12 Наурыз, 2016

Бақ құсы

728 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
IMG_0037-1Қазақтың қасиетті домбырасы әлемдік жаһандану үдерісінің жеті қарыс жұтқыншағына жұтылып кетпей, жиырма бірінші ғасырда да өзінің қоңыр үнімен баршаны баурап келеді. Оның күмбірінің күйін қашырмай, осы күнге дейін жеткізу әрі оны болашаққа табыстау үшін талай тарландар тер төк­кен. Бұл арада тым алысқа сіл­темей-ақ Қали Жантілеуов, Нұрғиса Тілендиев, Шамғон Қажығалиев, Қаршыға Ах­медияров және Әзидолла Есқа­лиевтердің есімдерін атай кетсек те жеткілікті болатын секілді. Міне, осы күй алыптарының қатарына «Махаңдар жоқ, Махаңдардың сарқыты, Мұқағали Мақатаев бар мұнда», деп арқалы ақын жыр­лағандай, солардың сарқытын ішіп, бүгінгі күй және қазақ симфония өнерінің өңірдегі белді де беделді өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қырымгерей Қажымовты да қосуға болады. Кеңестік кезеңде, тіпті, тәуелсіздіктің алғашқы және одан кейінгі жылдардың өзінде қазақ өнерінің бетке қалқып шыққан қаймақтары сол кездегі астанамыз – Алматыға шоғырланды. Әлбетте, осылай болуы қай қисынға да қайшы келмейді. Өйткені қай кезде де, қай елде де астана өнердің де ордасы болып қала бермек. Оның үстіне жұмақтай көрінетін аяулы Алматы екінің бірі қиып кете беретін қала ма еді?! Осындай сал-дәурен шақта Қырымгерей қазақтың Құрманғазы атындағы академиялық халық ас­паптар оркестрі мен Қазақ КСР-нің мем­­лекеттік симфониялық оркестрі құрамында қатар қызмет атқарып жүрген болатын. Оның елге аңсары ауғаны, рес­публиканың ең шалғай түпкірін­дегі өңірге атбасын бұрғаны сонау тоқсаныншы жылдардың басына тұспа-тұс келеді. Алғашқыда Орал музыка училищесінің директоры болып тағайындалған Қ.Қа­жымов өзі туып-өскен Орал өңірінің тоталитарлық режім салдарынан тұн­шығып, аяқ-қолын жаза алмай жатқан ежелгі ән-күй өнеріне өзіндік бір жаңашылдық пен рухани сілкініс ала келді. Халықтық өнерге, соның ішінде халқымыздың ән-күй мұрасына қашанда жанашырлық­пен қарай білетін тәжірибелі тар­лан тәуелсіздіктің елең-алаңында ар­­наулы оқу орнынан Мұхит класын ашуға бастамашы болды. Әрі оған бас дәріс беруші ретінде кәсіпқой әнші, айтыскер ақын, сол кездегі Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Қатимолла Бердіғалиевті шақырды. Сонымен бірге училище жа­нынан халық аспаптар оркестрін ұйымдастырды. Біздің бүгінгі кейіпкеріміздің елдің рухани-мәдени өмірінің толыса түсуіне қосқан тағы бір сүбелі үлесі елу адамнан тұратын облыстық халық-аспаптар оркестрін құруға бел шеше кіріскені. Оның алдына қойған бұл мақсаты 2000 жылы жүзеге асып, облыста осы өнер ұжымының тұсауы кесілді. Осы кезде Қырымгерей Қажымов оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері болып тағайындалды. Осы бір мерейлі сәттен «Пах, шіркін, оркестр!» деген тақырыппен газетімізге кеңейтілген ақпарат жазғанымыз бар еді. Өнер адамының сәл нәрсеге балаша шаттанып, сәл нәрсеге көңілі жабырқай қала­тыны да бар. Бұған Қырекең балаша мәз болғанына да куәміз. Тіпті, әлі күнге дейін оркестр ашылғанда со­лай жазып едің-ау деп еске алып оты­рады. Алғашқы жылдары оркестр мү­шелері көк тиын жалақы алмай қызмет жасады. Мұндай құр, жалаң энтузиазммен алысқа бару, ұжымды шашау шығармай ұстап отыру мүмкін еместігі де байқалып қалды. Содан соң жетекші кәсіби музыканттардың басын біріктіріп оркестрдің толыққанды, үйлесімді, ұйымшыл әрі ауызбірлігі жоғары ұжым болып қалыптасуына өзінің бұған дейінгі жинағын тәжірибесі мен ұйымдастырушылық қасиетін сарп етті. Кәсіби музыкант дегеннен шығады. Бұл орайда ол Құрманғазы оркестрінің құрамында жүрген талантты жастарды алдыртуға да түрткі болды. Оларға үй, пәтер бер­­гізудің қажеттілігі жөнінде облыс әкімдігіне мәселелер мен ұсы­ныстар қоя білді. Солардың бірі бүгінгі Дәулеткерей атындағы Ба­тыс Қазақстан облыстық халық аспаптар оркестрінің бас дирижері әрі көркемдік жетекшісі «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Еркін Нұрымбетов еді. Бүгінде аталған оркестр рес­публикадағы өз дәстүрі мен өр­­негі қалыптасқан әрі репертуары жылдан-жылға молайып келе жатқан академиялық сипаттағы өнер ұжымдарының бірінен саналады. Оның Астана мен Алматыны былай қойғанда, таяу және алыс шетелдерде қойған концерттері талғампаз көрермен тарапынан жоғары баға алып жүргені өз алдына бөлек әң­гіме. Әрине оркестрдің осындай биік табыстары мен жетістіктерінде оның алғашқы ұйымдастырушысы, тұңғыш көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері Қырымгерей Қажымов­тың қарымды қолтаңбасы бар. Өнер де бейне бір бақ құсы іспеттес. Ол екінің бірінің басына қо­на бермейді. Осынау бақ құсы мейлінше талғампаз, киелі, кірпияз да кінәмшіл десек ше?! Оның серігі – сұлу да сырлы сезім, қонысы – кір­­шіксіз де періште жүрек болып қала бермек. Өнер бос кеудеге тұрақтамайды. Ұшады да кетеді. Оны қайтып қонады деп үміттенбей-ақ қойыңыз. Иә, бақ құсы тәріздес өнер құсы жүрегі таза, тұғыры биік жандардың басына ғана қонатынына күмән келтіру қиын-ақ. Осы орайда айтар сөзіміздің түйіні біреу ғана. Қырымгерей Қажымов басына бақ құсы, өнер құсы қонған текті талант. Мұрат САБЫР, филология ғылымдарының докторы, Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». ОРАЛ. Суретте: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қырымгерей ҚАЖЫМОВ.