Тәуелсіздігімізді алып, еңсемізді тіктегелі де ширек ғасырға таяп қалды. Осы уақыт ішінде кең-байтақ жері, берекелі елі бар Отанымызды төрткіл дүние түгел таныды десек, артық айтқандық емес. Тағылымды істерімізді де көріп-біліп отыр. Әсіресе, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың кемел саясатына орай, білім мен ғылым саласындағы жүргізіліп жатқан реформалар аз емес. Оның жетістігі де, кей тұстарда жетілдіре түсетін тұстары да баршылық. Мұның бәрі өркениет көшінде өзге жұрттармен тең дәрежеде болуға бағытталған іс екені белгілі.
Мемлекет дамуындағы Президенттің Бес институттық реформасының, соның аясында жүзеге асырылуға тиіс «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының жөн-жосығы бөлек. Онда әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу бағытындағы барлық іс-шаралар толық көрсетілген. Мәселен, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 76, 77, 78, 79-қадамдарында білім беру, оқу жүйесінде, әсіресе, ЖОО-ларда ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңмен көшу нақтыланғаны белгілі. Соның бір дәйегі, таяуда Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Қазір осы бағдарламаны орындаудың әрбір қадамы ойластырылуда. Оған қатысты алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар халық алдында әлі ресми түрде жарияланған жоқ.
Дегенмен, маған осы бағдарламаның міндет-мақсаттарының кейбір тұстары жайлы сұрақтар көптеп түсіп жатыр. Соның көпшілігі қазақ тілі, оның келешегіне қатысты ой-байламдар еді. Бұған берер жауабымды қысқаша айтсам, бағдарламада қазақ тілінің қолданыс аясын шектеуге, немесе кейбір азаматтар айтып жүргендей, оның қолдану аясын тарылту туралы қандай да бір мақсат атымен жоқ. Мен іс басына қазақ тілі – бабалар тілінің, өзімнің ана тілімнің беделін түсіріп, жұмыс тілінен шеттетейін деген оймен келгенмін жоқ.
Аталған бағдарламаның негізгі мақсаты – Президент ұсынған «Мәңгілік Ел» идеясын орындауға бастайтын, оған негіз қалайтын платформа жасау. Өйткені, «Мәңгілік Ел» білімі заман талабына сай, әлемдегі ғылым мен техниканың, жалпы әлем өркениетінің жаңалығын еркін біліп, еркін игере, қолдана алатын Қазақстанның мәңгілік қоғамын құруға арналған. Сонымен қатар, қоғамда сапалы білім алудың мүмкіндігі баршаға бірдей болуы көрсетілген. Ал қазір біздегі білім жүйесінде мұндай тепе-теңдік жоқ.
Қазіргі таңда еліміздегі мектептер үш типке бөлінген. Оқыту тілдері: қазақша, орысша, ағылшынша.
Қазақ мектептерінде оқыған жастардың әрі қарай сапалы білім алуының шектеулі екенін көріп отырмыз. Мысалы, біздің ең жоғары ағылшын тілінде дәріс беретін Назарбаев Университет, ҚМЭБИ, ҚБТУ, IT университеттеріне ауыл жастарының түсуіне біраз қиыншылықтардың бар екенін өзім көріп, куә болдым. Бұл – бір.
Екіншіден, бізде орыс тілінде оқытатын мектептер де бар. Оларда да көптеген қазақтың ұл-қыздары оқиды. Шынын айтсақ, солардың көбі, тіптен қазақ балаларының өзі он бір жыл мектеп қабырғасында жүріп, қазақ тілін дұрыс білмей, дұрыс түсінбей өмірге қадам басады. Біздегі білім беру жүйесінде тепе-теңдік жоқ деген байламды – алда осындай себептерге қатысты айтуға тура келді. Бұдан шығатын қорытынды, жастардың бәрі бір деңгейде сапалы білім алу ісіне толық жағдай жасалмаған деуге келетін секілді. Біздің мақсатымыз – осындай қайшылықтарды жойып, жас ұрпаққа, әсіресе, ауыл балаларына бәріне бірдей сапалы, заман талабына сай білім беру, білікке баулу.
Дәлірек айтсақ, болашақта үш тілде сапалы дәріс беретін бір типті білім беру жүйесін құру. Осы үш тілде де әр бала еркін сөйлеп, бір-бірін түсіне білуі тиіс және де әлем елдеріндегі озық білімді меңгере білуі қажет. Бұл бір жылдың шаруасы емес. Бірақ, жаһандану дәуірінде уақыттан ұтылмау үшін қазір оны бел шешіп бастау керек.
Биылғы жылы осы реформалардың алғашқы қадамы жасалуда деуге болады. Осыған байланысты ең бірінші айтарым, әзірше жалпы қазақ тілінің орта мектептегі оқу бағдарламасы бұрынғы қалпында пәндік сабақты жалғастыра береді. Сонымен қатар, орыс тілінде оқытатын мектептерде қазақ тілінің сағаттарын көбейтіп, оның сапасын арттыру басты назарда ұсталады.
Жаратылыстану (химия, физика, биология, информатика) пәндерін үш тілде, оның ішінде қазақ тілінде де жаңа әдістемемен оқыту көзделіп отыр. Сондықтан осы жылдан бастап 73 мың мектеп мұғалімі жаңа әдістемеге сай, арнайы дайындықтан өтетінін еске сала кетейін.
