Бүгінгі күннің бір талабы – мемлекет-жекеменшік әріптестігін дамыту барысында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов 2015 жылдың басында, мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуды Жетісу жерінде 77%-ға жеткізу туралы мемлекеттік қызметкерлер мен кәсіпкерлерге тапсырма берген еді. Нәтижесінде бір жылдың ішінде облыстың балабақшамен қамту көрсеткіші 13,3%-ға артты. Бұл ретте сүбелі үлесін қосып жүрген кәсіпкерлер баршылық.
«Білім саласына 2009 жылдан бері инвестиция тартып жүрген кәсіпкермін. Талғар ауданы, Гүлдала ауылдық округіндегі Жаңа Қуат елді мекенінде 500 балаға арналған екі балабақша, 350 орындық мектеп құрылысын салып, 156 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Мемлекет қазынасына жыл сайын 30 млн.теңгеге жуық салық төленуде. Бүгінгі күні мемлекет-жекеменшік әріптестігін жандандыру мақсатында Қапшағай қаласынан 59 сотық жер телімін сатып алып, бірінші қабатында 250 орындық балабақшасы бар тұрғын үй кешенінің құрылысын салуды жоспарлап отырмын. Осы әлеуметтік нысанды мемлекет-жекеменшік әріптестігі негізінде билік қолдаса нұр үстіне нұр болар еді. Бұл жоба облыс басшысының 2016 жылы балабақшамен қамтуды 87%-ға жеткізу туралы берген тапсырмасын дер кезінде орындауға өзіндік үлесін қоспақ. Осындай жетістіктермен қатар, шешімін таппай тұрған мәселелер де бар. Бірақ қай проблема болмасын, қазіргі таңда Елбасымыздың кәсіпкерлерге деген қамқорлығы арқасында шешімін табады деген сенімдемін. Менің мектеп пен балабақшаны тұрғызған ауылым Алматы қаласының жанында орналасқан. Өкінішке қарай, осы мекен жайдың әлі әкімшілік мәртебесі болмағандықтан, мектеп құрылысының инфрақұрылымын – суды да, электр жарығын да өз қаражатыммен өткіздім. Бірақ, мектепке барар жолды асфальттауға менің мүмкіншілігім жетпеді. Бүгінгі күні 450 метр жеріне ескі асфальт пен қиыршық тас төсеп, қара жол салып қойып отырмын. Мектепке барар жолда қараусыз жатқан бос жерлерге көпшілік демалатындай сквер жасап, көгалдандырып, шамдар орнатып, спорт кешендері мен велосипедшілерге арналған жол салсам ба деген ойым бар», деді кәсіпкер Күләнда Батырбекова.
Өткен жылы қазан айында аталған кәсіпкердің басшылығымен «Дана» мектебінің ашылуы салтанатты түрде өткен еді. Аз уақыт ішінде балалары түрлі халықаралық, республикалық, байқаулар мен олимпиадалардың жеңімпаздары атануда. Мектептегі бассейнге былтыр ашылған инклюзивті екі топтың балалары қатысып, халықтың ризашылығына бөленуде. Сонымен қатар, мектептің заманауи жабдықталған базасында ауыл балаларын жаппай спортпен шұғылдануға, қосымша білім берумен қамту үшін мемлекет-жекеменшік әріптестігі негізінде түрлі үйірмелер ашуға өз үлесін қосуға кәсіпкер дайын.
Сонымен қатар, Күләнда Батырбекова тек кәсіпкерлікпен шектеліп қалмай, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласа білетін өрелі жан. Өзіндік ойы бар. Ең бастысы, мына жұмыс тек ер-азаматтарға ғана тән екен деп іркілмейді. Сөйтіп, қайта сайланған өңірлік кәсіпкерлер палатасына Талғар ауданы бойынша мүшелікке өтіп, жауапкершілігін арттыра түсуде. Сондықтан еліміздің кәсіпкерлерін өз инвестицияларын әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге, ұлттың ұрпағына ұлағат нәрін сіңіруге шақыруда. Тағы бір айта кетер жайт, кәсіпкердің өтінішін өңір басшысы естісімен бірден Талғар ауданының әкіміне мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында аталған кәсіпкерге қолдау көрсету жөнінде дүйім жұрттың алдында нұсқау берді.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы облысы.