Елбасының “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы аясында Атырауда жоспарланған нысандардың бірқатары аудандарда салынды. Құрманғазы, Исатай, Қызылқоға, Махамбет аудандарында бір мезгілде 250 адамды қабылдайтын екі қабатты емхана ғимараттары бой көтерсе, Жылыой мен Махамбет аудандарында тиісінше 75 және 100 орындық өкпе аурулары диспансерлері пайдалануға берілді.
Аудандардағы емханалардың қаладағыдан еш кемдігі жоқ. Мәселен, Махамбет ауданында бір күнде ашылған қос нысан – емхана мен өкпе аурулары диспансеріндегі құрал-жабдықтар бүгінгі талапқа сай. Аудан әкімі Өмірзақ Зинуллиннің айтуынша, жаңа нысандарға табиғи газ, таза су желілері тартылып, ең озық жабдықтар алынған. Емханаға жұмысқа жаңадан қабылданған 10 дәрігерге баспана беріліпті. Енді 20-ға жуық медбике жұмысқа қабылданбақ. Ауданаралық өкпе аурулары диспансерінде сырқаттардың ем алуына барлық жағдай қарастырылған.
Айтқандай, Исатай ауданында 250 орындық емхана тұрғындарға медициналық қызмет көрсете бастаса, Жылыой ауданында 75 орынға есептелген өкпе аурулары диспансері пайдалануға берілді.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы.