08 Қаңтар, 2011

Абыройлы ақсақал

807 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Тәубе, парасат-пайымы бөлек, ой-өлшемі ерен, әр сөзінің әрі мен нәрі терең, еліне ұйытқы, жұртына қалқан болған қара нардай аға­ла­рымыз әлі де баршылық. Оларды көненің көзі, заман қанша өзгер­генмен сырт сипатын жоғалтпаған, жан дүниесіндегі тазалықты, иман­дылықты ызғырыққа, аз күндік жылымыққа тонатпаған, құйма құ­рыш қазақтың бүгінгі өзі, сөзі, көзі десе болар. Солардың бірі – бетке ұстар, бедел жинар, сөзін оқып, ес жияр дана Абай, өзін де, өлеңін де құрттық деген арам пиғылдың тас-талқанын шығарып ортамызға орал­ған ғұлама Шәкәрім, Құдай төрт құбыласын түгендеп берген дара жаратылыс иесі Мұхтар туған топырақтың тумасы, бойындағы күш-жігерін, ойындағы нәрін Шың­ғыстау жұртының, ұлы ақын елінің ажарын ашуға, мәртебесін биіктетіп, мәресін ұзартуға жұмсаған, сол ұмтылысы жеңіс тұғырына шы­ғар­ған, ұтқыр ұйымдастыру­шы­сы Хафиз Ыбрайұлы Матаев еді. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шы­ғып отырған абыройлы ақса­қал­дың өткен жолына, кешкен өмі­ріне көз салсаң, көп нәрсе жібек жіп­тей суырылып өте береді. Жар­ды жесір, баланы жетім етіп, мил­лиондаған адамның өмірін қиған сұрапыл соғыстың тылдағы азабы мен тозағын қарғадайынан көріп өскен ұл Семей қаласындағы педа­гогикалық училищені бітіріп, қыз­метін мұғалімдіктен бастап, жоға­ры білімді қазақ тілі мен әдебиеті бойынша алып, одан кейін Бес­қа­рағай аудандық оқу бөліміне алға­шында нұсқаушы, одан кейін бас­шы­лық жұмысын абыроймен атқа­рады. Қай саланы болса да қар­шы­ғадай қайырып кететін алымды да алғыр азаматтың бойындағы та­лант­ты танығандар оны сол аудан­дағы Чапаев колхозына төраға­лық­қа тағайындайды. Қарғадайынан ел мен жердің, шаруашылықтың қыр-сырын жанына бекемдеген Хафекең ендігі жерде теориялық білімнің де қажет екенін ұғынып, сырттай білім жетілдіріп, зоотехник мамандығын меңгереді. Өзім білемін демей, алдыңғы толқын­ның іс-тәжірибесін басшылыққа ала­ды. Бұрынғы төраға Социа­лист­ік Еңбек Ері Қажен Жың­ғыл­баев ағасына арқа сүйейді. Осы­лайша жұмған жұдырықтай болып еткен еңбек, төккен тер зая кетпей, 1959 жылы колхоз мемлекетке бір миллион пұт астық тапсырады. Сөз бен іс қарым-қабілет оның қа­дамын ашып, алға басуына жол ашады. Төрт жыл бойы Шұбартау аудандық кеңес атқару комитеті төрағасы қызметінде жүргенде де Х.Матаев айналасымен кең оты­рып кеңесіп, халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге ерекше құл­шыныс танытады. Соның нәтижесі болар, аудан орталығы Баршатаста жүзге тарта тұрғын үй салынады. Бұған қоса орта мектеп ғимараты, емхана, балалар бақшасы, қонақ үй, дүкен бой көтереді. Сорабы бол­ғанмен ой қыры жұрттың жүй­кесін жұқартқан Баршатас – Аягөз жолы іске қосылып, Семейден Бар­шатасқа ұшақ қатынайтын күнге қол жетеді. 