16 Наурыз, 2016

Кемтар жандарға қолұшын беретін ел – бақытты ел

639 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
БЕРДАЛИЕВМүмкіндігі шектеулі азаматтарға көбірек көңіл бөлініп, қамқорлық көрсетілуге тиіс. Бұл – бәріміздің қоғам алдындағы парызымыз. Ұлы бабамыз әл-Фарабиден «Қай елді бақытты деп айтамыз?» деп сұрағанда «Қайыршысы жоқ, кемтар жандарға қолұшын беретін ел бақытты» деген екен. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында: «Мүмкіндігі шектеулі адамдар тұрмыстық қызмет көрсету, тағам өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында жұмыс істей алады. Мен барлық кәсіпкерлерге оларды жұмысқа орналастыруға көмектесіңіздер деп тағы да айтқым келеді», деген тапсырма берген болатын. Елбасының бес халықтық реформасының 84 қадамындағы «Әлеуметтік көмекті оның атаулы сипатын күшейте отырып оңтайландыру» деген жолдар бәрімізге үлкен міндет жүктейді. Президент тапсырмасына сәйкес елі­мізде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ауыз толтырып айтарлықтай қамқорлықтар жасалуда. Бұрын біздің облысымызда жүйке ауруларына шалдыққан азаматтар ескі ғимаратта, тар бөлмелерде сығылысып тұ­ратын. Мемлекет басшысының тапсырмасымен, Үкіметтің қолдауымен және облыс басшыларының белсенділігімен Таразда осыдан екі жыл бұрын жаңа жүйке аурулары интернат үйінің құрылысы қолға алынып, ол биыл жыл басында іске қосылды. Заманауи үлгідегі 300 тө­сектік ғимарат құрылысына 3 миллиард тең­ге жұмсалды. Кең де жарық ғимаратта ау­ру­­лардың қолайлы өмір сүріп, қалаған істерімен айналысуына барлық жағдай жасалған. Қызмет алушылардың жағдайын жақ­сартуға, оларды қоғамға тартуға, әлеуметтік салада психолог, әлеуметтік қызмет көр­сету мамандары, мұғалім-дефектолог, еңбек терапиясы нұсқау­шылары, дене­шы­нықтыру және музыка мұғалімдері, мәдени ұйымдастырушы мамандар аянбай еңбек етуде. Тараздағы №1 жүйке аурулар интернат үйінің ауласы гүлзармен көмкерілген. Осында қызмет ететін ақ желеңді абзал жандар науқастарға әрдайым жүрек жылуын сыйлайды. Интернатта тұратын азаматтарға әлеуметтік сала бойынша барлық жағдайлар жасалуда. Қызмет алушыларға, оларды пайдалы қоғамдық еңбекке тартуға психолог, әлеуметтік қыз­мет көрсету мамандары, мұғалім-дефек­толог, еңбек терапия нұсқаушылары, дене­шынықтыру және музыка мұғалімдері және мәдени ұйымдастырушы мамандар жоғары сапалы қызмет көрсетуге күш салуда. Бізде штаттық кесте бойынша 381 адам жұмыс істейді. Қызмет алушылардың саны 500-ден астам адамды құрайды. Мекемеде стан­дарт­тық 8 бағыт бойынша қызмет көрсетіледі. Интернат үйінің қызметкерлері осында тұратын науқастардың спортпен шұғылдануға деген құштарлығын оятып, мәдени-танымдық қажеттіліктері, қызығушылықтарын, сұрақтары мен қалауларын білдіруіне мүмкіндік жасап, алған білімдерін әлеуметтік маңызды мақсаттарға жұмсауға үйретіп келеді. Олардың қоршаған ортаны танып-білуге шығармашылық іс-әрекеттерге қатысуға, жаңа нәрсені білуге деген талпыныстарын қанағаттандыру үшін мекемеде стандартқа сай бірнеше үйірмелер жұмыс істейді. Олар – би, ән және музыкалық аспаптарда ойнау үйірмелері және мәнерлеп оқу тобы. Қызмет алушылар