15 Наурыз, 2016

Көлік дәліздері – экономика драйвері

3207 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Көлік дәліздеріПрезидент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеу­лер институтының ұйымдастыруымен Астанада «Еуразиялық көлік дәліздері: ынтымақтастықтың жаңа жолдары» атты ІІ халықаралық конференция өтті. Оған Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев және Қазақстан, Ресей, Қытай, Иран, Моңғолия, Грузия, Әзербайжан мен Қырғыз елінің стратегиялық зерттеулер орталықтары мен өзге де сараптамалық ұйымдардың мамандары қатысты. Конференцияда Еуразия құрлығындағы өзекті көлік-транзит жобалары, халықаралық қатынастардың геосаяси аспектілері, бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру шеңберіндегі ынтымақтастық пен өзара іс-қимылдардың мәселелері, сондай-ақ, «Жібек жолы» жобасы мен «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы түйісуінің негізгі бағыттары талқыланды. «Бүгінгі таңда көлік-транзит әлеуетін дамыту тақырыбы – Орталық Азиядағы сарапшылық-саяси пікірталастарда көтерілетін маңызды мәселелердің бірі. Мәселен, былтыр ЖЖЭБ мен ЕАЭО жобаларын түйістіру туралы айтарлықтай қызықты идея пайда болды, бұл да сарапшылардың пікірталасын жаңа мазмұнмен толықтырды. Былайша айтқанда, Жібек жолын жаңғырту идеясы өңір перспективалары туралы пікірталастың тамырына қан жүгіртіп қана қоймай, Орталық Азияның геосаясатындағы кейбір мәселелерді қайта пысықтауға мүмкіндік берді», деді ҚСЗИ директоры Ерлан Қарин. Шара барысында «Жібек жолы» жобасы да сарапшылар назарынан тыс қалмады. «Қазіргі таңда «Жаңа Жібек жолы» жобасын іске асыру шарасы кеңістіктегі халықтың басты назарында. Бұл жөнінде бұған дейін де айтылып келгенімен, 2013 жылдың қыркүйек айында Қытай елінің басшысы Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарында «Жібек жолы, жаңа экономикалық белдеуін» құру жөнінде идея көтерді. Бұл істің басы Қытай елінде бұған дейін басталып та кеткен болатын. Енді аймақтағы елдермен бірлесе отырып, біртұтас көлік дәліздерін жасап, жүк ағындарының кедергісіз ағылуына жағдай жасау керек. Орталық Азиядағы елдердің бәріне бірдей пайда әкеліп, экономикалары мен халқының әлеуетін жақсартатын халықаралық бұл жоба бірден қолдау тапты деуге болады. Дәл бүгінгі күні бұл игіліктің пайдасы өз жемісін бере де бастады», деді институт басшысы. Аймақтың саяси-экономикалық жағдайына талдау жасаған сарапшы, Қазақстанда қолға алынған инфрақұрылымдық бағдарламалар жөнінде де айтып өтті. «Қазақстанда жүзеге асырыла бастаған ауқымды жобаларға назар салсақ, ол бір біздің елге ғана емес, аймақтағы елдердің бәрінің дамуына соны серпін беретінін аңғару қиын емес. Қазақстаннан сан тарапқа шығатын халықаралық көлік-транзит дәліздері соңғы үлгіде салынып жатқаны аян. Мейлі теміржол, әйтпесе автожол болсын, олардың бойына белгілі орындарға сервистік орталықтар салынып, жүк ағындарының кідіріссіз ағылуына барлық жағдай жасалып жатыр. Сондай-ақ, біздің елде су жолына да көп мән беріліп жатқаны мәлім. Ол Каспий теңізіндегі жүк порттарын жаңғырту шарасы екенін айтқан жөн. Оған қоса, теңіз жағалауындағы екінші порт Құрық іске қосылғанда Қазақстанның су арқылы жүк тасымалдауы жылына 20 миллион тоннадан асып жығылуы кәдік», деді Е.Карин. Конференцияның екінші бөлімінде сөйлеген Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсыныстарымен Азия аймағындағы елдердің экономикалық дамуының барлық салалары жаңа сатыға көтеріліп жатқанын айтты. Ал «Жаңа Жібек жолы» жобасын жаңғырту идеясы Азия елдерінің жаңа экономикалық даму дәуірінің басталғанын білдіретінін атап өтті. «Қазақстанның географиялық орналасуы қолайлы трансконтиненталдық көлік дәлізін құруға сұранып тұр. Мемлекет басшысының саясатына орай елімізден өтетін барлық көлік дәліздерінде сервистік қызмет орындары халықаралық талаптарға сай құрылып, біртұтас хаб жасауға мүмкіндік береді. Осыған орай соңғы 5 жылда көлік инфрақұрылымын жасауға және жаңғыртуға 1,5 трлн. теңге бөлінді. Осының нәтижесінде Халықаралық экономикалық форумның рейтингі бойынша Қазақстанның 30-орынға алға жылжуына мүмкіндік туды. Атап айтқанда, экономикалық даму бойынша 140 елдің арасында 88-ші орыннан 58-орынға көтерілді», деді министр. Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктері мен жүк өткізу әлеуеті жөнінде әңгіме өрбіткен ведомство басшысы, жаңадан іске қосылған теміржол және автожолдарға тоқталды. Сондай-ақ, су жолы мен әуе қатынасына да айрықша назар аудартты. Қазіргі таңда Қазақстанда біртұтас көліктік-логистикалық хаб құрылысының нәтижелі аяқталып келе жатқанын айтқан ол, бұл шара көрші елдер экономикасының дамуына да тың серпін беретінін атап өтті. Сөйтіп, «Жаңа Жібек жолы экономикалық белдеуін» құрудың маңызы аса зор екеніне көңіл бөліп, ортақ істе жұмыла білуге шақырды. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».