Көкшетаудағы «Истоки» мәдениет үйінде Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның сайлауалды штабы тұрғындармен кездесу өткізді. Штаб жетекшісі әрі аймақтық филиал төрағасы Валерий Смоквин кездесуге қатысушы Парламент Мәжілісі депутаттығынан үміткер Уәлихан Қайсаровты, Жангелді Шымшықовты және Аслан Құрманбаевты жұртшылыққа таныстырды.
Алдымен сөз Астана қаласы адвокаттар алқасының мүшесі Мұстахым Төлеевке берілді. Ол кездесуге қатысушыларға рахметін айтып, партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары жайлы әңгімеледі.
– Сайлау – ел өміріндегі аса маңызды оқиға. Партияның басты ұстанымы «Ел таңдауы – халық билігі». Сондықтан, жалпыұлттық социал-демократтар адамдардың тұрмыс жағдайын қазіргіден де жақсарту үшін жұмыс істейтін болады, – деді Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығынан үміткер Мұстахым Төлеев.
Депутаттыққа кандидат көкшетаулық құқық қорғаушы, блогер Аслан Құрманбаев елімізде демократиялық жаңғыртуларды барынша өрістету, басқарушылық менеджментті күшейту, өзара сын мен ұтымды ұсыныстарды қолдау қажеттігі жөніндегі пікірлерін білдірді.
Қоғамтанушы, «Кенесары хан» қорының жетекшісі Уәлихан Қайсаров ЖСДП ХІІ съезінде партияның кең көлемді сайлауалды бағдарламасы қабылданғанын, әлеуметтік, экономикалық, саяси салалардағы алға қойылған міндеттер жайлы сөз қозғап, Мәжілістің кезектен тыс сайлауында ел тұрғындарының жеткілікті дауысын алуға күш жұмсалатынын айтты. «Қазіргі таңда ЖСДП сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын қызу жүргізуде», – деді ол.
Кездесуде Виктор Новиков, Владислав Шуль және басқалар қойған сұрақтардың түйіні «Партияның сайлауға қатысудағы мақсаты не?» дегенге сайды.
Бұған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар: «Орталық сайлау комиссиясы 23 үміткерді тіркеді. Олардың барлығы елге танымал азаматтар. ЖСДП-ның басты мақсаты – Қазақстанды экономикалық жағынан қазіргіден де қуатты, табысты, әлеуметшіл, тұрақтылығы мығым, тәуелсіздігі орнықты мемлекет ету үшін Парламент Мәжілісі сайлауына қатысу. Сондай-ақ, өзіміздің бүкіл тәжірибемізді халықаралық социал-демократия идеясының үздік жетістіктерін біріктіре отырып, жоғарыда аталған міндеттерді іске асыру үшін қажетті шаралар кешенін жүзеге асыруды мақсат етеміз», – деді.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.