1969 жылдың қытымыр қы­сын­да 38 жастағы азаматты Абай ау­дандық партия комитетінің бірінші хатшылығына жібереді. Әрине, өз ауылыңа басшы болып, елдің тілін, ағайын-туыстың көңілін табу оңай емес. Қарға тамырлы қазақтың ойынан шығып, дегеніңді жасау үшін әр қадамың санаулы, әр ісің ши шықпайтын шымыр, арқандай есіліп тұруы тиіс. Оның үстіне қы­сып тұрған аяз да оңай беріле қоя­тын сыңай танытпайды. Осындай сәтте оның ойына Абай бабасының «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Ақылың мен қайратың екі жақтап» деген өлеңі түседі. Жұттан елді жұтатпай алып шығу үшін ол күл­кісіз күндер мен ұйқысыз түндерді басынан аз өткізген жоқ. Білікті мамандармен ақылдасып, қосақ ара­сында жүргендермен қош айты­сады. Сондай еңбек өз жемісін береді. Одан кейінгі кездегі қимыл- қарекеті де нәтижесіз болмайды. Сондай бір елеулі сәтті ел есінде қалдыру үшін ол «Төл тойын» өткізгені бар. Бұл тойдың бір ерекшелігі – Хафекең ұзын сонар баяндама жасаудан бойын аулақ са­ла­ды. Қазақтың кең даласында театр­лан­дырылған қойылым көрсеті­ле­ді. Оның ұйытқысы сол кездегі ау­дандық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы, белгілі сазгер Мейрамбек Жанболатов бо­лады. Салтанат күймен басталып, ат үстіне қонған атақты ел ағалары жол бастап, олардың ізін кейінгілер басады. Ақ боз атпен айбынын асырып, бірінші келе жатқан КСРО Жоғарғы Кеңесінің сол тұстағы депутаты, Социалистік Еңбек Ері Болат Бағдатов көрінгенде аудан басшысы ақын елінің азаматы екенін танытып, «Ерлерің қайда дегенде, Ел сені атап жатады. Та­мы­ры кеткен тереңге, Заманның заң­ғар шопаны. Еңбекпен өсіп, ержеткен, Риза, Болат, саған ел. Қадірлі еткен еңбекпен, Халықтың ұлы бола бер!» десе, «Даңқ» орденінің толық иегері Өртқали Қасым­жа­новқа: «Еңбекпен қонып бақ қолға, Айналып жүрсің мақтанға. Омы­рауың толы орденге, Астыңда тұл­пар – ақ «Волга». Қолыңда қамшы алты өрім, Қорғасын мінез, мәрт едің. Іс болып қалсын, Өртеке, «Істеймін» деген әр сөзің!» деп бір қайырып тастайды. Сап түзеп келе жатқан сарбаздай еңбек ардагерлеріне мұндай өлең жолдарын Ха­фе­кең нөсерлетіп төккенде, жалық­ты­рып жіберер баяндаманың орнын басқан мына тапқырлық Қарауыл­дың ой-қырын қаумалай жүрген қалың жұрты оған шын ілтипатын танытып, тектіліктің үлгісі осы болар десіпті. Тақырға шөп шық­пай­тыны секілді тегінде болмаса мұн­дай өлең шумақтары қайдан ту­сын. Оның үстіне Хафиз Ыбырай­ұлы Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін қарғадайынан жатқа ай­тып, Мұхтар Әуезовтің «Абай жо­лы­ның» әр тарау, тармағын кө­кейіне түйіп өскен азамат болатын. Одан кейінгі кезеңде ғұлама Шә­кәрімнің туындылары оны қы­ран­дай түлетіп, ой-өресін қырға кө­тер­гені және бар. Азаматтың сол жылдардағы еселі еңбектегі жетістігінен бірер мысал келтіре кетсек дейміз. Хал­қының санының аздығына қарамай Абай қазақ еліндегі ең көп мал өсіретін аудан ретінде танылған екен. Қойдың өзі 580 мыңға жетсе, жылқы 15 мыңға, сиыр 18 мыңға артып, жылына 20 мың тонна ет тапсыру өз шешімін тауыпты. Ауданда 30 қой өсіруші жастар бри­гадасы жұмыс жасап, он мыңдаған қой бордақылау ісі жүзеге асы­ры­лыпты. Оған қоса аудан орталы­ғы­ның әлеуметтік жағдайын арттыру бойынша