіркелген кандидаттардың 343-і өзін-өзі ұсыну жолымен және 148-і саяси партиялардан ұсынылған.
Кандидаттардың 1-уі партияға мүшелігін көрсетпеген, 146 кандидат «Нұр Отан» партиясының мүшесі, «Ауыл» партиясынан – 3, «Ақ жол» партиясынан – 1, ҚКХП-дан 2 үміткер. Ал 311 үміткер партияда жоқ.
Ұсынылған кандидаттардың 463-і – қазақ, 1 корей ұлтынан.
Әкімдіктер аумақтық сайлау комиссияларымен бірлесіп үгіт баспа материалдарын орналастыратын орындарды белгілеген және оны жарақтандыру мәселелері шешілген.
26 ақпандағы жағдай бойынша сайлау комиссияларында барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттығына кандидаттардың 4739 сенім білдірілген адамы, саяси партиялардың 1050 сенім білдірілген адамы тіркелген. Әрбір саяси партия Қызылорда облысы бойынша 350 сайлау учаскесіне шаққанда 1050 сенім білдірілген адамға дейін тіркетуге құқығы бар.
«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы адал сайлау туралы келісім әзірлеп, саяси партиялардың жергілікті өкілдеріне қол қоюға ұсынды. Облыстық сайлау комиссиясы аталған бастаманы қолдады. Меморандуммен танысып шыққан өзге саяси партиялар филиалдарының басшылары да қолдап қол қойды.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
ҚЫЗЫЛОРДА.