Аталмыш шара күндіз Әл-Кувейт қаласының символына айналған, шетел қонақтарының ең басты назар аударатын жері, Астанадағы «Бәйтерек» монументімен теңесетін «Кувейт-тауэрс» маңында басталады. Бұл ерекше мұнараның кішігірім көшірмесі қазір Астана қаласының Кенесары көшесінде орналасқан Ауыл шаруашылығы министрлігінің ғимаратында орын алып отыр. Осы ғимарат Кувейт қорының қаражатына салынған.
Азиада алауының тұтанатын жері болып Кувейттің таңдалуы кездейсоқ емес. Өйткені, мұнда Азия олимпиялық кеңесінің штаб-пәтері орналасқан. Алаудың тұтанатын рәсімі қызықты және тартымды болады деп күтілуде. Ал отандастарымыз оның әрбір сәті мен кезеңдерін «Хабар» телеарнасынан берілетін эстафета күнделігінен көре алады.
Алауды тұтандыру салтанатында Азия ойындарын алғаш рет өткізгелі жатқан елімізді Туризм және спорт министрі, Астана және Алматы қалаларының әкімдері мен басқа да ресми лауазым иелері таныстырады. Онда алауды бірінші болып АОК президенті шейх Ахмад әл-Фахад әл-Сабах ұстап, еліміздің Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетовке табыс етеді. Осыдан кейін кішігірім кезең аясында Азия құрлығының ірі спорт державалары саналатын Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея мен Қазақстанның өкілдері алауды бір-біріне бере отырып, Әл-Кувейт қаласының көшелерімен алып жүреді. Одан әрі алаугерлер алауды мұнараға, содан кейін әуежайға жеткізеді. Біздің елге алау чартерлік рейспен арнайы тасымалданбалы құты-құмырада Алматыға жеткізіледі. Осы жерде алау эстафетасының ел ішіндегі саяхаты басталады.
Осы оқиғаға байланысты жақында Азия ойындары алау эстафетасының алаугерлерін іріктеу бойынша республикалық комиссияның қорытынды отырысы өткенін атап өту жөн. Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов төрағалық еткен отырыста құрамына танымал спорт, саясат және мәдениет өкілдері кіретін комиссияның мүшелері 11 қаңтарда Әл-Кувейтте бастау алатын эстафета алаугерлерінің тізімін бекітті. Оның конкурсы былтыр алауды өңірлерде ұстап жүруге ниет еткен азаматтардың анкеталарын жинаудан басталған болатын. Іріктеу барысында үміткерлердің патриоттығына, өмірлік ұстанымының белсенділігіне, Олимпиада идеалдарын ардақтайтындығына басты назар аударылды. Сөйтіп, алдымен КСРО спорт шебері, 1972 жылы Мюнхен қаласында өткен Олимпиадада Кеңес Одағы мен АҚШ арасындағы баскетбол турнирінің финалдық матчына қатысушы, Қазақ елі тарихында тұңғыш Олимпиада чемпионы атанған қандасымыз Әлжан Жармұхамедовтің алауды Қызылорда облысында ұстап жүретіні шешілді. Сонымен бірге, Роза Рымбаеваның туған жері Шығыс Қазақстан облысында, Қыдырәлі Болмановтың Қарағанды облысында алаумен жүгіріп өтетіні белгілі болды. Алау эстафетасы тек қана атақты спортшыларды алғы шепке қоймай, олардан басқа тәртіп сақшысы, өрт сөндіруші, құтқарушы қызметкерлерінің батылдық танытқандары алауды ұстап жүру құқығына ие болады. Мысалы, өжеттігімен көзге түскен 20 жастағы дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Артем Колесниченко суға батып бара жатқан қызды құтқарып, ерлік жасаған. Ол Қостанай облысының атынан астаналық кезеңінде алауды ұстап жүреді. Алау эстафетасы дирекциясы басшысының орынбасары Сәрсен Құранбектің айтуынша, эстафетада спорттың арқасында өз өмірлерін жақсартқан адамдарға көп көңіл бөлінеді. Қазақстан жастары осы алаугерлерді көріп, олардың жетістіктерін естіп, спортқа деген құштарлықтарын арттырып, жеңістерге талпынады. Яғни, біздің жобаның ең басты мақсаты – еліміздегі бұқаралық спортты дамыту серпілісін тудыру.
Осы кезге дейін еліміздің атақты спортшылары Олимпиада чемпиондары, әлем және Азия ойындарының чемпиондары да шақырту алды. Олардың арасында Дәулет Тұрлыханов, Жақсылық Үшкемпіров, Ольга Шишигина сияқты саңлақтар бар. Ал ең бірінші болып алау эстафетасына қатысуға құқық беретін сертификатқа Грекияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Евагелос Денаксас ие болды. Грекия – Олимпиада қозғалысының отаны, сондықтан Грекия елшісіне эстафетаға қатысуға рұқсат берілгені жөн болды деп ойлаймыз. Оның алау эстафетасына қатысуы дүние жүзіне Олимпиада мен Азия ойындарының бір-бірімен тығыз туысқандық байланыста екенін көрсетеді.
Сонымен бірге, эстафетаның белгілі нысандарда өтетінін атап өту жөн. Әрбір кезеңнің бағыттары Қазақстанның аса назар аударарлық жерлерін телеарна күнделіктерінде көрсету жоспарлануда. Астаналық кезең «Қазақ елі» монументінен басталып, Есіл өзенінің сол жақ жағалауындағы аса көрнекті архитектуралық нысандарының, соның ішінде Астананың символына айналған «Бәйтерек», «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының ғимараты, еліміздің ең үлкен мешіті «Нұр Астана» жанымен өтеді. Ал Алматыда эстафета шаңғымен тұғырдан секіру кешенінен басталса, Оралда Еуропа мен Азияны қосатын көпірде, Ақмола облысында өлке інжуіне айналған Бурабаймен жүріп өтеді. Жалпы, конкурс нәтижесінде 1020 алаугер іріктеліп алынды. Оның 100-і астаналық кезеңінде, 80-і Алматы көшелерімен және тағы 60-ы әрбір өңірде алып жүреді.
Алау эстафетасы бүгін, жоғарыда айтқанымыздай, Әл-Кувейт қаласында алау отының тұтану салтанатында басталып, ертең Алматыға келеді де, еліміздің барлық өңірлерін аралап шығып, 30 қаңтарда Астана қаласында «Астана-Арена» стадионында Азиаданың ашылу салтанатының шарықтау шегінде аяқталады.
Дастан КЕНЖАЛИН.