бірнеше орта мектеп, мә­де­ниет үйі, үш қабатты емхана, ба­ла­бақша, кітапхана, қонақ үй бой көтерген. Семей – Қарауыл жо­лы ас­фальт­талып, телемұнара тұр­ғы­зы­лып, халықты тұрғын үймен қамта­ма­сыз ету үшін әр шаруа­шы­лықтан кірпіш зауыттары салы­нып, мал өн­ім­дерін тиімді пайдалану үшін шұжық цехтары жасақ­талып, Түр­кия елімен байланыс жолға қойы­лыпты. Ұлттың рухын көтеріп, өне­рін өркендету үшін ел арасындағы өнерпаздарды жинап, ұлылардың ұрпағы екенін таныту мақсатында «Қаламқас», т.б. ән-би ансамбльдері құ­рылып, бұл өнер ұж­ымдары Венгрия, Чехословакия, Түр­кия, Қытай, тағы да басқа елдерді шарлап, алып­тар елінің ай­бынын асырыпты. Бір замандары ұлы қаламгер Мұхтар Әуезов жазушы Кәмен Ора­залин Алматыға қызмет ауыс­тыр­­ғысы келгенде: Бүкіл ақын-жа­зушының табынатын тәңірі Абай болса, оның туып-өсіп, ту қадаған жерінен артық жұмақ жоқ, елден кетпе, сені жазушы қылатын да, асқақтатып атыңды шығаратын да сол ел, деген екен. Осындай ұлы­лар сөзін жастайынан ойына түйіп, көңіліне тоқып өскен Хафекең ел иесі болып жүргенде ұлтымыздың рухани құндылықтарына ерекше мән берген. Абайдың 100 жыл­ды­ғында замандасы Бәттәш Сыдықов екеуі бәйге атына мінгенін, соғыс­тан кейінгі сол тойда 20 киіз үй тігіліп, жұрт бір серпіліп қалғанын, алыптар тобын алғаш көргенін Ха­фекең бүгінде жыр қылып айтады. Одан кейінгі кезеңдегі данышпан ақынның 125 жылдығына, Мұхтар Әуезовтің, Шәкәрімнің әр жыл­дар­дағы атаулы тойларына ұйытқы болғанынан хабардармыз. Ал Ел­ба­сы Нұрсұлтан Назарбаев «Абай тойы – елдігімізге, егемендігімізге сын» деп міндеттеген данышпан ақынның 150 жылдығын мемлекет ретінде жоғары дәрежеде атап өтіп, төрткүл дүниеге Қазақ елін таныту ісінде Хафиз Ыбрайұлының еңбегі ерекше еді. Осы ұлы той қазақ то­пырағынан асып, Парижде жалға­сын тапты. Елдің өскендігін, ха­лық­тың қадірлісін әспеттей алаты­нын, азаматтарының қандай істі де жеріне жеткізе ұйымдастыраты­нын айдай әлемге паш етті. Ақын­ның 100 жылдығында 20 үй тігілсе, 150 жылдығында ақшағаладай үйлердің санын 1500-ге жеткізіп, тағылымы мол, тәлімі зор жұрт екенін танытты. Осындай игілікті жұмыстың басы-қасында әр істің жөн-жосығын, жол-жобасын аға­лық ақылмен таразы басында тең­еп, Хафиз Ыбрайұлы атқарып жүрді. Жақсының жақсылығы кең­ді­гінен, кемелдігінен көрінеді. Абы­ройлы ағаның әр сөзінен аң­ға­ратынымыз, өзім демейді, елім дей­ді. Алдыңғы толқын алып аға­ла­рының атын ардақ тұтып, жаса­ған шарапатын аузынан таста­май­ды. Артында келе жатқан ізетті інілерінің ақыл-парасатына да ілтипат білдіріп, мені мен еткен солар ғой дейді. Мұның өзі кісіліктің үлгісі, ұлық болсаң – кішік бол деген атам қазақтан қалған аталы сөздің жаңғыруы дер едік. Хафиз Матаевтың ел басқарып, рухани өремізді өсірудегі өлшеусіз еңбегіне қоса, туған ауылын қы­рық жыл бойы тұмшалаған қасі­рет­ті жою жолындағы қажыр-қай­раты да елеулі еді. Сол уақыт ішінде жердің асты мен үстінде 516 сынақ жасалып, мыңдаған адам­ның өмірін қиғаны мәлім. Мыса­лы, бір ғана Саржал