12 Қаңтар, 2011

«Егемен Қазақстанның» VІІ Қысқы Азия ойындарына арналған сәрсенбілік беті

825 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Азиада жаршысы

Күткен күн

Кеше Әл-Кувейт қаласында Азиада алауы тұтанды

Астана уақыты бойынша сағат 15.00-де Азия Олимпиялық кеңесінің штаб-пәтері орналасқан Әл-Кувейт қаласының «Кувейт-тауэрс» мұнарасының алдын­да­ғы алаңда елімізде алғаш рет өтетін VII Қысқы Азия ойындарының алауы сал­та­натты түрде жағылды. Оған Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхам­бетов пен Азия Олимпиялық кеңесінің президенті Шейх Ахмат әл-Фахад ас-Сабах қа­тысты. Салтанатты шара «Саз­ген сазы», «Гүлдер» ан­самбльдерінің және «Ұлытау» тобы мен кувейттік шы­ғар­ма­шылық ұжымдардың концерттік бағ­дарламасымен басталды. Осы­дан кейін Азия Олимпиялық ке­ңе­сі­нің президенті мен алауды тұтан­ды­ру салтанатына қатысуға келген қа­зақстандық делегацияның басшы­сы­на сөз берілді. Азиаданың мән-ма­ңызы мен оның халықтар ара­сын­дағы достықты нығайтуға, қо­ғам­да саламатты өмір салтын қалыптастырудағы атқаратын рөлі туралы жан-жақты баяндаған соң АОК президенті Қысқы Азиаданың алауын тұтандырып, оны Туризм және спорт министрі Т.Досмұ­хам­бетовке табыс етті. Одан кейін делегация басшысы алауды мәнерлеп сырғанаушы отандасымыз Абзал Рахымғалиевке табыс етті. Абзал алауды қабылдап алған соң оны Кувейт спортшысына, ол алауды әрі қарай Қысқы Азия ойындарын өз елдерінде қабылдаған Оңтүстік Корея өкіліне тапсырды. Содан кейін алау рет-ретімен Қытай және Жапония спортшыларының қолдары­на өтті. Осынау шағын эстафета «Ас­тана» велокомандасының мү­ше­сі Асан Базаевқа келіп тұрақтады. Бүгін алау Алматы қаласына Төтенше жағдайлар министрлігінің құзырындағы «ТУ-154» ұшағымен Алматыға жеткізіледі. Осы кезден бастап Азиада алауының ел ішіндегі саяхаты басталады.  Алаугерге 6 сақшы мен 13 көліктен құралған колонна ілесіп жүретін болады. Дастан КЕНЖАЛИН. «Шымбұлақ» тау шаңғысы курорты Алматы, Алатау баурайы Қазаққа Алатаудай абыз ата тауды берген тәңірге рахмет. Оның қойнауы мен қонышы, құзар биігі мен көлбеу беткейі, көз жауын алар сұсты да сұлу табиғаты, қарлы қысы, жазғы сабаты, кәусар ауасы – ниетіне шынымен де құдай берген халықтың қазынасы. Ата таудың ер жетіп, бой түзеген бір-бір отауындай Медеу мен Шымбұлақ бұл күнде аты әлемге жайылып, мақтанышымызға айналып отыр. Енді бір сәт Шымбұлақтың шынайы қа­сие­тін айғақтайтын көрсеткіштерге зер салайықшы. Талғар асуынан төменге қарай спорттық құл­дилау трассасының ұзындығы 3500 метр, слалом-гиганттың  ұзындығы 1500 метр. Шаңғы жолының орташа ені 25 метр болса, көлбеулігі 11-29 градусқа тең. Нақ осы сипаттары спортшы­лар­дың өне бойы барынша жоғары жылдамдықты өрістетуіне мүм­кіндік береді. Шаңғы алаңының директоры Асан Жауынғаров Шым­­бұлақ қарының сырғана­ғыш­тық қасиетіне назарымызды аударды. Дүние жүзіндегі «ең жылдам қар» осында екен. Он шақты жыл бұрын Франциядан келген сарапшылар да осындай баға беріп кетіпті. Неге десеңіз, Еуропа және Америка елдеріндегі тау шаңғысы алаңдары орналасқан өңірлер мұхит-теңіздерге жақын жатыр. Ал, Алатау жайқын судан алыста. Сондықтан, ол жақтың қарында ылғал көбірек те, біздікінде азырақ. Сол себептен де Шымбұлақтың қары сусымалы, сырғанағыш болып келеді. Осындай барлық сипаттамалары жағынан стандартқа сай болғандықтан, «Шымбұлақ» дү­ние жүзіндегі тау шаңғысы курорттарының ішінде ең таңдаулы үштікке кіреді. Әлбетте, әр жыл­дарда мұнда жарыс өткізу жағдайы жақсар­тылып, көркейту жұмыстары жүргізіліп отырды. Әсіресе, Азиада қарсаңында Елбасы пәрменімен үлкен қаржы бөлініп, Шымбұлағымыз ғаламат өзгерістерге ұшырады. Бұрынғы шаңғы жолдары қауіпті болатын. Соның бәрінде қауіпсіздік ша­ралары атқарылды. Ол не десек, көшкін жолын­дағы трассалар стандартқа сәйкестендірілді. Оларды жағалай қар зеңбіректері орнатылды. Шаңғы жолындағы үйінді тастар алынып тасталды. Енсіз, тар шаңғы жолдары бұрынғы 10 метрден 100-180, кейбір жерлерде 200 метрге дейін кеңей­тілді. Сөйтіп, Шымбұлақтың қолданыстағы беткейлері қайта бағдарланып, трассалар жос­пар­ланып, сондай-ақ жаңа беткейлер игерілгендіктен, сырғанау аумағы ұлғайып, оның жалпы ұзындығы 30 шақырымнан асып түсті. Яғни, бұл бұрынғы ескі көрсеткіштен алты есе артық деген сөз. «Шымбұлақ» тау шаңғысы базасының бас директоры, Қазақстан тау шаң­ғысы спорты федерациясының президенті Есет Ешпанов Халық­аралық шаңғы спорты федерация­сының өкілдері Шымбұлақта бо­лып, трассаларға гомологация жүр­гізгенін, яғни техникалық жай-күйін тексергенін айтады. Осы ретте барлық шаңғы жолда­ры талапқа сай болып шығып, тиісті халықаралық стандарттар бойынша төрт бірдей сертификат алған. Мұның өзі Шымбұлақтың әлемдік деңгейдегі аса ірі халықаралық жарыстарды, ең алдымен, 2011 жылғы қысқы Азия ойындарын өткізетін нысанды орын ретінде таңдалуына бірден бір негіз болып табылды. Жарыстар жиі өтіп, әуесқой сейіл-серуеншілер, шаңғышы туристер көп шоғырланатын Шымбұлақ сияқты жерде, жаңа айтқанымыздай, қар көшкіндерінің алдын алып, шаңғы тебуші­лердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызы зор. Сол үшін шеттен осы замандық құрал-жабдықтар сатып алынып, олар төтенше жағдай­лар жөніндегі тиісті қызметтердің пайдалануына берілген көрінеді. Осынау құрылғылардың арқасында мамандар алдын алу мақсатында жүйелі түрде көшкін шақырып тұрады. Мұның өзі сыннан өткен қауіпсіздік шарасы, дейді. Азиада қарсаңында жасалған бір ғажайып «Медеу» кешенінен «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортына тартылған аспалы жол, ғаламат жобаның іске қосылуы дер едік. Енді Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтары қауіпсіз әрі жайлы кабиналарда, таудың көркін тамашалай отырып, «Медеу» бекетінен Шымбұлаққа бар болғаны 14 минөтте жетіп ба­рады. Туристердің құдайы беріп, курорт қонақтары көбейгелі тұр. Бұл жайт сонымен бірге елде саламатты өмір салты мен спорттың даму әлеуетін күшейте түспек. Табиғат қойнауына кіретін автокөлік тасқыны толас табуына орай экологиялық тазалыққа жол ашылмақ. Австрияның «Доппелмайер» фир­масы жасаған осынау «Медеу-Шымбұлақ» ас­па­лы гондола жолы­ның ұзындығы 4572 метр. Әлемдік деңгейдегі осындай үшінші жол. Мұндағы 114 кабинаның әрқайсысына сегіз кісіден отыра алады. Секөнтіне 6 метр жұмыс жылдамдығымен есептегенде, бір сағатта 2 мың жолаушыны тасып үлгереді. Аталмыш болат арқанды аспалы жол қосымша көптеген пайдалы жүйелермен жабдықталған. Сапа мен қауіпсіздіктің барлық еуропалық талаптарына сай. Курортқа келушілердің көңілінен шығу үшін төменгі «Медеу» бекетінің жанында 100 орындық автокөлік тұрағы жасақталған. «Шымбұлақтан» жоғары қарай ортаңғы бекетке және Талғар асуына жету үшін базаның өзіндегі барлық көтергіштер неғұрлым осы­заман­дық және сыйымды қондырғылармен ауыстырылды. Сөйтіп, итальяндық «Leitner» фирмасының осызамандық құранды аспалы жолы орнатылды. Мұндағы жалпы ұзындық төрт шақырымнан асады. Мұнда да сағатына 2 мың жолаушы тасымалданады. 6-8 кісілік кабиналар, 4 кісілік ашық орынтақтар бір-бірімен алмасып отырады. Сондай-ақ курорт аумағында жаңа ғимарат бой көтерді. Онда 2 мыңнан астам адамға арналған жүк сақтау орны жайғасқан,  асхана, дәмхана мен мейрамханалар, спорт дүкені және басқалары бар. Баспасөз орталығының залы, медициналық көмек көрсету бөлмелері де жабдықталған. Аталған жайлардың бәрі тау шаңғышыларына ғана емес, демалушылар үшін де тамаша жағдайлар туғыза­ты­ны анық. Нақ осы арада Шымбұлақты кешенді дамыту жобасына жұмсалған инвестицияның жалпы көлемі 200 миллион АҚШ долларын құрағандығын айта кеткен де жөн шығар. Спорттық жағына келер болсақ, Азиада жарыстарына төрешілік ететін қазылар алқасы дайын. Техникалық делегаттар ерте бастан белгіленіпті. Шымбұлақта спорттың үш түрінен жарыстар өтпекші. Атап айтқанда, Алатау баурайында спортшылар шапшаң құлдилаудан, супер-гиганттан және супер-комбинациядан күш сынасады. Осы үш түрдің өзі ерлер және әйелдер болып бөлінгенде медальдардың алты жиынтығы бәске тігілген. Яғни, алты алтын, алты күміс және алты қола. Есет Ешпановтың айтуына қарағанда, біздің Закурдаев, Кошкин, Воронов сияқты сайыпқырандарымыз кемінде екі немесе үш алтын алады деп жоспарлы түрде күтілуде. Олай болса, Есеттің аузына май. Ал енді Азиада өтіп болған соң «Шымбұлақ» сынды жауһарымыз бүкіл Азия үшін қысқы туризмнің және тау шаңғысы спортының әлемге әйгілі орталығына айналмақшы. Қорғанбек АМАНЖОЛ, Суреттерді түсіргендер Берсінбек СӘРСЕНОВ,  Юрий БЕККЕР.

«Әдемі-ай» жасаған кәдесыйлар

Қазақ халқы қолөнерді ерте заманнан бері қастерлеп, қадірлей білген халық. Қазіргі технология жетістіктеріне көз ілеспейтін жаһандану кезінде он саусағынан өнер тамған шеберлердің көз майын тауысып жасаған қолөнерінің алатын орны ерекше. Бүгінде қай жерге барсаңыз алтын-күміс, қола мен мыстан, тері мен ағаштан жасалған осындай бірегей дүниелер жоғары сұранысқа ие. Жуырда біз осындай көне заманнан бері атадан балаға ұласып келе жатқан ұлттық дәстүрімізді халыққа таныстырып, оны кеңінен насихаттап жүрген «Әдемі-ай» ЖШС бас директоры Баһаргүл ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫМЕН кездесіп, әңгімеге тартқан едік. Әңгімеміз Азия ойындарына арналған кәдесыйлар мен жалпы зергерлік бұйымдарды жасаудың маңызы турасында болды. – Алдымен өзіңіз туралы, содан кейін бұл жұмысты қолға алға­ны­ңызға қанша уақыт болғанын айтсаңыз. – 1994 жылы Қы­тай­дағы Бейжің мемлекеттік университетін бітірген соң, білімімді жетілдіру мақ­са­тында атажұртқа келіп, 1997 жылға дейін өз ма­ман­дығым – биология са­ла­сы бойынша ғылыми жұ­мыспен айналыстым. Сол кезде диссертация жазуға дай­ындық барысында Қазақстандағы ежелгі қолданбалы өнер­ді зерттеуге бет бұрып, осы са­ланың коллекционерлерімен байла­ныс орнаттым. Жалпы, мен жылдар өткен сайын бағасы өсе беретін зергерлік және тұрмыстық бұйымдарды жинаумен Бейжің мемлекеттік университетінде оқып жүрген кезімде айналыса бастағанмын. Сол кезде Қытай им­ператорларының сарайла­рын аралап, онда жинақтаған көне бұй­ым­дарды, жәдігерлерді тамашалап, тәнті болатынмын. Елге оралған соң: «Бізге неге өз ұлтымыздың ша­шы­рап жатқан байлығын жинас­тыр­маса?» деген ой келді. Сөйтіп, ұлт­тық құндылықтарымызды жас ұр­паққа жеткізу, антиквариат дүние­ле­рін жинау арқылы қазақтың қол өнерінің баға жетпес байлықтарын шетелге таныстыру мақсатында 2000 жылы «Әдемі-ай plus» ЖШС құрдым. Ал 2002 жылы «Әдемі» өнер үйін аштым. – Алғашқы жасаған кәдесый­ла­рыңыз, бұйымдарыңыз не еді? – Біздің дүкендердің сөрелерінде орыстың матрешкасы, қытайдың фен-шуйі, үндінің бақа-шаяндары қаптап тұрғанда, неге өз ұлты­мыз­дың бағалы жәдігерлері жарқырап тұрмайды деген оймен әуелі хал­қымызға бір-біріне сый ретінде ұсынуға боларлықтай, өз еліміздің аза­маттарына ұлтымыздың баға жетпес байлықтары бар екендігін көр­се­ту үшін ұлттық кәдесыйлар жасауды қолға алдым. Бірінші болып елдігімізді, ұлттығымызды танытатын «Бәй­терек», «Қазақ елі», «Тәуел­сіз­дік» монументтерінің кішірейтілген түрлерін жасадық. Одан кейінгі Қы­зылордадағы Қорқыт ата, Түр­кіс­тандағы Қожа-Ахмет Ясауи кесене­лері­нің, Алтын адам, Абылай хан, Абай, Бәйдібек, Исатай-Махамбет, Наурызбай батыр, Қарасай батыр ескерткіштерінің ма­кеттері жасалды. – Компанияның атын кәдесыйлардың, бұйым­дардың әдемі болуы үшін қойдыңыз ба? – Жоқ. Әдемі деген қы­зымның аты. (Күледі) – Осы кезге дейін қанша кәдесыйлар жаса­лып, саудаға қойылды? – Менің кәдесый­лар­дан бөлек жинаған кол­лек­цияларым 5 мыңнан астам. Олардың бәрі ең көне қазақ жәдігерлері. Кәдесый­ла­ры­мыз да өте көп. Олар Өнер үйінде сатылуда. Біз кезінде әр­бір жәді­гердің төлқұжатын рә­сім­деп, Әділет министрлігінен арнайы патент ал­ған бола­тын­быз. Қа­­зір шү­кір, ха­лық ұлттық нақыштағы кәде­сый­лар­ды іздеп жүріп са­тып алатын жағдайға жетті. Мы­салы, асық пен жауырын мүсіндері, аттың ертоқымы, ұлттық ойындарға қатысты дүниелер ха­лықтың сұранысына ие. Соның ішінде ең өтімдісі «Ал­шысынан түскен асық» кәдесыйы. – Жақын арада елімізде Азия ой­ын­дары басталады. Соған сіз­дердің ресми әріп­тес болған­дары­ңыз­ды білеміз. Ази­адаға қандай кә­десыйлар жаса­дыңыздар? – Азиадаға өз өнімдерімізді ұсыну біз үшін азаматтық парыз, үлкен дә­реже болса, екінші жағынан компания­ның тағы бір сатыға көтерілгені деп білеміз. Азиада – Қазақстан үшін екі күннің бірінде болатын қатардағы шара емес. Әлемде әлі ешқашан мұндай кешенді жарыстарды өткіз­беген елдер қаншама. Осы үлкен жауапкершілікті біз де барынша