Руханият • 23 Қазан, 2024

«Алпамыс батыр» жыры үш тілде жарық көрді

192 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жақында «Түркі халықтарының рухани мұрасы әлемдік өркениет аясында: «Алпамыс батыр» жыры»  халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы өтіп, ғалымдар қаһармандық эпосты ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасы репрезентативті тізіміне енгізу мәселесін талқылады. Осы мақсатта қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрген «Алпамыс батыр» басылымы таныстырылды.

«Алпамыс батыр» жыры үш тілде жарық көрді

Алқалы жиын ЮНЕСКО, ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Халықаралық Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры, Бейзаттық мәдени мұра жөніндегі ұлттық комитетінің ұйымдастыруымен өтті.

Конференцияда Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова жауһар жәдігерлерді зерттеу мен насихаттау ісіндегі ортақ құндылықтар, мәдени, рухани байланыстардың маңызына тоқталды.

М.Әуезов атындағы Өнер институтының қолжазбалар қорында және Орталық ғылыми кітапханада «Алпамыс батыр» жырының 15 жазбасы сақталған. Бүгінде институт мамандары өңдеп, бір ізге түсіріп, ғылыми айналымға енгізген эпостық жырлардың цифрлы форматтағы нұсқалары қолжетімді.  Мамандар дерегіне сүйенсек, «Алпамыс» жыр-дастанының негізгі желісі мен арқауы бір болғанымен, ішінара өзгешеліктері мен иірімдері кездеседі. Сондықтан оны жіті қарап, салыстырып, ғылыми баға беру ісі жалғаса бермек.  

1

Конференцияда «Алпамыс» – әлемдік эпос қазынасының жауһар жәдігері» тақырыбында баяндама жасаған М.Әуезов атындағы Өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Кенжехан Матыжанов түркі халықтарының арасына өте кең тараған тарихы терең, құрылымы аса күрделі батырлық эпостың бірегейі «Алпамыс батыр» жырының алтайлықтардан бастап, қазақ, әзербайжан, татар, башқұрт, өзбек, қарақалпақ, түрік, тіпті, тәжіктер арасынан жазылып алынған жүздеген версиялары мен нұсқалары бар екенін айтады. Оларда жырға арқау болған негізгі сюжеттік желі, қаһармандардың аты-жөні (Алпамыс, Байбөрі, Байсары, Аналық, Гүлбаршын, Ұлтан т.б.) көп өзгермеген. Эпостың қазақ және өзбек, қарақалпақ нұсқалары ғылымда «қоңырат» версиясы деп аталса, алтай халықтарында «Алып Манаш» көне батырлық ертегінің негізінде жеткен «алтай» версиясы сақталған. Башқұртта – «Алпамыша», татарда –  «Алпамша», ноғайда «Алып-Мамшян» деген аттармен сақталған «қыпшақ» версиясы жеткен. ХV-ХVІ ғасырларда әзірбайжандар мен Анадолы түріктерінен «Байбөрі, оның ұлы Бәмсі-Байрақ туралы жыр» деген атпен жазып алынып, «Қорқыт ата кітабына» енген «оғыз» версиясы бар. Осының барлығы алтайлықтардың «Алып Манашынан» тамыр тартып, «алып батыр» деген мифтік, эпостық қаһарман мағынасын береді. Бұл сөздің (Алып, Алпамыс, алпамса)  осы мағынасы Махмұт Қашқари сөздігінде де, Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінде де кездеседі. Қазіргі түркі тілдерінің көпшілігінде сол мағынасын сақтаған.

«Алтын Орда дәуірінде (шамамен ХІІІ – ХV ғғ) қаһармандық жырлар тарихи классикалық эпос дәрежесіне көтерілді.  «Алпамыс» – түркі тектес халықтарының фольклорында соңғы бес ғасыр бойына халықты ерлік пен батырлыққа, адамгершілік асыл қасиеттерге баулитын теңдессіз туындылардың алдыңғы легінде тұр. Қазақ халқы да «Алпамыстың» мәртебелі мұрагері ретінде жырды ертеден зерттеп келеді. Қазіргі күнде институттың қолжазбалар қорында жырдың оннан астам жазба нұсқалары сақталған. Бұл жазбаларды салыстырып, ортақ нұсқасын анықтап, оларды басқа түркі халықтарының версияларымен типологиялық байланыста тарата зерттеу – бүгінгі фольклортану ғылымының елеулі міндеттерінің бірі», дейді профессор.

Эпостық жырды қазақ, қарақалпақ нұсқалары негізінде қарастырған Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Абат Пангереев жырдың соңғы жарық көрген, текстологиялық өңдеуден өткен С.Аққожаев нұсқасында Жиделі топонимінің 4, Байсын топонимінің 16 рет кездесетінін, ал Жиделі – Байсын деп қосарлана аталуы 8 мәрте қайталанатынын айтады. Бұл топонимдер эпикалық кеңістіктің көркем бейнесін берумен қатар батырдың жауға аттаныс сапарының бағытын, жырда суреттелетін оқиғаларының өрбуін, бір-біріне жалғастығын көрсетуімен ерекшеленеді. Осы орайда ғалым «Алпамыс батыр» жырының көнелігі баспадан басылып шыққаны (Қазан баспасы, 1899 жыл), 125 жыл толғаны емес, фольклор дәстүрі бойынша ауыздан-ауызға тарап, түркі халықтарына ортақ эпикалық мұра болып сақталғандығында дейді. Ал жырдың оғыз, қыпшақ, қоңырат версияларының бар екендігін басқа зерттеушілер қуаттап, көземелді дәлелдер келтірген.

Алқалы жиында Түркі әлемі зерттеулері институты Эге университетінің профессоры Екижи Метин, Әзірбайжан ҰҒА Фольклор институтының профессоры Рзаев Сәйфаддин Гюлверди оглу,  Қ.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, Тынысбек Қоңыратбай, Өзбекстан Тіл, әдебиет және өнер институтының профессоры Шомирза Турдимов, Өзбекстан Мәдени зерттеулер мен материалдық емес мұра жөніндегі ғылыми-зерттеу институты ЮНЕСКО бөлімінің меңгерушісі Абдуллаев Шухратулла,  Қырғыз Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік тіл мен тіл саясаты ұлттық комиссиясы төрағасының орынбасары, профессор Жылдыз Орозобекова, Ш. Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институты Қолжазба қорының меңгерушісі Асель Исаева, Моңғолияның ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясы Материалдық емес мәдени мұра саясатын жүзеге асыру жөніндегі үйлестіруші маманы Цолмон Цэрэндорж және басқа да ғалымдар қатысып, баяндама жасады.

М.Әуезов атындағы Өнер институты мәліметіне сүйенсек, «Алпамыс батыр» жыры бінеше рет көп таралыммен жарыққа шығып, «Бабалар сөзі» қазақ фольклорының жүз томдығы, «Дала фольклорының антологиясы» он томдығы, Т. Тоғжановтың «Алпамыс батыр. Музыкалық эпос» еңбектерінде көрініс тапқан. Ал эпосты мақамымен жатқа айту өнері Қаратау, Жетісу, Сырдария, Маңғыстау, Сарыарқадағы жыршылық мектептерінде кең таралғанын алға тартып, жетісулық Ахан Әбдуәлі, Ерболат Шәлдибеков, Шаттық Уатхан, Бекарыс Қоштаевтар, сырдариялық Бидас Рүстембеков, Берік Саймағамбетов, Демеу Жолымбетов, қаратаулық Ербол Қалмырзаев, маңқыстаулық Амандық Көмеков, сарыарқалық Қазыбек Әдікеев, бесқалалық Аманқос Садықов «Алпамыс батыр» жырын жырлаушылар қатарында тұр.

Түркі тектес халықтарда батырлықты дәріптейтін жауһар жәдігерлер жан-жақты зерттеуде алдағы уақытта да бірлескен жобалар іске аса беретін болады. Ал халықтар мұрасын өскелең ұрпаққа насихаттау ісінде атқарылатын ілкімді шаралардың көп болғаны керек.

 

АЛМАТЫ