03 Наурыз, 2016

Мұз мүсіндер

409 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Курчим-02 күршімдіктер қыспен қоштасты Күршім ауданында қыс маусымын шығарып салу және Елбасы Жарлығымен бекітілген Алғыс айту күнін қарсы алу мерекесі өтті. Ауданға жұмыс сапарымыздың аясында аталған шараларға куә болудың сәті түскен-ді. Күршімдіктердің эсте­тикалық тал­ғамына тәнті болғанымызды айта ке­тейік. Аудан орталығы мен ауылдарда қыс маусымының басты белгісі – мұздан жасалған мүсіндер шеруі сап түзеген. Елді мекенге кіреберістен бастап көр­некі орындарда, орталық алаңдарда, көшелер бойында мұздан қашалған мөлдір мүсіндер көз сүйсінтеді. Биыл аудан орталығында – 83, ауылдық округтерде 449 мұз мүсіні жасалған екен. Мұз қалашықтарды мекемелердің қызметкерлері мен тұрғындардың өздері тұрғызған. Мәселен, аудандық жер қатынастары мен жер кадастрлық бөлімдері – мешін, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағ­дарламалар бөлімі – түлкі мен бауыр­сақ, №1 мектеп-гимназиясы – қой, №4 орта мектебі жеті қазынаның біріне баланған иттің мүсіндерін жасаса, осылардың ішіндегі ең сәтті шыққаны – жылқы мүсіні. Мұздан арғымақ ойған «Күршім мал дәрігері» коммуналдық кәсіпорны екен. Мұз мүсіндері көз тартарлықтай көрікті болып шыққан мекемелердің ұжымдары аталған шарада арнайы сыйлықтармен марапатталды. – Қыстың соңғы, көктемнің алғашқы күндері табиғат-ананың мінез бен мейірімділік танытатын ерекше мезгілі. Қыс пен көктем қабысатын бұл кезеңге көптеген халықтар ерте кезден маңыз бере қараған. Ауданымызда 14 түрлі ұлт өкілі тұратындықтан, халықтың ішкі бірлігін арттыратын мерекелер дәстүрлі түрде аталып өтеді. Қазақстандықтарды бір шаңырақ астына топтастыратын мейрам енді Елбасы Жарлығымен жарияланған 1 наурыз – Алғыс айту күнімен толықты. Бүкіл елімізде аталып өтіп жатқан мерекеге сәйкес, 25 ақпан – 1 наурыз аралығында Алғыс айту ап­талығын өткізудеміз. Барлық күш-жігерімізді биыл 25 жылдығы аталып өтетін тәуелсіздігімізді қорғауға, қастерлеуге арнауымыз қажет. Бірлік пен тұрақтылық барда, жасампаздық бар, – деді Күршім ауданының әкімі Сейсенғазы Чукаев. Күршім ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қайырғожа Қабдуалиев ертеден келе жатқан «Масленни­ца» мен әз-Наурыз мерекелерінің тіні ор­тақ, мазмұны ұқсас екенін жеткізді. «Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзі­лер шағында қыспен қоштасып, көктемді қарсы алатын шаттық мерекесі көптеген халықта бар. Сондықтан, татулық пен ынтымақтың, туысқандықтың ме­­рекесі құтты болсын», – деді ол. Ең­бек ардагері Екатерина Крайкина, Күр­шім орта мектебінің мұғалімі Рина Измайлова елімізде ұлттық дәстүрлерді дамытуға мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып отырғанын, барлық этнос өкілдерінің Елбасы саясатын қолдайтынын, сондықтан да Алғыс айту күні қазақстандықтардың ой-арманымен бір арнада тоғысқан мерекеге айналып отырғанын жеткізді. Мерекелік көңіл-күй спорттық ойындармен, концерттік бағдарламамен және мерекелік дастарқан мәзірімен жалғасты. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы.
Соңғы жаңалықтар

Оқырманға жол тартты

Басылым • Бүгін, 00:25

Ғасырлар үні

Руханият • Бүгін, 00:13

Керек дерек

Технология • Кеше