Марат Нұрбеков – еліміздің әділет, сот жүйесіндегі белгілі есім. Сонау Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары заң шығарушылық саласында белсенді қызмет атқарған білікті заңгер. Ол бүгінгі күні зейнет демалысында. Уақытында Әділет министрінің орынбасары, бірнеше облыстық соттың төрағасы қызметтерін атқарған Қазақстанның құрметті заңгері Марат Нұрбекұлымен сұхбатымыз Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы сот-құқықтық реформа барысы туралы әңгімемен басталды.
– 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңы қабылданды. Қазақ елінің Мемлекеттік Тәуелсіздікке қолы жетті. Сол бір ауыр кезеңдерде елдің экономикасы күннен-күнге құлдырау үстінде еді. Ал бүкіл заңнамаларымыз Тәуелсіз еліміздің мақсат-мүддесіне сәйкес келмеді. Осындай өтпелі қиын кезеңде, жаңа мемлекет құрудың бар ауыртпалығын, жауапкершілігін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев көтерді.
«Жаңа мемлекеттің Конституциясы да, нышандары мен рәміздері де болған жоқ. Біздің бүкіл заңнамамыз басқа идеологияға, басқа елге, басқа мақсаттарға лайықталған еді», – деді Президент Н.Ә.Назарбаев ел Тәуелсіздігінің он жылдығына арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзінде.
Экономиканы, ішкі-сыртқы саясатымызды, әлеуметтік жағдайды уақыт талабына сәйкестендіру үшін заңнамаларымызды «ақ парақтан» бастауымызға тура келді. Сондықтан, Әділет министрлігіне деген талап күшейді, жұмыс та көбейді. Республикамыздың экономика, әлеуметтік жағдай, қорғаныс, ішкі-сыртқы қауіпсіздік, инфрақұрылым, т.б., салалардағы дайындалған заң жобаларына сараптама өткізу – Әділет министрлігінің алдына қойылған жаңа талап еді. Осының бәрі және құқық қорғау органдарының міндеттерін нақтылау, құқық жүйесін реформалау Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігі арқасында өз шешімдерін уақтылы тауып отырды.
Әділет министрлігінің жұмысын уақыт талабына сәйкестендіру үшін, Елбасының заң саласындағы, құқықтық реформаға байланысты тапсырмаларын орындау үшін 1993 жылы Нағашыбай Шәйкеновтің Әділет министрі болып тағайындалуы оған артылған үлкен сенім еді.
Елбасы бұрынғы Одаққа кірген мемлекеттердің ішінде бірінші болып «Қазақстан Республикасындағы құқық реформасының мемлекеттік бағдарламасы туралы» Қаулыға қол қойды, құқықтық реформаны қабылдады. Бұл дегеніңіз, «аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттердің бірі, белгіленіп отырған барлық қоғамдық өзгерістердің ойдағыдай іске асуы да соны шешуге байланысты болады», делінген онда.
Осы кезеңдері Әділет министрлігі жанынан «Ұлттық заң агенттігін», заң әдебиеті баспасы және апталық заң газеттерін ашу, «Заң ғылыми-зерттеу институтын» құру, ведомстволық нормативтік-актілерді тіркеу мәселелері шешілді. Айтуға оңай болғанымен, мұның бәрі бұрын болмаған жас мемлекетімізге өте қажет жаңа үдерістер еді.
Ал экономикалық қатынастар, меншіктің даму жолы, өндірістегі заңсыз әрекеттер заң тұрғысынан өз шешімін табуы керек болды. Ал маман заңгерлердің ішінде халықаралық заңнамалар түгіл, ішкі заңнамаларды дайындауды білетін маман жоқтың қасы еді. Осының бәрі әділет саласындағы жүргізілген реформалардың алды болды. Олай дейтінім, 1995 жылы тамыз айының 30-ы күні республикалық референдумда Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданды. Конституция – экономикадағы, мемлекетті басқарудағы, әлеуметтік саладағы, азаматтардың негізгі құқықтарын қорғаудағы басты жетістігіміз.
Жоғарыда аталған «Қазақстан Республикасындағы құқық реформасының мемлекеттік бағдарламасы туралы» Қаулы сот жүйесін одан әрі дамытудың басым бағыттарын белгілеп берді. Демократиялық құқықтық мемлекеттің жұмыс істеуін қамтамасыз етудің бірден-бір шарты ретінде судьялардың дербестігі мен тәуелсіздігінің кепілдігін күшейту реформаның негізгі мақсаты болды.
1995 жылғы Конституция, сол жылы қабылданған «Қазақстан Республикасындағы соттар және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заң күші бар Жарлыққа сәйкес Президент жергілікті соттарды тағайындаса, Жоғарғы Соттың судьяларын Парламент Сенаты тағайындады. Төрелік сот таратылды. Судьялар алғашқы рет тұрақты мерзімге тағайындалды. Жоғары Сот Кеңесі мен Әділет біліктілік алқасы құрылды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары сот жүйесінде жүргізілген реформалардың алды осындай еді. Елбасы Әділет органдары, сот төрелігін атқарудағы түбегейлі өзгерістерсіз экономикадағы өзгерістерді тұрақтандыру мүмкін еместігін білді.
– Есіңізде болса, 1998 жылы «Егемен Қазақстанда» «Мұны бүгін мен айтпағанмен, ертең бәрібір басқа біреу айтар еді» деген тақырыпта сұхбатыңыз жарияланған болатын. Сот саласындағы кемшіліктер мен шарасыздықтар туралы айтқан әңгімеңіз сол кезеңде қоғамды дүр сілкіндірді. Сіздің бұлай ашына, ашулана айтуыңызға не себеп болды?
