15 Наурыз, 2016

Көкшетаудағы қазақ театрына – 20 жыл

843 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
DSC_5320Шахмет Құсайынов атындағы қазақ драма театрының 20 жыл­дығы кең кө­лемде атап өтілді. Айтулы мерекеге ар­­налған «Тәуел­сіздік – тұғырым!» ат­ты ай­мақтық театр форумы бес күн бойы көрермендерді қуанышқа бөледі. Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қа­зақстан облыстық сазды-драма театры Г.Хугаевтың «Қара шекпен» прит­часын, Ілияс Омаров атындағы Қос­танай облыстық драма театры Ж.Әлмаштың «Мұңмен алысқан адам», Астана қаласының Жастар театры С.Жүні­совтің «Тырау-тырау, тырналар» драмасын, Қа­либек Қуанышбаев атын­дағы мем­лекеттік академиялық қазақ музы­ка­лық драма театры Е.Хуш­вахтовтың «Қы­зыл алма» лири­калық комедиясын сахналады. Ал салтанатты жиналыс Ақмола облысы әкімінің құттықтауымен ашылды. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, драматург-жазушы Жабал Ер­ғалиев, өңір басшысының орынбасары Нұрлан Нұркенов, осыдан 20 жыл бұрынғы облыс әкімі Қызыр Жұмабаев, Қа­зақстанның ха­лық әр­тісі Жібек Бағысова, теа­т­­р басшысы Марал Жақыпова, той қонақтары шығар­машылық ұжымның жетістіктеріне жоғары бағасын берді. Көкшетау театры 1996 жылы 6 наурыз күні «Ақан сері-Ақтоқты» (авторы Ғ.Мүсірепов, қоюшы-режиссері Ж.Омаров) драмасымен алғаш рет шымылдығын ашты. Осы жылдар ішінде түрлі жанрдағы 111 драмалық шығарма сахналаныпты. Отандық шығармалармен қатар шетелдік, әлемдік драматургия да қамтылып келеді. Театр актерлерінің сахналық шебер­ліктерін театр фести­вальдерінде алған марапаттарынан да көруге болады. Театр труппасы оннан астам республикалық, бес халықаралық театр фестивальдері мен форумдарына қатысып, «Ең үздік қойылым»,«Ең үздік актерлік ансамбль», «Тарихи тақырыпты сәтті игергені үшін», «Тарихи тұлғаны ұлықтағаны үшін», «Ең үздік ер адам рөлі үшін» және басқа аталымдар бойынша үздік шыққан. Театрдың тыныс-тіршілігі әрдайым облыс әкімдігінің назарында екендігі айтылды. Гастрольдік сапарлар мен фес­тивальдерге қатысуға жылда қа­ражат бөлініп келеді. Ұжым 2004 жылы жаңа заманның бар­лық та­лаптарына толық жауап беретін ғи­маратқа көшірілген. Театрдың ір­ге­тасын қалаған актерлар пәтермен қам­тамасыз етілді. Оған қоса, әр жыл сайын театрдың ішкі қажеттілігіне қар­жылай көмек көрсетілуде. Өнер ордасы мемлекетіміздің жанды жа­н­ашырлығын сезініп жұмыс жа­сауда. Осы­ның нәтижесінде теа­т­р Мысыр, Қы­тай, Ресей, Украи­на, Белоруссия көрер­мен­дерінің ризашылығына бөленді. Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жыл­дығы аясында өткізілген мерекелік шарада өнер ұжымы дайындаған «Тәуелсiз ел – театр тарихында» кіта­бының таныстырылымы өткізіліп, сенатор жазушы Ж.Ерғалиевтің «Қилы жол» драмасы қойылды. Бұл шығарманың премьерасы Қазақ хандығының 550 жылдығы мерекесінде, Таразда өткен болатын. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы. Суретті түсірген Ермұрат ДОСЫМОВ.