02 Наурыз, 2016

Алғыс айтуға арналды

561 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
01-03-2016 akgis aituШарапатты іске алғыс айту, ізгі ниетіңді білдіру адамдықтың белгісі. Отанымызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Алғыс айту күні тұңғыш рет аталып өтті. Бұл жұрттың көңілінен шыққан игілікті іс болды. Мұның да алғашқы идеясын Президент өткен жылдың сәуір айында болған Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мәңгілік ел: бір ел – бір тағдыр» деген тақырыппен басталған ХХІІ сессиясында айтқан еді. «Сталин режімінде әр жылдары, өздеріңіз білетіндей, халықтар жаппай жер аударылды. Оларды вагондардан ауылға тастап кете берді, олардың еш дүниесі болған жоқ. Сол уақытта Ұлы Далада өздері де мұқтаж бола отырып, оларды саман үйде қабылдаған қазақтар, қазақ отбасылары ғана өмір сүрді», деген Мемлекет басшысы сол ауыр жылдары ата-анасы арып-ашып келгендерді қамқорлыққа алғанын, олардың өмір бойы қазақтарға алғыс айтып өткенін, өзінің сол отбасы балаларымен құшақ айқастырып дос болғанын алға тартып, Ассамблеяның құрылған күнін Алғыс айту күні деп белгілеу керектігін айтқан еді. Енді міне, сол өз шешімін тауып, береке-бірлігі жарасқан ұлт пен ұлыс үлгілі істің ұйытқысына айналып отыр. Осындай атаулы күнге орай, «Шаттыққа толы шаңырақ» атты шара елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде өтті. Онда бірлігі жарасқан ұлт өкілдері сөз алып, әлем таныған Қазақ еліндегі салтанат құрған достықты тілге тиек етіп, «Алғыс айту күні бір бірімізге ілтипат көрсету, жақсылығымызды таныту», деп өнерлерін ортаға салды. Колледж оқушылары грузин биі «Джоттоны», хореография факультетінің студенттері ұйғыр биін билесе, тағы бір шоғыр жас Ж.Иманбай Балуан Шолақтың «Ғалиясын», М.Жалғасова халық әні «Сіметті» әуелетті. Оқытушылар мен студенттердің көңілінен шыққан атау­лы жұмысқа жетекшілік еткен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәулебек Асылханұлы екенін де айта кетсек дейміз. Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан».