– чемпиондар даярлаудың жаңа мүмкіндігі
Тарбағатайлық спортшылар былтыр дәстүрлі облыстық халықтық спорт ойындары спартакиадасында командалық есеп бойынша қатарынан бесінші мәрте жеңімпаз атанған болатын. Сайыпқыран өрендер көптеп тәрбиеленетін ауданның орталығында жуырда заманауи спорт модулі пайдалануға берілді. Облыстық бюджеттен 197,5 миллион теңгеге салынған жаңа нысанда саламатты өмір салтын серік еткен жандарға арналған әмбебап ойын залы, күрес, бокс залдары, жуыну, киім ауыстыру, жаттықтырушылар мен дәрігерлер бөлмелері және гардероб бар. Аталған модуль Ақсуат ауылындағы М.Имашев атындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің теңгеріміне беріліп отыр. Бұрын ескі кинотеатр үйін пайдаланып келген мектеп шәкірттерінің қуанышында шек жоқ.
Жаңа нысанның ашылу салтанатымен құттықтаған аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев модульдің әлеуетін толық пайдалану мақсатында жаттықтырушылар құрамы толықтырылып, 30 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылғанын жеткізді.
– Елімізде спорт саласына, соның ішінде бұқаралық спорт түрлерін дамытуға үлкен көңіл бөлінген. Спорт инфрақұрылымы жылдан-жылға жақсарып келеді. Соңғы жылдары «Туған жерге – тағзым!» акциясы аясында кәсіпкерлердің, жерлестердің көмегімен Тарбағатай ауданында 25 хоккей қорапшасы пайдалануға берілді. Барлық ауылдарда дерлік жасанды көгалмен жабдықталған футбол алаңдары жұмыс істейді. Мұндай нысандар шағын елді мекендерді де қамтыды. Мұның барлығы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуге бағытталған. Алдағы уақытта өңірімізден шыққан спорт ардагерлері мен жоғары жетістікке жеткен чемпиондарымызға арналған саябақтар мен аллеялар ашуды жоспарлап отырмыз. Осылайша, ауданымызда спортқа деген сүйіспеншілікті ояту жұмыстары түрлі бағытта жүргізіле береді, – деді аудан басшысы Ділдәбек Тәжібайұлы.
Салтанатты шарада тарбағатайлық спорт ардагері Болат Оразғалиев «Еңбек ардагері» медалімен марапатталса, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, грек-рим күресінен КСРО спорт шебері Мұқан Сахариев ауыл өрендерін қуанышқа бөлеген зәулім спорт ғимараты тәуелсіздіктің тартуы екенін ерекше атап өтті. Қазіргі кезде спорт мектебінде 22 жаттықтырушы 444 баланы спортқа тәрбиелеуде. Аталған мектеп аудан орталығына жақын бес ауылдық округтің балаларын да қамтып отыр. Біз бокс залындағы жасөспірім спортшылардың өнерін тамашалап, оларды сөзге тартқан едік. Былғары қолғап киіп, шаршы алаңда өнер көрсеткеніне төрт жыл болған Нұрсұлтан Кәрімханов республикалық, облыстық жарыстарда жеңіс тұғырынан көрініп жүр екен. 15 жастағы боксшы бұған дейін ескі кинотеатр ғимаратындағы тар залда жаттығып келгенін, жаңа спорт модулінің бүкіл ауыл спортшыларына қолайлы жағдай жасағанын айтады. Жас Нұрсұлтанның ендігі арманы – халықаралық жарыстарда туған елінің туын желбірету.
– Ақсуат ауылында алғашқы спорт модулінің салынғанына өте қуаныштымыз. Осы уақытқа дейін спорт мектебіне бейімделген ғимаратты пайдаланған едік. Мектепте бокс, волейбол, футбол, тоғызқұмалақ, дзю-до, қазақ күресі секциялары жұмыс істейді. Енді жаңа модульдің мүмкіндігін пайдаланып, баскетбол мен шығыс жекпе-жегі бөлімдерін ашуды жоспарлап отырмыз, – деді М.Имашев атындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Манар Рахманқұлов.
Жалпы, бұл өңірден бокстан жастар арасындағы әлем чемпионы Қанат Ілиясов, самбо күресінен әлем чемпиондары Бауыржан Садыханов, Қайрат Күнсафин, қазақ күресінен ардагерлер арасында әлемнің екі дүркін чемпионы Тұрсын Қалмақбаев, әлем чемпиондары Қали Иманбаев, Керей Көшкінов сынды танымал спортшылар шыққанынан, Ақсуаттағы мектепте 21 спорт шебері тәрбиеленгенінен-ақ ауыл спортының әлеуетін байқауға болады. Жаңа спорт модулінің ендігі межесі – Олимпиада биігі!
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы,
Тарбағатай ауданы.
Суретті түсірген автор.