– Жаңа Конституция және «Қазақстан Республикасындағы соттар және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заң күші бар Жарлыққа сәйкес Жоғарғы Сот құрамы, барлық жергілікті сот жүйесі бекітіліп, судьялар тағайындалды. Сот органдарына, судьяға деген талап күшейтілді. Соған қарамай кейбір судьялардың, жекелеген аудан-қалалық сот төрағалары тарапынан лауазымдық міндеттерін атқаруда немқұрайлылық, уақыт талабын толық түсінбеушілік байқалды. Мен ол кезде Алматы облыстық сотының төрағасы едім, сонда жіберілген кемшіліктерді өз сана-сезіміммен қабылдай алмай айтқан пікірім еді. Бұл 1997 жылдың қорытындысынан туындаған, ішіме сыймаған ойлар болатын.
– Марат Нұрбекұлы, сол кездері сот атқарушы биліктің құзырында болатын. Яғни, Әділет министрлігіне тәуелді болды. Тәуелсіз сот жүйесін құру – уақыт талабы болса да, оған қарсы болған заңгерлер қауымы да болды емес пе?
– Ондай пікірлер болды. Қалай дегенмен, Одақ тұсынан сот Әділет министрлігіне тәуелді болды: кадр мәселесін іріктеу, соттардың материалдық жағдайы, ғимаратпен, көлікпен қамтамасыз ету, еңбек ақысы, сот статистикасы, сот тағайындауын өткізу сияқты басқа да мәселелер. Әділет министрлігінің сот ісінде тек сот төрелігін атқаруға араласуға «құқығы болмады».
Конституциямызды қабылдағаннан кейін де жағдай солай болды. «Судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және конституция мен заңға ғана бағынады» деген Конституциялық талап бірден кейбір заңгерлердің, атқарушы билік басындағы азаматтардың санасынан өз орнын таба алмады. Ол аз болса, кейбір судьялар өзінен жоғары тұрған лауазым иелеріне сот төрелігін атқарудағы өз құқығын айтудан именді.
– Елбасы Н.Назарбаев «Азаматтық сот ісін жүргізуді жаңғырту қажет. Азаматтық істерді қарау тәртібі процестің тараптары үшін ыңғайлы және тез, оларды бітістіруге және заманауи технологияны кең қолдануға бағытталуы тиіс», деген болатын. Елбасы тапсырмасы орындалып, 2015 жылдың 31 қазанында Азаматтық процестік кодекс қабылданды. Осыған байланысты сіздің пікіріңіз қандай?
– Елімізде тұңғыш рет заңға қол қою рәсімі жариялы түрде жүргізілді. Жаңа заң азаматтардың және заңды тұлғалардың конституциялық құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сотта тиімді қорғау, дауларды қарау мен шешудің тиімділігін арттыру, сот актілерінің сапасын қамтамасыз ету болып табылады. Жаңартылған Азаматтық процестік кодекс «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында айқындалған шараларды іске асыруға мүмкіндік береді. Негізгі әзірлеушісі Жоғарғы Сот болып табылатын жаңартылған заңда азаматтық сот ісін жүргізу міндеттері мен қағидалары жаңа талаптармен толықтырылған. Кодексті әзірлеу кезінде шет мемлекеттердің заңнамалары зерделеніп, жекелеген нормалары назарға алынған. Сондықтан, жаңартылған кодекстің артықшылықтары көзге көрініп тұр. Мұнда заңның үстемдігі жоғары қойылған. Жаңа Азаматтық процестік кодекс азаматтардың және заңды тұлғалардың дауларының тез және сөзбұйдалыққа салынбай шешілуіне мүмкіндік береді.
Аталған кодекс еліміздің сот жүйесін реформалауға арналған басымдықтар қатарында инвестициялық даулар бойынша инвесторлар қатысатын дауларды қарау тәртібін нақтылады. Сонымен қатар, 2016 жылдан бастап сот саласына үміткерлерге талап күшейді, судьялыққа үміткерлер міндетті түрде арнайы сынақтардан өтіп, бір жыл, одан кейін бес жыл сынау мерзімдерінен мүдірмей өтсе, тұрақты судья болады. Осы заңнамалардың ішінде абыроймен отставкаға шыққан, зейнет жасына келген судьяларға өмір бойғы төленетін ай сайынғы қамтылым бекітілді. Елбасымыздың өлшеусіз еңбегінің арқасында, халқының қолдап, ерекше қадірлей білуінің негізінде ширек ғасыр Тәуелсіздігіміздің туы желбіреп, дүниежүзіне Қазақ елін паш етіп тұр.
Мемлекет басшысы сот жүйесінің қалыптасуына, дамуына, судьялардың материалдық және әлеуметтік қамсыздандырылуын жоғары дәрежеге көтеру мәселелеріне үнемі көңіл бөліп отырады. Тәуелсіздік жылдары судьялардың алты съезі өтіпті. Сол съездердің барлығына Елбасы өзі қатысып, соттардың жұмысына баға беріп, судьялардың материалдық-әлеуметтік жағдайын жақсарту іс-шаралары туралы айтып, жұмыстарының бағыттарын айқындап беріп отырады.
Балаларым өсті, немерелерімнің алды отбасын құрып, шөбере сүйгізді. Менің өзіме, отбасыма не керек? Әрине, тұрақтылық, тыныштық. Ендеше, Тәуелсіздікке ие болған жиырма бесінші жыл соның бәріне кепіл болып отырған Елбасы емес пе?!
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Шарафаддин ӘМІРОВ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.