ауылында 2021 тұрғын болса, соның 1971-і ау­ыр сырқаттарға шалдығуы – атом зардабының осал болмағанын аңғартады. Қазақтың біртуар ұлы Олжас Сүлейменов Семей поли­го­нын жабу жөнінде үн көтеріп, «Невада – Семей» атты халықаралық қозғалыс құрған кезде, мұны қол­даудың кезегі бізге келді, деп Ха­фекең Қарауыл төбе басына ха­лықты жиып, акция өткізген. Оны Олжас Омарұлы өзі келіп ашқан болатын. Өлеусіреп бара жатқан Кеңес Одағының берік діңгегі делініп келген СОКП-тың соңғы съе­зіне Хафиз Ыбрайұлы да қатысып, съездің қарарын қабылдар тұста қаймықпай, қасқайып тұрып: осы құжатта көрсетілген «Еліміздің Чер­нобыль маңайы, Арал өңірі, Вол­га бассейні апат аймағы деп та­былсын» деген сөз тіркесіне сондай қасіретке ұшыраған Семей жерін де қосуларыңызды сұраймын» деп, дауысқа қойғызғанда, 2563 делегат жақтаған. 1421 делегат қарсы шық­қан, 157 делегат қалыс қалып, 184 делегат мүлде дауыс бермеген екен. Ал Қазақстанның дәмін та­тып, қа­сиетті Семей өңірінен КСРО депу­таты болып сайланған, КСРО Қор­ғаныс министрі Д.Язов ядролық по­лигонның семейліктер үшін ешқан­дай зияны жоқ деп кергіпті. Бірақ халықтың қаһары олар­дың біразын кейін тәубесіне келтірді. Сол ала­патты дүние­ жү­зін­де бірден-бір бейбітшілікті жақтай­тын елдің бас­шысы, Қазақ елінің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан На­зарбаев мәңгі­лікке өшірді. Бұл да елдігімізді төрт­күл дүниеге танытқан айтулы оқиға болып тарихқа енді. Қазір халық қадірлейтін абы­ройлы ақсақалына айналған Хафиз Ыбырайұлы екі рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып, омырауына «Құрмет Белгісі», «Ең­бек Қызыл Ту», «Октябрь револю­циясы», «Ленин» ордендерін тақ­са, Президент Нұрсұлтан Назар­баев­тың Жарлығымен «Парасат» орденімен марапатталды. Азамат­тың бойындағы асыл қасиетін Ел­басы «Сіз көп жылдар бойы Абай ауданы сияқты бай тарихы-дәстүрі бар елге басшылық еткенде сіздің бойыңыздағы іскерлік пен білімділік, кісілік қасиеттер барынша көрінді. Бүгінгі атқарып жүрген қоғамдық қызметіңіз де құрметке лайық», десе, қара сөздің хас шебері Әбіш Кекілбаев: «...Ұлы Абай жаратылған аруақты өлкенің эко­но­микасы мен мәдениетін, әлеу­мет­тік өмірін әйгілі бабаның аруа­ғына лайық деңгейге көтеруге көп еңбек сіңіріп, мыңдар мақтан тұтар мерей иелендіңіз, есіміңіз күллі Қазақ еліне кеңінен тарады» депті. Сыйлас інілері Мұрат Әуезов: «Кезінде дүйім Шыңғыстау елін яд­ро­лық сынақтар салдарынан сақтап қалуға көп күш-қайрат көрсеттіңіз, жігер таныттыңыз және еңбек сі­ңірдіңіз», деп ізет көрсетсе, Иман­ғали Тасмағамбетов: «Асылы, бар ерік-жігерін, қазына жылдарын ел жұртының мақсат-мұратына арна­ған өзіңіздей ардагер азаматымыз­дың, аға лектің ғұмыр жолы – бү­гінгі буынға үлгі-өнеге, әрі сабақ», деген ілтипатын алға тартыпты. Қазір ағалық жастан аталық жас­қа жеткен Хафиз Ыбрайұлы 60 жылға таяу жұптары жазылмай қатар келе жатқан Камал жеңгеміз екеуі екі ұл, екі қыздан тараған 10 немере, 7 шөберенің қызығын кө­ріп отырған бақытты жандар. Сүлеймен МӘМЕТ. Семей.