12 Наурыз, 2016

Ізгі тілектер, айтылған аманаттар

552 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
IMG_7248Талдықорғандағы М. Тынышпаев атын­дағы облыстық тарихи-өлкетану мұра­жайында жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың әлемдік әдебиет пен мәдениетке қосқан үлесін және қоғамдық қызметін талқылау, өмірі мен шығармашылық аспектілерін зерттеу мақсатында салиқалы басқосу болды. Оған Қазақстан халқы Ас­сам­блеясы атынан Парламент Мәжі­лісінің депутаттығына кандидат болып тіркелген «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Абдрахманов, Парламент Мәжілісінің V шақырылымының депутаты Роман Ким, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі Шакир Хахазов және қоғам қайраткерлері, облыстық этно­мәдени бірлестіктердің төраға­лары мен «Бірлік» жастар қауым­дас­тығының белсенділері қатысты. «ХХ ғасыр Гомері атанған жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың біздің ұлтымыздың мақтанышы болатыны сол, әлемдік мәдениет қазақты ең бірінші Жамбыл арқылы таныды. Себебі, әл-Фараби ашылмаған, Абайдың өзі ірі феодалдың баласы ретінде ғана айтылған өткен ғасырдың 30-шы жылдарында Одақтың миллиондаған таралыммен шығатын газеттерінде, содан соң дүниежүзілік басылымдарда қазақ деген халықтың рухани қуаты – Жамбылдың жырлары жарияланды. Осы қасиеті үшін ғана Жамбылды құрметтеуге болады. Атамыздан қалған асыл сөздердің бірі – «елдікті айт, ерлікті айт, солардың басын қосқан татулықты айт» деп келеді. Міне, сол татулық – біздің қазіргі қасиетті туымыз. Осыдан 21 жыл бұрын Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл әлемдік саясатта біздің Елбасының ашқан ірі жаңалықтарының бірі болды. Көпэтносты қоғамда мұндай ұйым құру арқылы әр ұлттың басын қосып, бір қолдың саласындай, бір үйдің баласындай етіп ұстау шын мәнінде аса көрнекті саясаткердің ғана қолынан келді. Оған ең алдымен қазақ халқының даналығы себепкер болды. Қазақ халқына алғыстарын ағытқан ұлттардың ауызбіршілігі себепкер болды. Осындай жақсы жұмыстар Жетісу жерінде жалғасып жатқандығына көзіміз жетіп отыр. Осы татулық ұлы қазақ жерінде қашанда сақталады. Бұл татулық, бірлік, достық алдағы асулардан абыроймен асуымыздың кепілі», – деді бас басылым басшысы С.Абдрахманов өзінің сөзінде. Келесі кезекте сөз алған Роман Ким 12 жыл бұрын тоқтап қалған Көксу қант зауытының іске қосылғанын Талдықорған өңірінде өндіріс орындарының өркендеуіне ашылған жол деп бағалады. Ал Шакир Хахазов кәсіпорынның 500 адамды жұмыспен қамтып отырғанын жеткізді. Ең бастысы, деді ол, Жетісу жеріндегі 103 этнос өкіліне пана болған Қазақ еліне, жеріне алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Жыр алыбы Жамбыл Жабаев арқылы қазақ халқына деген ықыластарын білдіруді мақсат тұтқан этностар өкілдерінің ойлары бір жерде тоғысып жатты. Негізі, бұл жиын тарихи-өлкетану мұражайында бекер ұйымдастырылған жоқ. Майлы бояулармен салынып, әр ғасырдан сыр шертетін құнды суреттер құпиясына қаныға түсу, қазақтың тұрмыстық бұйымдары мен қыштан жасалған құмыралар, ат әбзелдерін көрсету арқылы өңір ерекшелігі паш етілді. Түрлі этнос өкілдері ізгі тілектерімен бірге аманаттарын да ашық айтқан соң, жоғарыда аталған тақырып аясындағы жиын қорытындыланды. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан». ТАЛДЫҚОРҒАН.