16 Наурыз, 2016

Асыл мұралар арқауы

521 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
ERA_0615Астанадағы айтулы ру­ханият орталықтарының біріне айналған Ұлттық ака­демиялық кітапхана табал­дыры­ғын әдемі әсермен атта­дық. Айналасында тұнып тұр­ған ілім-білім өрнегі еріксіз баурап әкете ме, кім білсін, осы шаңырақтың астында айтып жеткізе алмас бөлекше күй­ге бөленесің. Бұл, бәлкім, мұн­да көзі ашық, көкірегі ояу көшелі жандарды көбірек кез­дестіретіндігімізден болар. Әй­теуір, жан дүниеңді жайландырар жақсы бір аурасы бар бұл араның. Осынау мәдениет ордасының басшысы Үмітхан Мұңалбаеваның да кө­ңі­лі көтеріңкі екен. ERA_6989+– Ертең Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай «Кітап – дәуір айнасы» атты ашық есік күнін өткізбекпіз. Қазір соған қызу дайындық үстіндеміз, – деді ол жылы жымиып қо­йып. – Іргелі іс-шараның басты мақ­са­ты – еліміздің елеулі мәдени-руха­ни мұ­ра­ларын насихаттау, өзіміздің қоры­мыздағы өте сирек және құнды кітаптар мен қолжазбаларды көпшілікке көр­сету, сондай-ақ, еңселі елордамызды Еу­ра­зия ке­ңіс­т­ігіндегі оқырманы ең көп қала ре­­тін­де қалып­тас­тыруға қомақты үлес қосу. Басшының айтуына қарағанда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тіке­­лей қолдауымен ашылған ҚР Ұлт­тық академиялық кітапханасының қорында VI – XX ғасырлар аралығында жарық көрген 13 000 сирек кітаптар мен қол­жаз­балар жинақталыпты. Әлем­нің әр шалғайынан ұлықтауға лайық ұлты­мыздың тарихына қатысты әртүрлі жә­ді­гер­лер әлі де әкелініп жатқан көрінеді. – Мәселен, мен жақында ғана Ұлы­­­бри­таниядан олжалы оралдым, – деп әң­гімесін әрі жалғады Үміт­хан Дәуренбекқызы. – Тұманды Аль­бион­ның тұмарындай Лондонның кітап музейінде баяғыда Мысырды билеген Бейбарыс бабамыз ұстаған қасиетті «Құран» тұр! Бұл бір. Екіншіден, Англиядағы біздің елшілік Н.Филдингтің «Южнее к степям»: Путешествия Томаса и Лю­си Аткинсон в Восточный Казах­стан в 1847-1853 годы» дейтін кітабы­ның тұ­сауын кесіпті. Мынау – сол. Көріңіздер... Ағылшынша бір ауыз білмесек те алдымыздағы ата-бабаларымызға қа­тыс­ты кітапты ары-бері парақтап көр­дік. Сөзін түсінбесек те, фототілші Ерлан Омаров екеуміз халқымыздың ХІХ ға­сыр­дағы тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін көрі­ністерге толы көркем суреттерге көз суарып, көңіл тоғайттық. Аты-жөнін айтқанда бірден елең ете қалғандарыңызды ішім біліп отыр, қадірменді оқырман. Иә, бұл есімі елімізге мәлім, сол Аткинсон. Қазақ жеріне сапарлап үш мәрте келген ағылшын саяхатшысы. Алтай, Зай­сан, Алакөл, Ақсу, Текелі, Қора секіл­ді аяулы атамекеніміздің аса шұ­рай­лы пұшпақтарын аралап, шұқ­шия зерттеген. Әсіресе, Жоңғар Ала­тауы­ның жасыл жолдарын көбірек төңі­рек­теген. Бірақ Қытай жаққа асу туралы түп­кі ойын жүзеге асыра алмаған. Жи­һан­кез 1848 жылы Қапалда қыстап жат­қанында әйелі Люсиді толғақ қысып, ше­кесі торсықтай ұл туады. Оның атын Алатау Тамшыбұлақ қойғаны бәрі­мізге белгілі. Таяуда «Қазақстан» теле­арнасынан сол кісінің Лондонда тұратын ұрпақтары жайында журналист Гүлмира Дайрабаеваның хабарын тамашалағанымыз бар. Ерлі-зайыпты Аткинсондар Отан­дары­на оралған соң көрген-білгендерін тасқа басып, арттарында танымдық маңызы зор жазбалар («Шығыс және Батыс Сібір», «Жоғарғы және төменгі Амур аймағына саяхат», «Татар даласы туралы естеліктер») қалдырған. Бұлардың ішінде Ұлы Дала ұландарына байланысты талай қызықты деректер мен дәйектер, акварельмен салынған пейзаждар барлығы талассыз. «Кітапхана басшысының орынбасары Ғалия Бөкейқызы Исақанованың бастауымен «Кітап мұражайына» кір­генімізде қабырғалардағы шыны сөрелерде сірескен құнды жәдігерлерге құмарта қарадық. Қазақ жазуының қа­лыптасу кезеңдері бірінен кейін бірі көз алдыңызға келеді. «Күлтегін» жаз­балары, «Орхон ескерткіштерінің толық атласы», 1807 жылы шағатай тілінде Қазанда шыққан «Сейфілмәлік-Бәдіғұлжамал», Шоқан Уәлихановтың 1905 жылы Санкт-Петербургтегі И.