өнердегі жетіс­­тіктерін ұштау үшін облыс, қала көлеміндегі жарыстарға, фестивальдарға қатыстырылуда. Қыз­меткерлеріміздің ізденісі мен ұмтылыстары нәтижесіз емес. Бірқатар қызмет алушылар спорт жарыстарында ұдайы жүлде алып жүр. Өткен жылдың 21 шілде мен 3 тамыз аралығында АҚШ-тың Лос-Анжелес қаласында өткен арнайы олимпиада ойындарына ел құрамасы сапында қатысқан Тамара Васильева волейболдан жақсы ойын өрнегін көрсе­тіп, әлемдік додада жүлделі бесінші орыннан көрінді. Бұл – біздің ұжым үшін үлкен мақтаныш. Кіші футболдан жыл сайын республикалық интернатаралық жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрінудеміз. Жарыстың осы түрінен 2012 жылы – І, 2013 жылы – ІІ және 2014 жылы І орынға ие болдық. Хоккейден 2014 жылы Қарағанды қаласында өткен Ресей, Өзбекстан, АҚШ және Украина елдерінен келген командалар арасындағы жарыста жүлделі ІІ орынды жеңіп алдық. Мұндағы мүгедек жандар өнер және еңбек терапиясы іс-шараларында нұсқаушылардың көмегімен қолөнермен, гүл, тал, жеміс ағаштарын егіп, өсірумен шұғылданады. Қызмет алушы Айсұлу Ермекова мен Ирина Никитинаның бисер және моншақтан тоқылған сәндік бұйымдары талайлардың таңданысын тудырса, қылқалам иесі Талғат Шақабаевтың қиял-ғажайып өнердің түрлерінен хабар беретін алуан картиналары көздің жауын алады. Несіпкүл Махмутова, Гүлза Райымбекова және Ирина Бубненколардың тоқыма бұйым­дары да жоғары сұранысқа ие. Сон­дай-ақ, Александр Кононович пен Дамир Мұқашевтің ағаштан қашап жасаған және құрастырмалы жабдықтары талайларды тамсандыруда. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы болуы үшін біздегі барлық жатын бөлмелер талапқа сай жаб­дықталып, қоларба жүретін жерлерге пандустар стандартқа сай салынған. Бөлімше атауларын адамның көзіне жылы ұшырайтын «Мейірім, «Қарлығаш», «Үміт», «Шапағат», «Ізгілік», «Ақ ниет» және «Жаншуақ» деп атадық. Интернатқа жаңадан келген қызмет алушыларға стандарт талабына сәйкес 14 күндік бақылау жүргізіледі. Ал «Үміт» бөлімінде қоларбаға таңылған 18 қызмет алушыға жеке палаталар қарастырылған. Қызметкерлеріміздің өз міндеттеріне жоғары жауапкершілікпен қарауы және үздіксіз ізденістерінің арқасында бірқатар салаларда ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізудеміз. Облыстағы интернатаралық жарыстарда ұдайы жүлделі орындарды жеңіп алудамыз. 2013 жылы «Ең үздік медициналық-әлеуметтік мекеме», облыстық кәсіподақ ұйымының «Ең үздік мекеме» атақтарына ие болдық. Қызметкерлеріміз аптасына екі рет волейбол ойнайды. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арнап өткізген көрмеміз келушілерден жоғары баға алды. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мерекесіне орай қа­зақстандық Кеңес Одағы Батырлары­ның суреттерін ілдік. Басшыларымыз менің кеу­деме «Әлеуметтік сала қызметкерлерінің үздігі» төсбелгісін тақты. Бұл – ұжымға берілген баға деп есептеймін. Облыста жүйке ауруларына көрсетіліп жатқан жағдай, жүзеге асырылып жатқан игілікті істерді көргенде әл-Фараби бабамыздың жоғарыдағы сөзі тура біздің елге айтыл­ғандай болып тұрады.  Мұрат БЕРДАЛИЕВ, Тараздағы №1 жүйке аурулары интернат-үйінің директоры. Жамбыл облысы.