16 Наурыз, 2016

Белсенділік көрсетуге шақырды

258 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауларының науқаны мәреге жақындап келеді. Облыстағы барлық 818 сайлау учаскесінде тынымсыз жұмыстар жалғасып жатыр. Оларға сайлаушылар жиі келіп, сайлау науқанына, дауыс беруге қатысты түрлі сұрақтарына жауап алады. Қазір учаскелердің барлығы да сайлауды өткізуге дайын. Дегенмен, сайлау күні жақындаған сайын облыстық сайлау комис­сиясы дауыс беру ережесін сайлау­шы­лар­дың назарына бір пысықтап алуды жөн көріпті. Осыған орай олар бұқаралық ақпа­рат құралдары өкілдерін шақырып, сай­лау күні дауыс беру ережесі туралы айтып берді. – Қазақта «тойдың болғанынан боладысы қызық» деген сөз бар. Саяси науқан кезінде сайлау учаскелерінде белсенді, қызу жұмыстар жүргізілді. Бұл науқанда сайлаушылар өзінің қалаулы депутаттарын таңдап алады, сондықтан бұл сайлау еліміздегі демократияның қадамына да сын әрі үлес болары белгілі. Ол үшін барынша әділеттілік сақталуы тиіс. Сайлаушыларға аз ғана күн қалды, дауыс беру ережесін тағы да сайлаушылардың есіне салып қойғанды жөн көреміз, – деді журналистермен кездесуінде облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Қайырхан Жұмабаев. – Сайлаудың әділ өтуі заң арқылы бекітілген ереженің сақталуына тікелей байланысты. Әділеттілік салтанат құруы үшін ұсақ-түйек болмауы тиіс, – деген облыстық сайлау комиссиясының хатшысы Александр Малашко облыстық сайлау комиссиясының мүшелері сайлау күні дауыс беруге келе алмайтын жағдайда өз сайлау учаскесіне алдын ала келіп, шығару куәлігін алуға арыз беруі керектігіне ерекше тоқталды. Мұндай куәлік 19 наурыз күні кешкі 18.00 сағатқа дейін ғана беріледі екен. Ол куәлікпен сайлау­шы тек саяси партиялар үшін ғана дауыс беруге құқылы көрінеді. Ал сай­лаушылардың денсаулығына, отбасында науқас адамды күтуіне, алыс аудандар­дан, сайлау учаскесі құрылмаған шалғай ауылдардан өзінің сайлау учаскесіне же­те алмайтындай жағдайларда олар үшін тұрған жерінде дауыс беру ұйымдастырылатыны да атап айтылды. Ондай арыз дауыс беретін күні күндізгі 12.00-ге дейін қабылданады. Сайлау комис­сиясының мүшелері сайлаушыларды дауыс беруде белсенділік көрсетуге шақырды. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.