Осы мақсатта және әлемдегі озық тәжірибені кеңінен қолдану үшін биыл 2,5 мың мектепті кең жолақты интернет желісіне қосамыз. Аталған іс-шаралар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бекіткен бағдарламада нақты көрсетілген және оған тиісті қаржы да қарастырылған. Сонымен бірге, 73 мың мектеп мұғаліміне жаңа әдістемені үйрететін 80 маман Назарбаев зияткерлік мектептерінде сақадай сай дайын отыр.
2017 жылдан бастап тағы 2,5 мың мектеп кең жолақты интернет желісіне қосылады. Осының нәтижесінде Қазақстанда ақпараттық технологиялар мен жаңа әдістемелер арқылы жұмыс істейтін білім беру жүйесі қалыптасады. Яғни, интернет желісі барлық мектептерге сапалы білімді әкелуге мүмкіндік туғызады. Осыдан кейін ғана кейбір жаратылыстану пәндерін тек ағылшын тілінде оқыту басталады. Шамамен ол 2018 жылы жүзеге асады деп отырмыз. Мұндай жүйелі істер өз шешімін тауып, оқушылар әзір болғаннан кейін ҰБТ-ға ағылшын тілі сұрақтарын қоса бастаймыз.
Осының бәрі не үшін қажет деген сұрақ туындауы мүмкін. Әлемдегі ғылым жаңалықтарын қазақ тіліне аудару керек дейді кейбір ағайындар. Бірден айтайын мұны мен де қолдаймын. Дұрыс-ақ болар еді. Бірақ әлемде біздің жастарға керек, күніне мыңдап емес миллиондап шығып жатқан ғылым мен өмір жаңалығын дер кезінде қазақ тіліне аудару тіпті мүмкін емес. Оған қаражат та, басқа мүмкіндіктер де жоқ. Оның қиындығын біз ғана емес, өркениетті ел делінетін француздар да түсініп отыр. Бұрын француз мектептерінде ағылшын тілі оқытылмайтын еді. Қазір оны оқыту заң түрінде барлық француз мектептеріне енгізілді. Бізге де тиімді жол осы деп есептейміз. Қазақ жастарына, әсіресе, ауыл балаларына өз ана тілімен қатар, ағылшын тілін үйретсек, сонда ғана олар өздеріне қажетті білімді әлем кеңістігінен дер кезінде және еркін таба алады. Оларға ең тиімді жоғары оқу орындарында, заманға сай білім алуына жол ашылады.
Ал қазақ тілі туралы айтар болсақ, бізде ана тілімізді жан-жақты, жедел, тиімді үйрететін әдістеме қазірше кемшін. Кейбір бағдарларда жоқ десе де болады. Өзге елдерде (мысалы, ағылшындарда, финдерде) өз халқының тілін басқа ұлттарға 4-6 ай ішінде үйрететін тиімді әдістемелер бар. Осындай төрт құбыласы түгел әдістемелердің жоқтығынан біздер мектепте қазақ тілін айлап, жылдап оқытсақ та тиісті нәтиже шығара алмай келеміз. Ол туралы жоғарыда айттым. Он бір жыл оқып мемлекеттік тілді меңгермеу бізді ойландыруы тиіс деп санаймын.
Сондықтан қазақ тілін жедел меңгерудің әдістемесін жасауымыз керек. Осы мақсатқа ғылымды дамыту бағдарламасының маңызды бөлімі ретінде тиісті қаржы бөлу көзделіп отыр. Бұл – өте көкейкесті мәселе. Ол мектептерде қазақ тілін оқытудың маңызын тек оған бөлінген сағаттармен ғана өлшеп қоймады, берілетін білімнің сапасы, нәтижесі арқылы бағалауға жол ашады. Сондықтан қазақ тілі пәнінің тәжірибелі ұстаздарын шетелдерге жіберіп, ондағы тілді үйретудің тиімді әдістемелерімен танысып, жақсы көрсеткіштерін өзімізге әкеліп, баянды ету жағы да көзделуде. Осындай нақты қадамдардың арқасында тек қазақтарға ғана емес, еліміздегі басқа ұлт өкілдеріне де қазақ тілін жан-жақты жетілдірілген әдістеме арқылы оқыту жүйесі ұсынылады.
Тағы бір үлкен мәселе, бір замандарда әлем халқы шамамен 10 мыңнан аса тілде сөйлесе, бүгінде әлем бойынша 6,5 мың тілде ғана сөйлейді. Үлкен халықтардың емес, саны аз немесе орташа жұрттардың тілі біртіндеп қолданыстан шығып жатыр. Ал «Мәңгілік Ел» болуды мұрат еткен біз өз тілімізді қалай сақтай аламыз, оның жолдары қандай, басқа мемлекеттерде осы тұрғыдан озық үлгі бар ма? Осындай сұрақтарға ғылыми негізде алынған жауаптарды немесе зерттеулерді көре алмай отырмыз. Сондықтан, қазақ тілінің жанашыр ғалымдарынан арнайы топ құрып, қаражат бөліп, осы ғылыми ізденістерді жүзеге асыру көзделуде. Басты ниет – ұлт тілін ұрпаққа білдіруде дамыған елдердің үлгісін пайдалана отырып, өрістету. Әрине, ізденіссіз көшіре салу ойда жоқ. Зерттеп, зердеден өткізіп барып мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру. «Мәңгілік Елдің» мәңгі тіліне айналдыру.
Жалпы жұртқа, оқырмандарға айтайын дегенім осы еді. Алдағы уақытта министрліктің әрбір қадамы халыққа жария етіліп отырады. Елдік істі ілгерілету барысындағы барлық жұмыс береке-бірлік орныққан жұртта ғана атқарылатыны мәлім. Біз қозғап отырған ойдың негізгі желісі осыған табан тірейді.
Ерлан САҒАДИЕВ,
Білім және ғылым министрі.