Бо­ра­ганскийдің баспаханасынан жарық көрген «Сказание об Едиге и Тох­­тамыш» еңбегі, ағартушы Ыбы­рай Алтынсариннің, Ұлы Абайдың шы­ғар­малары, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының алғашқы нұсқасы, Алаш ардақ­тысы Ахмет Байтұрсыновтың 1926 жы­лы Қызыл­орда­да басылған «Әліп-биі» және басқа аса бағалы рухани жә­­ді­­герлерімізді осы арадан табуға болады. Атадан мирас асыл мұра­­­­лары­­­мыз­дың арналы бөлігі «Баба­лар сөзі» ай­дарымен жарияланған 100 том­­дық аясында ұсынылғаны қандай ғанибет. Кітапханадағы «Құнды тартулар залы» аты айтып тұрғандай ерек экс­­понаттарға толы екен. Аталмыш мекемедегі ақпараттық-мәдени бағ­дар­ламалар секторының жетекшісі Батырхан Жұмабаевтың көмегімен саф алтынға бергісіз сом құндылықтардың кейбірімен танысып көрдік. – Міне, мынау ең көне экспонатымыз – «Қытай әскери қолбасшыларының соғыс жүргізу тактикасы» дейтін бамбук кітап. VI ғасырдың туындысы. ...Бәкең­нің бұл анықтамасынан кейін таңдай қағып, бас шайқамай көріңіз. 799 жылдан бастап жазылған «Құран» тәпсірлері 338 беттен тұрады. Тіпті, керемет!!! ERA_7112+ ERA_7137+Мына қызықты қараңыз! Біз қолымызда әлемде жалғыз данасы қалған кітапты ұстап отырмыз. Қоңыр түсті былғарымен тысталған қомақты кітаптың аты – «Лейтенант Томас Эрл Старфордтың өмірбаяны». Авторы – ағылшын заңгері, тарихшы, саясаткер Джон Рушворт. Әу баста бұл кітаптың 10 данасы ғана болыпты. Тап қазір іздесеңіз, емге таппайсыз. Солай! Кезекті таңданыстан кейін есімізді енді жия бергенімізде Бәкең тағы бір шетін сырдың шетін қылтитты. – Бұл – төрткүл дүниенің үш-ақ жерінде сақталған шығарма. Бірі – Луврда, екіншісі – жеке қолда, үшіншісі – бізде! – Мұның не қасиеті бар? – Айтайын. Алғашқы экземпляры Француз королі Людовиг XV-шіге табыс етілген. Француз этнографтарының Оңтүстік-Шығыс Азиядағы саяхаттарына байланысты жазбалары Ле Дюк салған суреттермен безендірілген. Шетінен шедевр! – Тағы қандай таңғажайып тарту­ларыңызды көрсетпексіз? – Ой, ондай жәдігерлеріміз жетерлік. – Мәселен... – Кеңінен толғауға уақыт кем. Ер­тең­гі көрмеге әзірленуіміз керек. Кел­тесінен қайыруға келмейді. Біраз «құпиямызды» біліп алдыңыздар. Дегенмен, тоқсан ауыз сөзімізді түйіндесек, мұнда өзіңіз байқаған боларсыз, аса сирек кітаптар мен қол­жаз­­балар топтастырылған. Тым аз ти­ражбен шыққан, тіпті, асыл тастар­­мен апталған, басқа да өзіндік ерекше­ліктерге толы кітаптарымыз өте көп. Төрімізге қойылған «Құран Кәрім­дер» жиынтығы өз алдына бір төбе. – Ал, енді осыншама орасан зор байлықты қолға қайтіп түсіргенсіздер? – Елі үшін ештеңені аямайтын, алайда, аты-жөндерін айтқызып мақтануды қаламайтын атымтай жомарт азаматтар баршылық қой бақытымызға қарай. Солардың сыйы ғой бәрі. Ұлттық кітапхананың ғылыми хатшысы Әлия Қожабекова сирек қорлар бө­лімі­нің жұмысы жөнінде әңгімелеп берді. Мұнда 13 мыңға жуық кітаптар мен қолжазбалар бар көрінеді. Арабша, латынша, орысша, сондай-ақ, төте жазумен басылған дүниелер баршылық екеніне көзіміз жетті. 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген Ах­мет Байтұрсыновтың «Қырық мыса­лы­ның» сыртын аялай сипадық. Қаттырақ ұстасаң қағазы үгіліп кететіндей. Классик жазушымыз Мұхтар Әуезов­­тің айшықты қолтаңбасына сүйсіне қарадық. «Абай» романы­ның алғашқы бетіне латын қаріп­тері­мен «Әдебиет досы Жолдас Мұхамед­жанов­қа» деп бас­тап әдемі тілектерін жазыпты. Шетелдегі қазақ диаспорасының белді өкілі, халықаралық Алаш сыйлы­ғының лауреаты Хасен Оралтайдың мол мұрағатын кезінде академик Рым­ғали Нұрғали әкеліп тапсырыпты. Аумалы-төкпелі замандарда арғы бет асқан қандастарымыздың өткен-кет­кен өмірін білгісі келгендердің осыларды оқып, тың деректер табуына мүмкіндіктері мол. Сондай-ақ, бірқатар бағалы энцик­лопедиялар, сөздіктер, анықтамалықтар да жетіп артылады. Айта кетерлік бір жайт, қордағы кейбір кітаптардың авторлары, қашан және қайда шыққаны анықталмаған. Оның бәрі білікті ғалымдардың зерт­теуін қажет етеді. ...Біз жоғарыда сөз қылған көненің көзіндей құндылықтардың біразы бүгін көрмеге қойылып, көпшілік назарына ұсынылып отыр. Ендеше, не тұрыс, келіңіздер, көріңіздер... Талғат БАТЫРХАН, «Егемен Қазақстан». АСТАНА. Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.