сезінудеміз. Біздің компания әуелі Азиадаға жарты жыл бұрын 30-ға жуық ойын кәдесыйларын дайындаған болатын. Қазір олардың саны анағұрлым арт­ты. Азиадаға арнап алтыннан ап­талған, күмістен күптелген, қоладан құйылған жүзден аса медальдар жа­са­дық. Содан кейін Алау эста­фета­сы­ның атрибуттарын да жасап қой­дық. Астананың қазіргі әкімі Иманғали Тасмағанбетов бізге осы істі жасау туралы ұсыныс айтқан еді. Соны біз сақ дәуіріндегі шырағ­данның негізінде барыс және басқа да жан-жануардың бейнесінде жасап шығардық. Сонымен бірге, Азия ойындары өтетін жерлердің миниа­тю­­ралары да дайындалды. Со­лар­дың бірі 24 каратты алтын жа­латылған «Медеу» мұз айдыны әлі ешқашан дәл осындай бұйым ретінде ашық саудаға түсіп көрмеген. Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы күні кеше күрделі жөндеуден өткені белгілі. Оның ендігі аппақ қардай келбеті де біздің Азия ойындарына тарту еткен шашуларымыздың бірі. Ал жаңағы айтқан Азиада ме­дальдары таза хрустальдан да жа­салған. Параметрлері Азиаданың барлық талаптарына сай медальдар көздің жауын алады. Жарыстың ресми бойтұмары таудың тек ең биігінде жүретін, Алатаудың түз тағысы ілбісіне кәдесыйлар ұсынып отыр­мыз. Сондай-ақ бізде Азиада алауы мен белгісі бейнеленген күнделікті тұрмыста қажет тақия, футболка, жолдорба, бел­дік пен флешкалар бар. Алдағы кезде осы аз емес кол­лек­цияға спорт­шы­лар­дың мүсіні, басқа да Азиада ны­­сан­дарының кө­рінісі, тұғыр­дағы ұлттық жалаулар ұсынылады. Біздің заттар тек қалтасы қалың қала тұр­ғын­дары мен қонақтар үшін ғана емес, қоғамның барлық мүшелеріне тиісті бағалық диапазонда жасалған. – Компанияда неше адам жұ­мыс істейді? – Отыздан астам. Олар белгілі суретшілер, мүсіншілер. Мен оларға кәдесыйдың түрін, ұлттық нақыш­тағы бұйымды қағазға сызып беремін, олар соны жасайды. Қазір Азиа­даға арналған 70-тен астам кәдесый бар. Олар Астана мен Алматының сауда үйлерінде, қонақ үйлерінде, әуе жайдың бутиктерінде тара­ты­лу­да. Бізге осы жағынан қала әкімдері көмек­тесуде. Мы­са­лы, Ас­танадағы «Са­рыарқа» ойын-сау­ық орталы­ғында Азиа­даға ар­налған павильон ашыл­ды. Біз ол жерге 15 млн. теңге­нің өнім­дерін беріп отырмыз. Астанада Әуезов-Кенесары кө­шелерінің қиылы­сын­да, Ауыл ша­руашылығы министрлігі ғимара­тының жанындағы биз­нес ор­та­лықтың екінші қаба­тын­да кеңсеміз де бар. Біздің жасаған өнімдеріміз сапалы, медалдарымыз сынбайды. Олар мың жыл болса да түрін өзгертпей тұрады. Біраз адамдар Азиада бойтұмары барысты кейбіреулер тышқанға ұқсатып жасаған дейді. Ал біздікін кішкентай балалардың өздері көргенде: «Ой! Қандай сүйкімді бұл барыс», деп құшақтап алады екен. – Өзге ұлт өкілдері сіздердің ұлт­­тық нақыштағы кәдесый­лары­ңызға, жәдігерлеріңізге қы­зыға ма? Мысалы, домбыра ұс­тап, ұлттық киім киген барысқа. Шыныңызды айтыңызшы. – Көбінесе қазақ жігіттері сатып алады. Сосын шетел қонақтарының Азиада кәдесыйларына қызыға­тынын көріп жүрмін. – Алда қандай жоспарыңыз бар? – Алматыда Шевченко мен Бай­зақов көшелерінің қиылысында Өнер мұражайын ашуды жоспарлап отырмын. Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН.